Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қой бағатын малшы": Сабаққа кешіккен сыныптасын мазақтаған оқушының әкесі жазаланды

Жасөспірім
Фото: shutterstock.com

Жамбыл облысында 8-сынып оқушысы сабаққа кешіккен сыныптасын келемеждеген. Осы жағдайдан кейін кәмелетке толмаған баланың әкесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот оған ескерту жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сот мәліметінше, оқиға қыркүйек айында Жуалы ауданындағы мектептердің бірінде болған. 8-сынып оқушысы сабаққа кешігіп келгенде, оның сыныптасы оны кемсітіп, "қой бағатын малшы" деп келемеждеген. Сондай-ақ оның сабаққа мал жаюға байланысты кешіккенін айтып, намысына тиген.

Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия аталған әрекетті буллинг деп танып, оқушының ата-анасын жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдаған.

Сот отырысында баланың әкесі кінәсін мойындап, алдағы уақытта ұлының мұндай әрекетке баруына жол бермейтінін айтқан. Оның кінәсі тараптардың түсініктемелері, хаттама және учаскелік инспектордың рапорты арқылы да дәлелденген.

Сот әкеге қатысты жауаптылықты ауырлататын немесе жеңілдететін мән-жайларды анықтамаған.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабының 3-бөлігіне сәйкес, “кәмелетке толмаған баланы буллингке немесе кибербуллингке ұшыратқаны үшін” ата-анасына 10 АЕК (43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салу немесе ескерту жасау қарастырылған.

Сот ер адамды кінәлі деп танып, оған әкімшілік ескерту түріндегі жаза тағайындады. Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Еске салсақ, бұған дейін Павлодарда 12 жастағы оқушы ChatGPT-ге зорлыққа ұшырағанын айтып, көмек сұрағаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Жұма, 06 Қараша, 2026 21:29