Алматыда Микробиология және вирусология орталығының 70 жылдығы мен академик Аманкелді Садановтың 75 жас мерейтойы аталып өтті

Алматыда "Биотехнологияны дамыту және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі микробиология мен вирусологияның үлесі" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиын Қазақстандағы жетекші ғылыми мекемелердің бірі – Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының 70 жылдығына және биология ғылымдарының докторы, профессор, академик, Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте лауреаты Аманкелді Садановтың 75 жас мерейтойына арналды. Биыл Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының құрылғанына да 80 жыл толып отыр.
Конференцияға мемлекеттік органдардың, ғылыми мекемелер мен іскерлік орта өкілдері, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің ғалымдары қатысты. Өзбекстан, Әзербайжан және Қырғызстаннан келген әріптестер қазақстандық ғалымдардың еңбегіне жоғары баға берді.
Профессор Тинатин Доолоткельдиева қазақстандық ғалымдардың жетістіктері Қырғызстан үшін ғана емес, тұтас Орталық Азия аймағы үшін маңызды екенін атап өтті.
"Сіздердің жаңалықтарыңыз бен өндіріске енгізілген препараттарыңыз бізді қуантады. Белгілі ғалым, құрметті академик Аманкелді Құрбанұлының жетекшілігімен атқарылған жұмыстар бүкіл Орталық Азияның биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет етеді деп сенеміз", – деді Қырғыз ұлттық аграрлық университетінің профессоры Тинатин Доолоткельдиева.
1970 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Микробиология және вирусология институтында профессор Е.Т. Никитинаның жетекшілігімен ғалымдар тобы зертханада "Розеофунгин" атты жаңа зеңге қарсы антибиотикті жасап шығарған. Кейінгі зерттеулер оның адам мен жануарларда кездесетін саңырауқұлақ ауруларын қоздыратын көптеген микроорганизмдерге қарсы тиімді екенін көрсетті.

Аманкелді Саданов бастаған ғалымдар препаратты өнеркәсіптік өндіріске бейімдеп, белсенділігі жоғары жаңа штамм алды. Сондай-ақ оның дәрілік түрлері мен өндірістің ресурс үнемдейтін технологияларын әзірледі.
Ғылым академиясында өткен конференцияда бизнес-директор Саида Ерденбекова орталықтың ғылыми идеяны нақты өнімге айналдырып, оны өндіріске енгізіп, нарыққа шығарғанын атап өтті.
"Розеофунгин-АС" – Қазақстанның топырағынан алынған штамм негізінде жасалған бірегей препарат. Бүгінде ол Дәрілік заттардың мемлекеттік тізіміне, диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамасына және Қазақстанның ұлттық дәрілік формулярына енгізілген. Сондай-ақ дәріхана желілері арқылы сатылып жатыр. Медицина мамандары үшін препараттың науқасқа жетуі – ең басты нәтиже.
"АС-Пробионорм" препаратын клиникалық зерттеудің екінші кезеңіне қажетті сынақ партиясын дайындау кезінде орталық бұл жұмысты "МЕДСЕРВИС ПЛЮС" компаниясының өндірістік алаңына сеніп тапсырды. Қазір препарат мыңға жуық пациент қатысып жатқан клиникалық зерттеудің үшінші кезеңінен өтуде. Бұл – ғылым мен өндірістің бір-бірінен бөлек емес, бірлесе жұмыс істегенде қандай нәтижеге қол жеткізуге болатынын көрсететін жақсы мысал", – деді "МЕДСЕРВИС ПЛЮС" қазақстандық фармацевтикалық компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Саида Ерденбекова.
Академик Аманкелді Саданов дәрі-дәрмекті шикізат дайындаудан бастап дайын өнімге дейін толық циклмен отандық өндірісте шығарудың маңызын атап өтті. Ғалым осы уақытқа дейін 738 ғылыми жарияланым, 32 монография, 40 оқу-әдістемелік құрал шығарған. Сондай-ақ 184 авторлық куәлік пен патенттің иегері.
Алматылықтар тұмшаға тұншығып жатқанын айтып, дабыл қақты: Қай ауданның тұрғындары қауіпті аймақта орналасқан