Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап "көлеңкелі" жолмен көлік әкелуге тұсау салынады

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанға заңсыз, яғни көлеңкелі жолмен әкелінетін автокөліктердің импортын тоқтату үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Еліміздің аумағына автокөліктерді заңсыз әкелу фактілері әлі де тіркеліп отыр. Көп жағдайда олар техникалық және экологиялық талаптарға сәйкес келмейді. Бұл, сонымен қатар, кеден заңнамасы нормаларын қолданудағы олқылықтардың салдарынан орын алып отыр", – деді Олжас Бектенов үкімет отырысында.
Осыған байланысты үкімет басшысы қаржы министрлігі мен өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне он күн ішінде заңсыз (көлеңкелі) автокөлік импортын болдырмауға бағытталған кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды.
Оқыңыз“Қаржы министрлігі өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, он күн ішінде елімізге автокөліктердің заңсыз (көлеңкелі) әкелінуінің алдын алуға бағытталған кешенді шаралар әзірлеуі қажет. Қолданыстағы заңнамалық нормаларды түсіндіруде нақты ұстаным болуға тиіс", – деді премьер-министр.
Оның айтуынша, кедендік әкімшілендіру мен техникалық реттеу саласындағы жаңа тәсілдер 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енуі тиіс.
Премьер-министрдің айтуынша, тапсырмалардың орындалуын бақылау және үйлестіру премьер-министрдің орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 2026 жылдан бастап шетелден әкелінетін жаңа автокөліктердің қымбаттауы мүмкін екені хабарланған еді. Сарапшылар мұны қосылған құн салығының (ҚҚС) 16%-ға дейін ұлғаюымен байланыстырған. Олардың пікірінше, бұл өзгеріс ең алдымен Қытайдан импортталатын көліктердің бағасына әсер етеді.