Мейрамбек Беспаевтың 50 жас тойында домбырасы 15 миллион теңгеге сатылды: Аспап Заттыбек Көпбосынұлына бұйырды
Белгілі әнші Мейрамбек Бесбаев 50 жас мерейтойын өнердегі әріптестері мен жақындарының ортасында дүркіретіп атап өтті. Тойға қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары жиналып, ән мен жырдан шашу шашты. Ал кеш барысында ұйымдастырылған бәссаудада әншінің домбырасы 15 миллион теңгеге сатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
7 қарашада өткен мерейтойға отандық шоу-бизнестің белгілі өкілдері қатысты. Олардың арасында Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина, Тоқтар Серіков, Нұрлан Абдуллин, Марат Омар, Гүлзира Айдарбекова және “АБК” тобының мүшелері болды.
Тойда өнер жұлдыздары кезек-кезек сахнаға шығып, мерейтой иесіне ән арнады. Көпшілікке әзілдерімен танылған Нұржан Төлендиев те бұл жолы әншілік қырынан көрініп, қонақтардың көңілін көтерді.
Қайрат Нұртастың ата-анасы Нұртас Айдарбеков пен Гүлзира Айдарбекова да ән шырқап, Мейрамбек Беспаевқа ақ тілектерін жеткізді. Гүлзира Айдарбекова тойдан түсірілген бейнежазбаны әлеуметтік желідегі парақшасына жариялап, әншіні мерейтойымен құттықтады.
Кеш барысында Мейрамбек Беспаев кенже қызын да көпшілікке көрсетті. Мерейтойдан тараған бейнежазбалар әлеуметтік желіде кеңінен таралып, оқырмандар өнер иесіне жылы лебіздерін білдірді.
Домбырасы 15 миллион теңгеге сатылды
Дегенмен тойдың ең көп талқыланған сәті Мейрамбек Беспаевтың домбырасын бәссаудаға шығаруы болды.
Әнші кезінде белгілі өнер адамдары мен танымал тұлғалардың қолтаңбасын жинаған домбырасын саудаға қойған. Аспапты сатып алуға бірнеше қонақ ниет білдірді.
Алдымен ақын Ақберен Елгезек 4 миллион 400 мың теңге ұсынған. Кейін баға біртіндеп өсе түсті. Әнші Тоқтар Серіков домбыраға 10 миллион теңге беруге дайын екенін айтты.
Алайда бәссауда мұнымен аяқталған жоқ. Заттыбек Көпбосынұлы 15 миллион теңге ұсынып, домбыраны сатып алды.
Кейін әнші қымбатқа алған аспабын ұлы Биханға сыйлағаны белгілі болды. Заттыбек Көпбосынұлы мұндай шешімге ырымдап барғанын жеткізді.
“Ырым деген бар. Қазақтың ұлыларының ізін жалғасын деген ниетте осы домбыраны алдым”, – деді ол.
Домбыраның бәссаудаға шығарылуы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Кейбір қолданушылар танымал тұлғалардың қолтаңбасы қойылған аспапты сатпай, мұражайға тапсыру керек еді деген пікір білдірді.
“Мейрамбек кезінде белгілі адамдардың қолтаңбасын жинаған екен. Неге осы домбыраны мұражайға тапсырмайды? Кейінгі ұрпақ та көріп, тарихын білер еді”, – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Тағы бір оқырман домбыраны Ұлттық музейге өткізіп, түскен қаражатты баспанаға мұқтаж отбасына жұмсауды ұсынды. Ал кейбірі аспаптың бағасын тым жоғары деп есептеген.
Айта кетейік, Мейрамбек Беспаев 50 жасқа толуына орай бұған дейін еліміздің бірнеше қаласында жеке концерттерін өткізген еді.
Алматылықтар ONAY QR кодының істен шыққанына жаппай шағымданды: Метрополитен себебін түсіндірді
