Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда дауысты дұрыс қоя алмайды деген себеппен жұмыстан шығарылған әйел сот шешімімен қызметіне қайта оралды

 
муз
Фото: Pexels

Атырауда жұмыс беруші кәсіби біліктілігі жеткіліксіз деген себеппен әйелді қызметінен босатқан. Алайда сот оның жұмыстан заңсыз шығарылғанын анықтап, бұрынғы қызметіне қайта орналастыру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Атырау қалалық сотының мәліметінше, әйел мемлекеттік мекемелердің бірінде концертмейстер, яғни музыкалық сүйемелдеуші болып жұмыс қызмет еткен. 2025 жылдың 28 тамызында өткен іріктеуден кейін комиссия оның дауысты дұрыс қоя алмайтынын және музыкалық білімі жеткіліксіз екенін алға тартып, қызметіне сай емес деген шешім шығарған. Осы шешімге сүйенген жұмыс беруші әйелмен жасалған еңбек шартын бұзған.

Алайда қызметкер бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінеді. Ол өзінің жұмыстан заңсыз шығарылғанын айтып, қызметіне қайта орналастыруды және жұмыссыз қалған уақытындағы жалақысын өндіріп беруді талап еткен. Нәтижесінде сот істі қарау барысында жұмыс берушінің еңбек заңнамасын бұзғанын анықтады.

"Қызметкердің біліктілігі жеткіліксіз болғандықтан атқаратын лауазымына сәйкес келмейтіні аттестаттау нәтижесімен расталмаған. Жұмыс беруші еңбек заңнамасының талаптарын дұрыс қолданбаған. Сондықтан қызметкерді жұмыстан шығаруға заңда көзделген негіз тиісті дәлелдермен расталмаған", – делінген сот хабарламасында.

Соттың түсіндіруінше, Еңбек кодексіне сәйкес, қызметкерді біліктілігі жеткіліксіз деген себеппен жұмыстан шығару үшін оның кәсіби деңгейі аттестаттау нәтижесімен расталуы керек. Ал бұл жағдайда жұмыс беруші мұндай дәлел ұсынбаған.

Нәтижесінде сот әйелдің талабын толық қанағаттандырды. Оны жұмыстан шығару туралы бұйрықтың күші жойылып, қызметкер бұрынғы орнына қайта орналасты. Сондай-ақ жұмыс беруші қызметкердің белгілі уақыт жұмысқа шыға алмағаны үшін де орташа жалақысын төлеуге міндеттелді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан ер адамның алимент берешегіне қатысты сотта жеңіске жеткенін жазған едік. Жеке сот орындаушысы оның қарызын елдегі орташа жалақыға сүйеніп есептеген. Алайда сот ер адамның жұмыс орны сақталғанын ескеріп, бұл шешімді заңсыз деп таныды және алимент берешегін қайта есептеуді міндеттеді.


 

Қарлығаш Асқарова
Жұма, 06 Қараша, 2026 13:07