Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ескі көлігін утилизацияға тапсырған қазақстандықтарға қанша теңге беріледі

утиль көлік
Фото: Видеодан скрин

"Жасыл даму" компаниясын ескі көлігін утилизацияға тапсырған қазақстандықтарға 315 мыңнан 750 мың теңгеге дейінгі сомада жеңілдік сертификаттары берілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Компания өкілдері бұған дейін кәдеге жарату алымына қатысты қаражатты иемдену схемалары анықталғанын айтты. Қылмыстық істер бұрын көліктерді қайта өңдеумен айналысқан мердігер ұйымның қызметкерлеріне қатысты қозғалған.

"Жасыл даму" басқарма төрағасының орынбасары Дархан Даутовтың айтуынша, тергеу барысында бір көлікті жалған құжаттар арқылы бірнеше рет, әртүрлі көлік ретінде утилизацияға тапсырған деректер анықталған. Сонымен қатар делдалдар да заңсыз әрекеттерге барған. Мысалы, бір адамның 1700-ден астам көлікті тапсырғаны белгілі болған.

Аталған схемаларды ұйымдастырған адамдарға қатысты үкім шығарылған. 

Айта кетейік, бұған дейін ескі көліктерді кәдеге жарату міндеті қоғамда дау тудырған "Оператор РОП" компаниясынан "Жасыл даму" мемлекеттік компаниясына берілген еді. Қазір мекеме ескі көліктерді қайта өңдеудің жаңа тетігін әзірлеп жатыр. Жаңа жүйеде делдалдардың араласуына және сыбайлас жемқорлық схемаларына жол бермеу көзделген. Ережелер толық дайын болған соң, жұртшылыққа егжей-тегжейлі таныстырылады.

Дегенмен қазірдің өзінде ескі көлігін утилизацияға тапсырған азаматтарға берілетін жеңілдік сертификаттарының мөлшері белгілі. Атап айтқанда:

  • Жеңіл автокөлік үшін – 315 мың теңге;
  • Жүк көлігі үшін – 750 мың теңге.

Бұл соманың жаңа көлік алуға несие рәсімдеген кезде алғашқы жарна ретінде де жеткіліксіз болуы мүмкін екені айтылды.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанға шетелден көлік әкелу екі есе қымбаттағаны туралы жазған едік. 

Қарағандылық Дмитрий Чаренцев көлігін ауыстыру үшін шетелдегі ұсыныстарды қарастырған. Алайда кедендік рәсімдеу, утильалым, алғашқы тіркеу, мемлекеттік нөмір және жеткізу ақысын есептегенде, көліктің құны екі есе өскен. Ол шетелден өз бетінше әкелген көлікті кейін жөндету мен оған қызмет көрсету де қиындық туғызуы мүмкін екенін айтады.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 09 Қараша, 2026 08:46