Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сенгім келмейді": Блогер Біржан Әшімнің әкесі дүниеден озды

Біржан және Сапарғали Әшім
Фото: Instagram.com/sapargali_mukashevich_

Танымал блогер Біржан Әшімнің әкесі, музыкант Сапарғали Әшім дүниеден өтті. Қаралы хабарды блогердің жары Диана Әлиева әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Диана Әлиева Instagram парақшасында марқұм атасымен бірге түскен отбасылық суреттерін жариялап, жүрек тебірентерлік жазба қалдырды.

“Сапарғали атамыз енді арамызда жоқ... Жанымызға қатты батты. Жүрегім қарс айырылды. Қалай ғана бұлай болды? Сенгім келмейді, сенгім келмейді. Өмірінің соңғы күндерінде де әзілдеп жүрді. Қашанда көңілді, өмірге құштар жан еді. Жатқан жеріңіз жайлы болсын, ардақты атамыз”, – деп жазды ол.

Блогердің жары Сапарғали Әшімнің қандай адам болғанын да еске алды.

Оның айтуынша, марқұм айналасына сыйлы, әрдайым жақындарына қамқор болып жүрген.

“Аташым ең жақсы адам еді. Адал, абыройлы жан болды. Бәрі оны жақсы көріп, құрметтейтін. Қашанда менің жағымда болып, өзгелердің жаман сөзінен қорғады. Қолдау көрсетіп, туған қызындай қабылдады. Қайда барарымды білмей отырмын, Құдайым-ай… – деп қайғырды Диана.

Диана Әлиеваның жазбасы
Фото: Instagram.com/ave.di

Айта кетейік, осыдан бір апта бұрын Сапарғали Әшім ауруханада жатқанын әлеуметтік желіде хабарлаған. Ол сол кезде де әдеттегі әзілінен жаңылмай, жұбайымен түскен суретіне қалжың аралас жазба қалдырған.

“Телефондағы суреттерді қарап отырып, бір нәрсені кездейсоқ байқадым. Ауруханада жатқан мен болғандықтан, жүзімнен тән азабы мен жан күйзелісі байқалып тұр. Ал әйелімнің көңіл күйін түсіну тіпті мүмкін емес”, – деп әзілдеген еді ол.

Сапарғали Әшім кім?

Айта кетейік, Сапарғали Әшім – өмірін музыка мен мәдениет саласына арнаған композитор, педагог. Құрманғазы атындағы консерваторияны тәмамдаған ол Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі болған. Бірқатар музыкалық туынды жазып, Целиноград облыстық филармониясында өнер көрсеткен. Сондай-ақ Қаражал қаласындағы Мәдениет сарайын басқарып, Наурыз мерекесінің қайта жаңғыруына үлес қосқан.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 09 Қараша, 2026 15:27