Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өте кедейміз деп ойладым": Біржан Әшім ата-анасына деген реніші жайлы

Танымал видеоблогер Біржан Әшім балалық шағы, ата-анасына деген реніші және алғашқы табысы жайлы айтты. Ол Тимур Балымбетовтың "Ашығын айтқанда" бағдарламасына сұхбат берді. 

Біржан қарапайым отбасыдан шыққанын ашып айтты. Блогердің әкесі де, анасы да мұғалім. Бала кезінде Біржан әке-шешесіне талай ренжігенін еске алды. 

"Бір кездері біз өте кедейміз деп ойлайтын едім. Бірақ ол кезде барлығының солай өмір сүргенін кейін түсіндім. 

Ата-анам – мұғалімдер. Екеуі де жұмыс істеді, табыс тапты. Бірақ кейбір ерекшеленіп жүретін адамдарға қарағанда аздау болатын. Уақыт өте келе біз сияқты адамдардың әлдеқайда көп екенін түсіндім. 
Бала кезімде ата-анама деген реніш болды. Неге бізде Sony PlayStation жоқ деп ренжитінмін. Ал бірақ ол көбінде болмапты. Мен бай адамдарға қараппын. Әке-шешем әлі күнге дейін ұстаздық етеді", – дейді Біржан Әшім.



Блогер бір кездері балық өндірісімен айналысатын компанияда жұмыс істеген. Алғашқы табысы 100-200 мың теңге аралығында болған. Уақыт өте келе 500 мыңға өсті дейді өзі. Ал блогер болғаннан кейін, едәуір артқан.

"Алайда мұндай табыс, көпшілік ойлағандай, бір күнде келе салған жоқ. Мен бұған 5 жыл уақытымды арнадым", – дейді өзі.

"Мен үнемі үлкен бір дүниеге ақша жинап жүремін. Алдымен ата-анама үй салып бердім, кейін өзім үйлендім. Қазір өз пәтерім. Сондықтан әлі күнге дейін көлігім жоқ. Шынында, оқырмандарым үнемі сұрайды. 
Блогер болсаң, ақша көп, неге әлі күнге көлігі жоқ деп ойлайды. Шындығында, қаласам, ертең-ақ аламын. Бірақ маған таксимен жүрген ыңғайлы", – деген Біржан балалы болғаннан кейін рөлге отыруы мүмкін екенін айтты. 

Назгүл Әбушәріпқызы
Бейсенбі, 23 Қыркүйек, 2021 15:40