Әйелімнен таяқ жедім деген қазақстандық ер адам әділдік іздеп жүр

Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы айтқанда, көбіне әйелдер мен балалардың жағдайы сөз болады. Алайда отбасындағы қысым мен күш көрсетуге ер адамдар да тап болуы мүмкін. Солардың бірі – 43 жастағы Ержан Амантаев. Ол "әйелімнен таяқ жедім" деп, әділдік іздеп, көпшілікке жүгінуге мәжбүр. Бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет еткен азаматтың отбасылы болғанына 11 жыл. Оның айтуынша, соңғы бірнеше жылда әйелі мен енесінен қысым көріп, қол көтеру жағдайларына тап болған. Тіпті әйелімен ажырасып кетсе де қол көтеруін тоқтатпаған. Ержанның сөзінше, құзырлы органдарға арызданғанымен, өтінішін қабылдамайтын көрінеді. Әйелінен зорлық көргенін айтқан азаматпен Stan.kz тілшісі сұхбаттасты.
Ержан Амантаевтың бұл – екінші некесі. Алғашқы отбасымен ортақ балалары болмағандықтан ажырасқан. Кейін қайта шаңырақ көтеріп, жаңа өмір бастаған. Алайда отбасындағы жағдай 2021 жылдан бастап өзгере бастапты. Жұбайы оған қол көтеріп қана қоймай, енесі де күш көрсеткенін айтады. Бірақ Ержан бұл жағдайды көпшілікке айтуға бірден батпаған. Себебі ер адамның әйелінен таяқ жегенін мойындауы оған намысқа тиетін, қорлықтай көрінген.

“Маған бұл жағдай туралы айту оңай болып тұрған жоқ. Еркек басыммен әйелімнен таяқ жедім деу де намысыма сын. Бірақ шыдамым таусылды. Осы уақытқа дейін төзіп келдім, бірақ адам шаршайды екен. Әйелім кез келген ұрыс кезінде ұрады. Бет-аузымды тырмалап, денемнің бәрін көк ала етті. Өзі ғана емес, енем де бар”, – дейді Ержан Амантаев.
Ержанның екінші некесінен бір қызы бар. Айтуынша, енесі қызын өзге үйге қондырмағаны үшін де жанжал шығарып, қол көтерген. Тіпті тырнап, ұрған кездері болғанын айтады. Сөйтіп әйелі екеуінің бұл әрекеті жылдап жалғасқан. Тіпті әйелі жұмыс орнына хабарласып ішімдік ішеді, қол көтереді деп өтірік арызданатын болған соң, ұялғаннан жұмыстан да шығып кетіпті.
“Әйелімді бір баласымен алғанмын. Өз қызымдай өсіріп тәрбиелеп, ұзаттым. Бірақ қызымыз ұзатылған соң үйдегі жанжал басталды. Әйелім өзгеріп, менен құтылғысы келетін әрекеттерді бастады. Бастапқыда кез келген кейкілжіңге полиция шақырып, үстімнен арыз түсіріп жүрді. Мені ұрып, тырнап анасы екеуі ұрыс шығарады да, мені кінәлі етіп қояды. Мен Ұлттық қауіпсіздік қызметінде жұмыс істедім. Әйелім өтірік шағымдана берген соң намыстанып шығып кеттім”, - дейді Ержан.
Ержанның айтуынша, қызы есейген соң анасының жағына шығып, екеуі бірге өзіне қол көтеретін болған. Осындай жағдайлардан кейін ол бір жарым жыл бұрын әйелімен ажырасқан. Алайда бұрынғы ерлі-зайыптылар әлі күнге дейін бір шаңырақ астында тұрады. Сөзінше, әйелі оны үйден кетіру үшін әдейі жанжал шығарып полицияға арызданады дейді. Сот шешімімен Ержанға бұрынғы жұбайына хабарласуға және жақындауға тыйым салынған. Оның айтуынша, соңғы рет ипотекалық төлем мәселесін шешу үшін әйеліне хабарласқаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған. Ал өзіне қатысты күш көрсету фактілері бойынша жазған арыздары қабылданбағанын айтады. Осы жағдайларға наразы болған Ержан өзін заң алдында құқығы қорғалмай қалғандай сезінетінін жеткізді.
“Әйелім мен енем екеуі жабылып ұрды. Бірақ полиция шу шығарды деп мені 10 тәулікке қамады. Ал менің құқық қорғау органдарында 10-нан аса өтінішім жатыр. Біреуі де қаралмады. Ер адамдар да әйелдерінен таяқ жейді. Бірақ оны мойындайтындар аз. Мен ұялмаймын, соңына дейін барамын. Мені қамаған кезде басқа да жігіттер болды. Олардың да әйелдері ұрып, өздері қамалған. Бірақ қазір сол жерден шыққан соң бұл жағдайды айтуға намыстанады", – дейді Ержан Амантаев.

Фото: Stan.kz Youtube арнасынан скрин
Заңгер Тілеужан Кішкенебаевтың әйтуынша соңғы кезде ер адамдар әйелінің үстінен шағып жазып бастаған. Бірақ үстері сотқа кетпей жабылып қалатын көрінеді. Ал кейде ер адамдар, үйде қорлық көрседе ұят деп көніп жүретін көрінеді.
Біз қазір әйелдің үстінен бірнеше рет арыз жаздық. Бірақ қайта жауып тастады. Бізде заң бар, бірақ бір тарапқа ғана жұмыс істейді. Еркектердің құқығы тапталып жатыр. Біз соған наразымыз. Әйелдер секілді еркектер де тұрмыстық зорлық-зомбылықтық құрбаны,-дейді заңгер
Толығырақ Stan.kz YouTube арнасынан көріңіз.
Әйелімнен таяқ жедім деген қазақстандық ер адам әділдік іздеп жүр