Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда 4 жасар бала сегізінші қабаттан құлап, аман қалды

Терезе
Фото: depositphotos.com

Павлодарда 4 жастағы бала сегізінші қабаттан құлап, аман қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға 9 қыркүйек күні болған. Қазір бүлдіршін облыстық балалар ауруханасында ауыр жағдайда жатыр. 

"Кәмелетке толмаған бала көпқабатты үйдің сегізінші қабатындағы пәтердің балконынан құлап кеткен", – делінген Павлодар облысының ТЖД хабарламасында.

Оқиға болған кезде ата-анасының үйде болмағаны анықталды. Қараусыз қалған бала балконға шығып, орындық қойып, төменге құлап кеткен көрінеді. 

"Баланың анасы кіші баласымен аулада болған. Үйде қалған балаға әпкесі қарап отырған. Әпкесі басқа нәрсемен айналысып кеткенде, бала балконға шығып, орындықты қойып, соған мінген де, кондиционердің үстіне шыққан. Осыдан кейін ол төменге құлап, төменгі қабаттағы кондиционерге, кейін ағашқа түскен. Мұның бәрі соққыны жұмсартқан болуы мүмкін", – деді Павлодар облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Зауреш Қалиева.

Бала шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның басынан, денесінен және ішкі ағзаларынан көптеген жарақат алғанын анықтады.

Дәрігерлердің айтуынша, бүлдіршіннің осындай биіктіктен құлағаннан кейін аман қалуы өте сирек кездесетін жағдай.

"Бала ғажайыптың арқасында аман қалды. Мұндай биіктіктен құлаған жағдайлардың басым көпшілігі өліммен аяқталады. Баланың жолы болып, бірден жерге құламаған. Қазір қандай да бір болжам айтуға әлі ерте. Алған жарақаттарына байланысты жағдайы ауыр. Барлық қажетті ем шаралары жалғасып жатыр. Бүлдіршін есін біледі", – делінген Павлодар облыстық балалар ауруханасының хабарламасында. 

Дәрігерлердің мәліметінше, жыл басынан бері Павлодар облысында көпқабатты үйлердің терезесінен он бала құлап кеткен. Олардың үшеуі қаза тапқан.

Еске салсақ, бұған дейін Қарағандыда алтыншы қабаттан құлап кеткен үш жасар бала аман қалғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 10 Қыркүйек, 2026 21:25