Toyota 176 мыңнан астам көлігін кері қайтарып жатыр: Қазақстандықтар да көлігін тексергені жөн
Toyota компаниясы Қытайда 176 737 автокөлігін кері қайтарып жатыр. Бұған көліктердің аспа жүйесі, тежегіші, рульдік басқаруы мен жанармай құбырынан анықталған ақаулар себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CarNewsChina басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Кері қайтару науқанының ең үлкен бөлігі 2025 жылғы 27 ақпан мен 2026 жылғы 26 наурыз аралығында шығарылған 100 175 электрлі Toyota bZ3X кроссоверін қамтиды. Бұл көліктердің алдыңғы аспасындағы тұрақтандырғыш тіректерін бекітетін гайкалар қозғалыс кезінде босап кетуі мүмкін. Соның салдарынан бөгде дыбыс пайда болып, кей жағдайда бекіткіштер ажырап, көліктің тұрақтылығы төмендеуі ықтимал. GAC Toyota компаниясы ақаулы гайкаларды тегін ауыстырады.
Сондай-ақ 21 085 дана bZ7 седаны екі түрлі бағдарламалық ақауға байланысты кері қайтарылады.
Атап айтқанда, 2025 жылғы 28 қазан мен 2026 жылғы 3 тамыз аралығында шығарылған 18 130 көлікте белгілі бір жағдайда төмен жылдамдықпен қозғалған кезде Comfort Stop жүйесі тежегіш күшін шектеуі мүмкін. Бұл тежеу қашықтығын ұзартып, жол-көлік оқиғасының қаупін арттырады.
Ал 2026 жылғы 10 наурыз бен 15 мамыр аралығында шығарылған 2 955 автокөлікте сымсыз бағдарламалық жаңарту кезінде алдыңғы камераға қатысты ақау туындауы мүмкін. Соның салдарынан Integrated Cruise Assist жүйесі іске қосылғанда руль өздігінен бұрылып кетуі ықтимал.
Компания екі ақауды да бағдарламалық жасақтаманы тегін жаңарту арқылы жоюды жоспарлап отыр.
Land Cruiser Prado мен Lexus GX 550h модельдерінде де ақау анықталған
Кері қайтару науқанына Қытайда шығарылған 47 347 гибридті Land Cruiser Prado және шетелден әкелінген 8 130 Lexus GX 550h көлігі де енгізілген. Бұл модельдер 2024 жылғы шілде мен 2026 жылғы қазан аралығында шығарылған.
Анықталғандай, сыртқы әсерден жанармай құбырын жалғайтын бекіткіштер орнынан көтерілуі мүмкін. Соққы болған жағдайда құбыр ажырап, жанармай ағып кету қаупі бар.
Бұл мәселені шешу үшін дилерлер жалғағыштарды тексеріп, қорғаныш қаптамаларын орнатады. Қажет болған жағдайда жанармай құбырының тиісті бөлшектері де ауыстырылады.
Айта кетейік, аталған модельдердің бірқатары Қазақстан нарығында да бар. Оның ішінде жеке импорттаушылар арқылы әкелінген көліктер де кездеседі. Сондықтан Қытайдан жеткізілген Toyota және Lexus көліктерінің иелеріне өндірушіге немесе сатушыға хабарласып, VIN-код арқылы автокөлігінің кері қайтару науқанына кіріп-кірмейтінін анықтаған жөн.
Еске салсақ, бұған дейін BMW компаниясы ақауға байланысты шамамен 30 мың көлікті кері қайтарғаны туралы жазған едік.
