Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Перуде шетелдіктердің шұлықтарынан 3 мың өрмекші табылды

өрмекшілерді шұлыққа салып алып шықпақ болған
Фото: rg.ru

Перу әуежайында үш шетелдік 3 мыңнан астам өрмекшіні шұлық пен колготкиге салып, елден алып шықпақ болған. Олардың арасында тарантулдар мен сирек кездесетін құсжегіштер де бар. Польша мен Германия азаматтарының жүгі анонимді хабарламадан кейін тексеріліп, заңмен қорғалатын, тіпті ғылымға әлі белгісіз болуы мүмкін өрмекші түрлері табылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Перудің Орман және жабайы табиғатты қорғау ұлттық қызметінің (SERFOR) хабарлауынша, үш жолаушының жүгін тексергенде, өрмекшілер шұлықтар мен әйелдер шұлықтарының ішінен табылған. Олардың арасында өрмекшінің жұмыртқалары, жаңа шыққан кішкентай өрмекшілер мен ересек түрлері де болған.

SERFOR қызметкері Кора Суарестің сөзінше, күдіктілер өрмекшілерді Перудің бірнеше аймағынан жинаған. Тіпті тәркіленгендердің арасында ғылымға әлі белгісіз болуы мүмкін түрлер де бар.

Мамандар табылған өрмекшілердің кейбірін Pamphobeteus antinous түріне жатқызған. Бұл – Оңтүстік Америкадағы ең ірі құсжегіш өрмекшілердің бірі. Перуде оның саны азайып бара жатқандықтан, заңмен қорғауға алынған.

Үш жолаушының жүгін тексеруге белгісіз адамның хабарламасы себеп болған. SERFOR өкілдері ұсталғандардың бірі құсжегіш өрмекшілерді зерттеумен танымал болуы мүмкін екенін айтады. Ал өрмекшілерді не үшін алып шықпақ болғаны әзірге нақты белгісіз. Мамандар оларды жеке коллекцияға қосу, ғылыми зерттеу немесе үй жануары ретінде сату үшін әкетпек болған деп топшылайды.

Перуде тарантулдар мен өзге де сирек кездесетін жәндіктерді заңсыз сату үлкен көлеңкелі нарыққа айналған. Оларды шетелге көбіне жеке коллекцияға немесе үй жануары ретінде ұстау үшін алып кетеді. Кейбір өрмекшілерді кептіріп, сәндік бұйымдар жасауға пайдаланса, енді бірін зертханалар мен фармацевтика саласына өткізеді.

Негізі, мұндай жануарларды шетелге заңды түрде де шығаруға болады. Ол үшін арнайы рұқсат алып, қажетті құжаттарды рәсімдеу қажет. Алайда бұл біраз уақыт пен қаражатты талап етеді. Сондықтан кейбір саудагерлер құжат жинап әуре болмай, жануарларды жасырын жолмен алып шығуға тырысады.

Перуде мұндай жағдай бұған дейін де болған. 2024 жылы Лима қаласындағы Хорхе Чавес халықаралық әуежайында Оңтүстік Кореяның 28 жастағы азаматы ұсталды. Әуежай қызметкерлері оның ішінің әдеттен тыс шығыңқы тұрғанын байқап, тексеруге шешім қабылдаған.

Тексеру кезінде ер адамның ішіне бірнеше пакет жабыстырылғаны анықталды. Олардың ішінен 320 тарантул, 110 көпаяқ және оқ құмырсқасының 9 данасы табылған. Жәндіктер пластик ыдыстар мен пакеттерге салынып, ер адамның денесіне бекітілген екен.

Осылайша, ол да сирек кездесетін жәндіктерді елден жасырын алып шықпақ болған.

Еске салсақ, елімізде бұған дейін 180 миллион теңгеге бағаланған ақбөкен мүйізін Қазақстаннан Қытайға заңсыз алып өтпек болғандар ұсталған еді. 

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 06 Қараша, 2026 12:22