Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда кедейлік көрсеткіші 20 жылдағы ең төмен деңгейге түсті

кедейлік
Фото: Pexels

Қазақстанда кедейлік деңгейі соңғы 20 жылда төрт есеге жуық азайған. 2006 жылы халықтың 18,2 пайызы ұлттық кедейлік шегінен төмен өмір сүрсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 4,9 пайызға түскен. Дүниежүзілік банк мұны негізінен еңбек табысының өсуімен байланыстырады. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Ұйымның қазан айындағы Poverty & Equity Brief есебінде келтірілген мәліметке сәйкес, осы кезеңде табысы ұлттық кедейлік шегінен жоғары азаматтардың үлесі 81,8 пайыздан 95,1 пайызға дейін өскен. Кедейлікті халықаралық өлшеммен есептегенде де төмендеу байқалады. Күніне 8,30 доллардан аз табыс табатын адамдардың үлесі 2006 жылғы 55,7 пайыздан 2024 жылы 13,8 пайызға дейін қысқарған. Бұл есепте доллар сомасы сатып алу қабілеті паритеті бойынша алынады. Яғни көрсеткіш елдердегі баға айырмашылығын ескере отырып, халықтың тұрмыс деңгейін салыстыруға мүмкіндік береді.

Дүниежүзілік банктің бағалауынша, кедейлік елдің барлық өңірінде азайған. Бұған жұмыс істеп табыс табатын азаматтардың жалақысының өсуі әсер еткен. Сонымен қатар табыс теңсіздігін көрсететін Джини индексі 2006 жылғы 30,2 пункттен 2024 жылы 29 пунктке дейін төмендеген.

Ең төменгі жалақы өседі

Қазақстанда халық табысын арттыруға бағытталған шаралардың бірі – ең төменгі жалақыны көтеру. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап оның мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл – 29,4 пайыздық өсім.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, өзгеріс шамамен 1,8 миллион адамға әсер етуі керек. Олардың ішінде 370 мыңнан астамы – бюджет саласының қызметкерлері.

Қазір Қазақстан экономикасында шамамен 9,4 миллион адам жұмыс істейді. Жұмыссыздық деңгейі – 4,5 пайыз. Соңғы бір жылда жалдамалы жұмысшылар саны 114 мыңға жуық адамға артқан.

Жаңа жұмыс орындарын қайдан ашу жоспарланып отыр?

Жұмыспен қамтуды арттыру үшін мемлекет “Жалпыхалықтық құрылыс” бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр. 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды салу мен жаңартуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бағыттау көзделген. Жоба аясында 100 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары тек осы саладағы мамандарға емес, құрылыс материалдарын өндірушілерге, жабдық жеткізушілерге және басқа да қызмет көрсететін компанияларға қосымша тапсырыс әкелуі мүмкін.

Бұдан бөлек, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 миллион маман қажет болады деп болжанып отыр. Бұл санға жаңадан ашылатын жұмыс орындарымен қатар, зейнетке шығатын немесе басқа себеппен жұмыстан кететін қызметкерлердің орнына келетін мамандар да кіреді. Оның ішінде 1,8 миллион адам жұмысшы мамандықтары бойынша қажет болады.

Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сұранысқа ие мамандықтар тізімін 51-ден 174-ке дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. Оған инженерия, құрылыс, өнеркәсіп, биотехнология, жасыл энергетика және атом энергетикасы салаларындағы кәсіптер енгізілмек.

2026 жылдың соңына дейін 600-ден астам жұмысшы мамандығы бойынша кәсіби стандарттар әзірлеу көзделген. Онда цифрлық сауат, жасанды интеллектіні пайдалану, деректерді талдау және киберқауіпсіздік дағдылары да ескеріледі.

Әлеуметтік көмек кімдерге беріледі?

Қазақстанда әлеуметтік көмекті отбасының нақты табысы мен тұрмыс жағдайына қарай бөлу тәсілін жетілдіру жоспарланып отыр. Ақпараттық жүйелерді біріктіргеннен кейін мұқтаждықты анықтайтын жаңа талаптар сынақтан өткізіледі. Алдымен олар табысы жоғары көмек алушылардың жекелеген топтарына қатысты тексеріледі. Кейінгі шешім сынақ нәтижесіне байланысты қабылданады.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да жұмыс табуға көмектесу шаралары қарастырылған. Олар кәсіби даярлықтан өтіп, өзіне лайық бос жұмыс орнын іздеуге және жаңа жұмыс орнына бейімделуге қолдау ала алады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жұмыссыздарды тіркеу тәртібі өзгергені хабарланған еді.

Айнура Дарибаева
Дүйсенбі, 09 Қараша, 2026 11:35