Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Биыл байқау қатты құлдырады": Қазақстандықтар "Қазақ аруы – 2026" байқауының ұйымдастырылу деңгейіне төмен баға берді

Қазақ аруы байқауы
Фото: Youtube / BM Production

3 қарашада Алматыда “Қазақ аруы – 2026” ұлттық сұлулық байқауының финалы өтті. Көрермендерден 17 164 дауыс жинаған 20 жастағы алматылық Асылым Өтепберген бас жүлдені жеңіп алды. Алайда байқаудан кейін желіде оның ұйымдастырылу деңгейіне қатысты сын көбейді. Көрермендер қатысушыларға күрделілігі әртүрлі сұрақтар қойылғанын, арулардың жеке қабілетін толық көрсетуіне мүмкіндік берілмегенін және дауыс беру жүйесінің әділдігі күмән тудырғанын айтып, ұйымдастырушыларға наразылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Республика сарайында өткен биылғы байқау қазақ киносының жауһары “Қыз Жібек” фильміне арналды. Еліміздің әр өңірінен келген 22 ару ұлттық киіммен сахнаға шығып, арнайы дайындалған қойылымға қатысты.

Ұйымдастырушы Баян Алагөзова кештің ерекше өткенін айтып, оның басты мақсаты аңызға айналған Қыз Жібектің бейнесін дәріптеу болғанын жеткізді.

“Бұл ұмытылмас кеш болды. Барлығы аңызға айналған Қыз Жібекке арналды. Мұндай екінші Жібек болған емес, болмайды да. Ең бастысы, оның өзі ерекше қуанды. Біз оған нағыз тосынсый жасап, мереке сыйладық. Мен үшін мәңгілік Қазақ аруы – Жібек! Ол сұлу, тәкаппар, батыл, өз таңдауын өзі жасайтын қыз”, – деп жазды продюсер.

Алайда байқаудан кейін Threads желісінде ұйымдастыру жұмысына қатысты сын көбейді. Көрермендер ұлттық құндылықтарды дәріптейтін жобада қатысушылардың білімі мен өнерін бағалауға жеткілікті көңіл бөлінбегенін алға тартып, жарыса пікір қалдыра бастады.

Қазақ аруы байқауы
Фото: Youtube / BM Production

“Сұрақтардың деңгейі бірдей болған жоқ”

Көрермендер ең алдымен сұрақ-жауап кезеңіне наразылық білдірді. Олардың айтуынша, бір қатысушыға жеңіл әрі жеке көзқарасын білдіруге мүмкіндік беретін сұрақ қойылса, екіншісінен күрделі халықаралық мәселеге жауап беру талап етілген.

Мәселен, Шымкенттен келген Мереке Жарқынбектен Таяу Шығыстағы қақтығыстар кімге тиімді екені сұралған. Ал басқа қатысушыларға бір миллион теңгемен байып кету, есеппен тұрмыс құру немесе жасанды интеллект туралы сауал қойылған.

“Сұрақтардың деңгейі бірдей болған жоқ. “Таяу Шығыстағы шиеленіс кімге тиімді?”, “1 миллион теңгемен байып кетуге бола ма?” деген сұрақтарды салыстыруға келмейді ғой”, – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Ал Перизат есімді оқырман байқау ұлттық тақырыпқа арналғандықтан, сұрақтар да қазақтың тарихы мен мәдениетіне негізделуі керек деп есептейтінін жеткізді.

“Құрметті, “Қазақ аруы” сайысының ұйымдастырушылары! Қазақылықтан алыстамаңыздар. Сіздер “Мисс Қазақстан”, “Әлем аруын” өткізіп жатқан жоқсыздар. Ақыры қазақтың аруын таңдап жатсақ, сұрақтар да соған сәйкес болсын. Салт-дәстүрден, ырым-тыйымнан, еліміздің тарихынан сұрақтар қойылсын”, – деп жазды ол.

Оқырман қатысушылардан “Қыз Жібек” фильмінде көрсетілген салт-дәстүрлерді сұрауға немесе Жібектің орнында қандай шешім қабылдайтынын білуге болар еді деп санайды.

Сондай-ақ ол кейбір арулардың қазақ тіліндегі сұрақтарды түсінбей қиналғанын айтып, қатысушыларды дайындау жұмысына да назар аударуды ұсынды.

“Қыздардың жеке өнерін көрсетуіне мүмкіндік берілмеді”

Көрермендер сынға алған тағы бір мәселе – қатысушылардың өнер көрсету кезеңі.

Байқауда қыздар жеке-жеке өнер көрсетудің орнына ортақ сахналық қойылымға қатысқан. Желі қолданушылары мұндай формат әр арудың қабілетін толық ашуға мүмкіндік бермеді деп жарыса жазды.

“Барлық қыз сұлу, әдемі, көркем. Бірақ әділ өтпеді! Біріне логикалық сұрақ қойса, біріне тарихи сұрақ қойды. Деңгейлері мүлдем бөлек. Барлығы бір қойылым қойды. Арулардың ішінде өнерін толық көрсете алмай қалғандар бар деп ойлаймын. Барлығы бірдей актриса емес. Сондықтан әр ару жеке өз өнерін көрсетсе дұрыс болар еді”, – деп жазды Ділназ есімді қолданушы.

Бұл мәселеге Дана есімді қолданушы да тоқталған. Оның айтуынша, 50 минутқа созылған мюзикл байқаудың негізгі мақсатын екінші орынға ысырып жіберген.

“Қазақ аруы – 2026” ең әлсіз, ұйымдастыру деңгейі төмен байқау болды. 50 минуттық мюзиклде қыздар өз мүмкіндіктерін толық көрсете алмады. Қойылым тым ұзақ, тіпті жалықтырды. Ән, би, көрініс – жыл сайынғы дүние. Халық жаңашылдық күтті”, – деп жазды ол.

Оқырман қатысушылардың таныстыру мәтіндерін де сынға алып, өлең жолдарының ұйқасы мен мазмұнына көңілі толмағанын жеткізді.

“Қыздардың өнерін көрмей тұрып қалай дауыс береді?”

Байқаудағы дауыс беру жүйесі де бірнеше жылдан бері көрермендердің сынына ұшырап келеді. Биыл да жұртшылық қатысушылар өнері мен қабілетін толық көрсетіп үлгермей жатып, дауыс берудің басталғанын орынсыз деп бағалады.

Бұл жағдай әлеуметтік желіде оқырманы көп немесе танымал адамдардың қолдауына ие болған қыздарға артықшылық беруі мүмкін деген күмән туғызған.

“Халық әр арудың өнерін көрмей қалай баға береді? Сонда тек оқырманы көп жан ғана ұтады ма? Онда басынан-ақ Instagram-да жарыстыра салу керек еді! Кінә аруларда емес, ұйымдастырушыларда деп ойлаймын. Асылымды жеңісімен құттықтаймын”, – деп жазды пікір білдіруші.

Асылым Өтепберген
Фото: Youtube / BM Production

Тағы бір қолданушы блогерлер мен өнер жұлдыздары қолдаған қатысушыны әлеуметтік желіде бірнеше жүз ғана оқырманы бар арумен салыстыру қиын екенін айтты.

Ол сұрақтарды қатысушыларға алдын ала жеке дайындаудың орнына, жеребе арқылы таңдатуды және дауыс беру нәтижесін көрермендерге ашық көрсетуді ұсынды.

“Жүргізушілер бірін-бірі тыңдамады, марапаттау да әсерсіз өтті”

Сын тек сұрақтар мен дауыс беруге қатысты болған жоқ. Кейбір көрермендер жүргізушілердің сахнадағы әрекетін, қойылымның мазмұнын және жеңімпазды марапаттау рәсімін де ұйымдастырудағы кемшілік деп бағалады.

Дана есімді қолданушы жүргізушілердің бір-бірінің сөзін бөліп, қатысушыларға қосымша қысым тудырғандай әсер қалдырғанын жазды.

Сондай-ақ оның сөзінше, жеңімпазды марапаттау сәті де жоғары деңгейде ұйымдастырылмаған.

“Қазақ аруы атанған қызға лента тақты, тәж кигізді, болды. Шетелге жолдама сертификатын қолына ұстатпады, кем дегенде арнайы әсерлі рәсім болуы керек еді”, – деп жазды ол.

Бұдан бөлек, көрермен бүкіл бағдарлама “Қыз Жібекке” арналса да, фильмнің басты кейіпкерін сомдаған Меруерт Өтекешоваға сөз берілмегеніне таңғалды.

Ал Аман есімді қолданушы сахналық қойылымда қолданылған кейбір әзілдерді орынсыз деп есептеген.

“Әрине, заман талабына сай жаңашылдық керек. Бірақ жаңашылдық деген ұлттық дүниемізді қалай болса солай өзгерту немесе кез келген сөзді қолдану емес”, – деп жазды ол.

“Биылғы байқауда ешкім ерекше есте қалмады”

Ұйымдастырудағы кемшіліктер қатысушылардың өздерін көрсетуіне де әсер еткенін айтқандар бар.

Мәселен келесі желі қолданушысы байқаудан ерекше әсер алмағанын жеткізді.

“Осы жылғы “Қазақ аруы” қатты құлдырады. Ешкім өзін көрсете алмады. Ешкім ерекше есте қалмады. Кімге және не үшін дауыс беру керек еді? Қыздардың қобалжығанын түсінемін, бірақ соншалық емес қой. Тарихқа келгенде көбі қиналды. Биылғы тақырып “Қыз Жібек” болатынын алдын ала білді, сондықтан дайындалуға болатын еді”, – деп жазды ол.

Ал спортшы Қуат Хамитов байқаудың жалпы нәтижесіне наразылық білдіріп, оның атауын өзгертуді ұсынған.

“Мисс Қазақстан” мен “Қазақ аруы” – мағынасыз байқаулар! Елімізде қаншама сұлу қыз бар, ал сіздер бұл атақты кім көрінгенге бересіздер! Басқа елдер мұны көріп, Қазақстандағы ең сұлу қыз осы екен деп ойлауы мүмкін ғой?! Бұл байқауды “Қазақ аруы” емес, “Баян аруы” деп өзгерту керек. “Қазақ” деген сөзді қолданғанда, ол бүкіл ұлтқа қатысты болады. Біздің елде бұл атаққа лайықты, сұлу қыздар жетерлік”, – деп жазды спортшы.

Осылайша, әлеуметтік желіде айтылған сынның басым бөлігі қатысушылардың сырт келбетіне емес, оларды бағалау тәртібіне, сахнада өз қабілетін көрсету мүмкіндігіне және байқау бағдарламасының мазмұнына қатысты болды.

Айта кетейік, “Қазақ аруы – 2026” байқауында бас жүлдені Асылым Өтепберген жеңіп алса, екінші орынды қостанайлық Әйгерім Қайпен, үшінші орынды шымкенттік Сымбат Әбубәкір иеленді.

Қазақ аруы байқауының нәтижесі
Фото: Youtube / BM Production

Еске салайық, бұған дейін танымал тележүргізуші әрі әнші Аша Матай “Қазақ аруы – 2026” байқауындағы әрекеті үшін әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Желі қолданушылары жүргізушіні қатысушылардың сөзін бөліп, ойын толық жеткізуіне мүмкіндік бермеді деп сынап жатқаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 04 Қараша, 2026 13:20