Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар маусымда қандай көліктерді сатып алды

 Chevrolet Cobalt автонарық
Фото: ЖИ

Қазақстан автомобиль одағының мәліметінше, автонарықтағы өсім баяулағанымен, елдегі жаңа автокөлік сатылымы рекордтық деңгейде қалып отыр. 2026 жылдың алғашқы алты айында ресми дилерлер 106 мыңға жуық жаңа жеңіл және коммерциялық көлік сатқан. Нарықта Chevrolet көш бастап, Changan ең қарқынды өсім көрсеткен бренд болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Маусым айының өзінде ресми дилерлер 21 861 автокөлік сатқан. Бұл – 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,5%-ға көп. Былтыр маусымда 19 426 көлік сатылған еді.

Ал 2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша 105 886 автокөлік сатылып, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен (104 953 көлік) 0,9%-ға жоғары болды. Осылайша, автонарық 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы рекордтық көрсеткішті жаңартты.

Қазақстан автомобиль одағының президенті Анар Мақашеваның айтуынша, жалпы сатылым көлемі айтарлықтай өзгермегенімен, нарық ішінде елеулі өзгерістер байқалады.

"Бәсекелестік күшейіп келеді, ал сатып алушылар бағаға, технологияға және қызмет көрсету сапасына бұрынғыдан да талапшыл бола түсті. Қазір нарықтың ауқымы ғана емес, компаниялардың клиент сұранысына қаншалықты жылдам бейімделе алатыны да маңызды", – деді ол.

Маусым айының қорытындысы бойынша Chevrolet көш бастап, ресми дилерлер 3 117 автокөлік сатты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 39,9%-ға көп.

Ең көп сатылған бес брендтің қатарына мыналар енді:

  • Hyundai – 3 034 көлік (-26%);
  • Changan – 2 565 көлік (+121,5%);
  • Chery – 1 996 көлік (+40,9%);
  • Haval – 1 677 көлік (+63,8%).

Одан кейінгі орындарға JAC (1 600 көлік), Kia (1 422), Jetour (1 230), Toyota (964) және Geely (692) жайғасты.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстанда ең көп сатылған автокөлік моделі тағы да Chevrolet Cobalt болды.

Үздік 10 модель:

  • Chevrolet Cobalt – 16 370 көлік;
  • Hyundai Tucson – 8 601;
  • Kia Sportage – 5 200;
  • Changan CS55 Plus – 4 017;
  • Hyundai Mufasa – 3 119;
  • Haval Jolion – 2 836;
  • Changan CS35 Max – 2 706;
  • Chery Tiggo 2 – 2 585;
  • Haval M6 – 2 396;
  • Chery Tiggo 7 – 2 393.

Сондай-ақ бірқатар қытайлық брендтердің сатылымы айтарлықтай өсті. Мысалы, BYD көліктерінің сатылымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 241,5%-ға, яғни үш еседен астам артқан.

Ал Geely Galaxy, Soueast және Li Auto брендтері Қазақстан нарығына жуырда шыққанына қарамастан, сатылым қарқынын белсенді түрде арттырып келеді.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 13 Шілде, 2026 13:01