Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

9 қарашадан бастап Қазақстанның үш тасжолында жылдамдықты бақылаудың жаңа жүйесі іске қосылады

Казавтожол
Фото: ҚазАвтоЖол

9 қарашадан бастап Қазақстандағы үш республикалық тасжолда көліктердің орташа жылдамдығын бақылайтын жаңа жүйе іске қосылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының мәліметінше, жаңа жүйе Алматы – Қорғас, Қарағанды – Бурылбайтал және Қызылорда – Арал тасжолдарының алты учаскесінде жұмыс істейді.

Жылдамдық бақыланатын жолдар:

1. Алматы – Қорғас тасжолы:

Ұйғыр – Панфилов аралығы – 50,832 шақырым. Рұқсат етілген жылдамдық – 120 км/сағ.

2. Қарағанды – Бурылбайтал тасжолы:

Шұбартүбек – Гүлшат аралығы – 42,158 шақырым. Рұқсат етілген жылдамдық – 140 км/сағ.

Гүлшат – Тасарал аралығы – 42,550 шақырым. Рұқсат етілген жылдамдық – 140 км/сағ.

3. Қызылорда – Арал тасжолы:

Ақжарма – Ақжар аралығы – 48,239 шақырым. Рұқсат етілген жылдамдық – 100 км/сағ.

Ақжар – 103-разъезд аралығы – 122,421 шақырым. Рұқсат етілген жылдамдық – 100 км/сағ.

103-разъезд – Әйтеке би аралығы – 95,871 шақырым. Рұқсат етілген жылдамдық – 100 км/сағ.

Орташа жылдамдық қалай есептеледі?

Жаңа жүйе көліктің камера тұрған жерден қандай жылдамдықпен өткенін ғана емес, белгілі бір жол бөлігін қанша уақытта жүріп өткенін де есептейді. Арнайы камералар көліктің бақылау аймағына кірген және одан шыққан уақытын тіркейді. Осы мәліметтер арқылы көліктің орташа жылдамдығы автоматты түрде анықталады.

Егер жүргізуші белгіленген жылдамдықтан асып кетсе, заңбұзушылық туралы ақпарат тиісті органдарға жіберіледі.

"ҚазАвтоЖол" компаниясының мәліметінше, жаңа жүйе жол апаттарының алдын алу және жүргізушілердің тәртібін күшейту мақсатында енгізіліп жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда шамадан тыс жүк тиеген көліктерді тексеру күшейтілгенін жазған едік. Көлік министрлігінің мәліметінше, мұндай көліктер жолдың тез бұзылуына себеп болып, басқа жүргізушілерге қауіп төндіреді. Осыған байланысты артық жүк тиеген жүргізушілерге берілетін жазаны күшейту мәселесі де қарастырылып жатыр.

Қарлығаш Асқарова
Жұма, 06 Қараша, 2026 15:46