Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанға шетелден көлік әкелу екі есе қымбаттаған

Көлік тасымалдау
Фото: Magnific.com

Шетелден арзанға көлік сатып алғанмен, оны Қазақстанға жеткізіп, тіркеуге қою шығыны қалтаға ауыр түсуі мүмкін. Сарапшылардың есебіне сүйенсек, кейбір модельдердің бағасы барлық төлемнен кейін бастапқы құнынан екі есе асып кетеді. Қыркүйектің соңында күшіне енген жаңа талаптар бұл шығынды одан сайын арттырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюроға” сілтеме жасап хабарлайды.

Қарағандылық Дмитрий Чаренцев көлігін ауыстыру үшін шетелдегі ұсыныстарды қарастырған. Алайда кедендік рәсімдеу, утильалым, алғашқы тіркеу, мемлекеттік нөмір және жеткізу ақысын есептегенде, көліктің құны екі есе өскен.

Ол шетелден өз бетінше әкелген көлікті кейін жөндету мен оған қызмет көрсету де қиындық туғызуы мүмкін екенін айтады.

“Көлікті зауыттан тікелей әкелсем, мұнда оған біреу қызмет көрсете ме, оған кепілдік жоқ. Осы жағынан Қазақстандағы дилерлерді түсінуге болады: олар белгілі бір жауапкершілік алады. Ал көлікті өзің әкелгенде, кейін не болатынын білмейсің”, – дейді “Аutomotolife-Қарағанды" қауымдастығының мүшесі Дмитрий Чаренцев.

Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков кейінгі жылдары көп сатылған Қытай, Корея және АҚШ көліктерінің арасынан үш жаңа модельді таңдап, оларды Қазақстанға әкелу шығынын есептеген.

Оның есебі бойынша, көлікті елге жеткізіп, мемлекеттік нөмір алғанға дейін қытайлық машинаның бағасы 74%, кореялық көліктікі 76%, ал америкалық көліктікі 80% өседі. Қосылған шығынның шамамен 60%-ы мемлекетке төленетін алымдар мен төлемдерге тиесілі.

Ал қолданыста болған көлікті әкелу одан да қымбатқа түседі. Мұндай жағдайда қытайлық көліктің бастапқы бағасына тағы 133%, кореялық көлікке 111%, америкалық көлікке 85% қосылады.

Эдоков жаңа тәртіп ресми дилерлерге басымдық беріп, көлікті басқа жолмен әкелетіндерге бәсекелесуді қиындатады деп санайды.

“Кедендік төлемнің 15%-дан 48%-ға өсуі ресми дилерлерге айқын артықшылық беріп отыр. Мұның бәрі параллель импорт тарапынан бәсекені барынша азайтуға бағытталған. Ал автопаркті жаңарту қажет деген әдемі мәлімдемелер құр сөз болып қалды”, – дейді ол.

Ақпаратқа сәйкес, қыркүйектен бастап Қазақстанға шығарылғанына бес жылдан аспаған және “Еуро-5” стандартына сай көліктерді ғана әкелуге болады. Заңды тұлғалар үшін баж мөлшерлемесі 15% болса, жеке тұлғаларға 48% мөлшерлеме қолданылады. Үш жылдан асқан көліктер үшін төлем қозғалтқыш көлеміне қарай есептеліп, әр текше сантиметріне 1,5–3,6 еуро аралығында белгіленген.

Автосарапшы, Қазақстандағы “За рулём” журналының бас редакторы Алексей Алексеев бұл өзгерістерді салықтан жалтарып, өзін дилер ретінде көрсететін делдалдардың жұмысына қарсы күрес деп отыр.

Оның айтуынша, ресми дилердің шығыны көлікті елге жеткізумен бітпейді.

“Бұл – салықтан жалтарып, өзін дилер деп таныстыратын, ал шын мәнінде сатушы мен сатып алушыны ғана байланыстыратындарға қарсы күрес. Көлікті Қазақстанға әкелу керек, дилерлік желі құру қажет. Қызметкерлерге жалақы төлеу, кепілдік беру, сервистік қызмет көрсету, машинаны біздің жағдайға бейімдеу керек. Мұның бәрі қомақты қаржыны талап етеді”, – дейді Алексей Алексеев.

Сарапшылардың Қазақстандағы автокөлік өндірісіне қатысты пікірі де екіге бөлінеді.

Эдуард Эдоков зауыттар үшін көлік шығару жылдық өндіріс көлемі кемінде 250 мыңға жеткенде ғана тиімді болады деп есептейді. Оның айтуынша, қазір елдегі алты зауыттың жылдық сатылымы жалпы 170 мың көлік шамасында. Халықтың сатып алу мүмкіндігі төмен, ал экспортқа шығаратын нарық жоқ дейді ол.

Алексей Алексеев болса, алдағы жағдайға оң баға берді. Ол Қазақстанда құрастырылған көліктердің бағасы төмендеп келеді және уақыт өте тағы да арзандауы мүмкін деп болжап отыр.

Еске салайық, биыл қыркүйектен бастап Қазақстанға "сұр" көліктерді импорттау қиындай түскені хабарланған еді. Жаздың ортасында үкімет елге көліктерді заңсыз әкелуді қатаң бақылауға алды. Бұл кедендік әкімшілікке, техникалық талаптарға және қолданыстағы ережелердің орындалуына қатысты. Қазақстанда көліктерді заңсыз тасымалдау жағдайлары тіркеліп жатқанына байланысты. Көбіне мұндай көліктер белгіленген стандарттарға сәйкес келмейді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 16 Қазан, 2026 11:28