Алматыда 8-қабаттан құлап кеткен жасөпірімді дәрігерлер аман алып қалды
Алматыда көпқабатты үйдің сегізінші қабатынан құлап кеткен 13 жастағы баланың өмірін дәрігерлер аман алып қалды. Жасөспірім шамамен 24 метр биіктіктен асфальтқа құлаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиғадан кейін ауыр жарақат алған баланы жедел жәрдем қызметкерлері Алматыдағы №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасына жеткізген. Дәрігерлер жасөспірімнің бас миы зақымданып, қол-аяғы бірнеше жерден сынғанын хабарлады. Сондай-ақ кеуде қуысы мен ішкі ағзалары да ауыр зақымданған. Баланы бірден жансақтау бөліміне жатқызып, дәрігерлер бүкіл денесін компьютерлік томографиядан өткізген. №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасының жансақтау бөлімінің меңгерушісі Медетәлі Мақұлбековтің айтуынша, алғашқы екі тәулікте дәрігерлер бала өмірін сақтап қалу үшін барынша күш салған.
"Бала ауруханаға түскенде жағдайы өте ауыр болды. Біз бірден шокқа қарсы ем жүргізіп, қан айналымын тұрақтандыруға және өмірлік маңызды ағзалардың жұмысын сақтауға кірістік. Алғашқы екі тәулікте басты міндетіміз оның жағдайын тұрақтандыру болды. Жағдайы біршама жақсарған соң ота жасадық. Операциядан кейін айтарлықтай асқыну болған жоқ", – деді дәрігер.
Үшінші күні жасөспірім жансақтау бөлімінен травматология бөліміне ауыстырылған. Оған барлығы төрт рет ота жасалған екен. Баланың ем-домына хирург Әділжан Нұров, анестезиолог Медетәлі Мақұлбеков, сондай-ақ Абзал Әбдіқасым мен Болат Ермекұлы қатысқаны белгілі болды.

Аурухана директорының орынбасары Құрметбек Тоқтардың айтуынша, мұндай биіктіктен құлаған адамның аман қалуы өте сирек кездесетін жағдай екен.
"Сегізінші қабаттан құлау деген адам өміріне аса қауіпті дер едім. Баланың тірі қалғанының өзін ғажайып деуге болады. Дәрігерлер бірден көмек көрсетіп, төрт рет ота жасады. Барлық операция сәтті өтті. Қазір баланың жағдайына жақсы болжам жасауға болады. Дегенмен оның толық сауығуы үшін әлі де ем қабылдап, оңалтудан өтуі қажет", – деді ол.
Қазір жасөспірімнің жағдайы жақсарып, ауруханадан үйіне шығарылған. Бұдан әрі оның денсаулығын емхана дәрігерлері бақылайды. Ал желтоқсан айында бала арнайы оңалту курсынан өтеді.
Еске салсақ, бұған дейін Павлодарда төрт жасар баланың сегізінші қабаттан құлап, аман қалғанын жазған едік. Оқиға 9 қыркүйекте болған. Бүлдіршін балконнан құлап, төменгі қабаттағы кондиционер мен ағашқа соғылған. Соның арқасында соққы жеңілдеген болуы мүмкін. Бала ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Алматылықтар тұмшаға тұншығып жатқанын айтып, дабыл қақты: Қай ауданның тұрғындары қауіпті аймақта орналасқан