"Онсыз өмірдің мәні қалмады": Олжас Абай Дариға Бадықоваға деген махаббаты туралы ағынан жарылды
Танымал актер Олжас Абай журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында актриса Дариға Бадықовамен қарым-қатынасы қалай басталғанын және оның өмірлік серігі екенін қай кезде түсінгенін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аман Тасыған актерге “Махаббат деген не?” деген сұрақ қойды. Ал өнер иесі бұл сезімнің шынайы мәнін кейінгі екі жылда түсіне бастағанын жеткізді.
“Махаббат – өлшеуге келмейтін, формулаға сыймайтын ғажайып күш. Мен бұл күшті кейінгі екі жылда сезіне бастадым. Дариға екеуміздің арамыздағы махаббат әдемі, жүрекпен басталды. Алғашында жұмыс барысында араластық. Кейін ол қызығушылыққа, қызығушылық түсіністікке ұласты. Түсіністік сезімге, сезім жауапкершілікке, ал жауапкершілік шешімге алып келді. Сол шешімнің нәтижесінде бүгінгідей қуанышты күнге жеттік”, – деді актер.
Олжас Абайдың айтуынша, Дариға Бадықованың өзі үшін қаншалық қымбат адам екенін бірге фильм түсіріп жүрген кезде түсінген. Ол мінезінің қызбалығынан бұрын келіспеушілік туындаса, өзінікін дұрыс санап, есікті тарс жауып кетіп қалатын кездері болғанын мойындады.

Алайда той алдында болған бір жанжал актерге Дариғаның өміріндегі орнын тереңірек ұғындырған.
“Той болмай тұрып ұрысып қалдық. “Қой, енді не болса да, талай қиындықтан өткенбіз, әрі қарай да өмір сүре бересің ғой” дедім. Бұрынғыдай көрпе жамылып, аспанға қарап, қайғырып жататын уақыт жоқ. “Жаттығуымды жасап, тірлігіме кірісейін” деп ойладым. Аллаға шүкір, жағдайым жақсы. Көлігім бар, халықтың қошеметі бар, атақ-абыройым бар. Ештеңеге алаңдамай, өз тірлігіңді істеп жүре беруге болады. Бірақ ештеңе орнынан қозғалмай қалды ғой. Адам да, ғалам да қызық болмай қалды. Сол кезде Дариғаның менің адамым екенін түсінген шығармын”, – деп еске алды Олжас Абай.
Актер дәл осы сәтте материалдық жағдай да, атақ-абырой да жақын адамының орнын баса алмайтынын сезінгенін аңғартты.
“Сол кезде маған бір белгі келгендей болды. “Қой, онда бәрін шешіп, той жасайық” дедім”, – деп түйіндеді өнер иесі.
Еске салайық, биыл 9 қазанда актер Олжас Абай әріптесі Дариға Бадықоваға сырға салды. 12 қазанда жұлдызды жұп Алматы төрінде дүркіретіп той жасады.