"Бір жалақыға қарап есептелмейді": Қазақстанда енді кедейлік көрсеткішін есептеу тәсілі өзгермек

Фото: Shutterstock.com
Елімізде кедейлік көрсеткішін есептеу тәсілі өзгермек. Енді айлық кірістен бөлек, білім алу, емделу мен пәтердің тар не кеңдігі, бар не жоқтығы қаралады. Осылайша отбасындағы нақты ахуалды білу жоспарланып отыр. Өйткені қазіргі тәсіл адамның шынайы тұрмыс деңгейін көрсетпейді. Мысалы неден таршылық көріп отыр, ақша неге жетпейтінін анықтау қиын. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа тәсіл ескі есептеу жүйесін түбегейлі өзгертпейді, тек қосымша тәсілді пайдалану арқылы сараптау тетігі кеңейеді. Сарапшылардың сөзінше, көрсеткішті анықтауда абсолюттік кедейлік қана негізге алынбайды. Отбасының айлық кірісінен бөлек, өмір сүру жағдайы да маңызды. Мысалы білім не медициналық қызмет алуда қиындықтарға тап болып отыр ма, балабақша қолжетімді ме, тұрып жатқан үйіндегі ахуал қандай, пәтер таршылық етпей ме – бәрін қарайды.
ОқыңызАстаналықтар қолданыстағы тәсіл халықтың тұрмыс деңгейін толық білуге ықпал етпейді дейді. Ал жаңа әдіснама адам кедейлер санатына кіре ме, соны нақтылауға мүмкіндік береді. Себебі кейде кісі өзін жарлы сезінуі әбден мүмкін. Табысы төмен деп санағанымен, басында баспанасы, астында көлігі болады. Демек жалақыға қарап отбасының жағдайын бағалауға болмайды.
“Табыстары 40 мыңнан келеді деп есептесеңіз де, бір отбасыға 40 мың жетуі мүмкін. Бір отбасыда тұрғын үймен қамтылуға кеткен шығындарын алып тастасаң, күнделікті шығындары есебінен күнкөріс деңгейі төмендеп қалуы мүмкін. Тіпті кедейшілікке де жатқызылуы мүмкін”, – деді әлеуметтанушы Батжан Ақмолдина.
Кедейлік шегі елдегі өмір сүру деңгейіне байланысты. Маманның пікірінше, кейбір мемлекеттерде еңбек демалысында он күнге шет елге шықпайтын адамдар кедей деп қарастырылуы ықтимал. Демек алдымен табан тірейтін базалық көрсеткішті әзірлеген жөн.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстан ЕАЭО елдері арасында кедейлік деңгейі ең төмен мемлекет атанғанын жазғанбыз.