180 млн теңгеге бағаланған ақбөкен мүйізін Қазақстаннан Қытайға заңсыз алып өтпек болған
Қытайға 180 миллион теңгелік ақбөкен мүйіздерін алып өтпек болғандар "Қорғас" бекетінде ұсталды. Шекарашылар 620 мүйізді тәркіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Күдіктілерді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі “Қорғас” халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығында ұстады. Олар Қытайға заңсыз жолмен 620 ақбөкен мүйізін алып өтпек болған. Тәркіленген мүйіздердің қара нарықтағы құны шамамен 180 миллион теңге.

Комитет мәліметінше, оқиға 20 қазанда болған. Шекарашылар Қытайға ірі көлемдегі ақбөкен мүйіздерін заңсыз алып өту әрекетін анықтаған. Аталған дерек бойынша материалдар тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін құзырлы органға жіберілді.
Комитет Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, тергеуге қатысты өзге ақпарат жарияланбайтынын хабарлады.
Ақбөкен мүйізін заңсыз алып шыққандарға қандай жаза қолданылады?
Ақбөкеннің мүйізін елден заңсыз алып шыққандар Қылмыстық кодекстің 339-1-бабы (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен заңсыз айналысу) бойынша жауапқа тартылады.
Заңда мынадай жазалар қарастырылған:
- Негізгі құрам бойынша: үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру. Сонымен қатар белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейін айыру қолданылуы мүмкін.
- Ауырлататын мән-жайлар болса: қылмыс қайталанса, адамдар тобы алдын ала келісіп әрекет етсе немесе басқа да ауырлататын жағдайлар анықталса, кінәлілер екі жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы не бостандығы шектелуі мүмкін. Оған қоса 2 000–5 000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы ықтимал.
- Қылмыстық топ қатысса немесе әрекет аса ірі мөлшерде жасалса: үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Бұл жаза түрлерінің бәрі бірдей әр іске автоматты түрде қолданылмайды. Нақты саралау тергеу нәтижесі мен сот анықтаған мән-жайларға байланысты.
Ақбөкен мүйізін шетелге шығару неге қатаң бақыланады?
Ақбөкен – халықаралық қорғауға алынған жануар. Оның мүйізі мен басқа да бөліктерінің халықаралық саудасы жойылып кету қаупі төнген жабайы жануарлар мен өсімдіктер түрлерінің халықаралық саудасы туралы CITES конвенциясымен реттеледі.
CITES ережелері бойынша ақбөкеннің жабайы табиғаттан алынған үлгілерін коммерциялық мақсатта экспорттауға шектеу қойылған. Қазақстан популяциясынан алынған ақбөкен мүйіздеріне қатысты халықаралық ережеде ерекше жағдай қарастырылған. Алайда бұл тек мемлекет меншігіндегі, арнайы қорда сақталған және тиісті түрде таңбаланған мүйіздерге қолданылады. Сонымен қатар халықаралық деңгейде келісілген қадағалау талаптары орындалуы керек.
Демек мүйізді Қытайға немесе басқа мемлекетке алып шығу үшін оны шекарадан өткізу жеткіліксіз: өнімнің заңды шығу тегі, тиісті рұқсаттары және халықаралық сауда талаптарына сәйкестігі де расталуы керек.
Заңды мүйіз бен заңсыз өнімді қалай ажыратады?
Қазақстанда ақбөкен мүйіздерінің айналымын бақылауға арналған таңбалау және қадағалау жүйесін енгізу жөніндегі ережелер қабылданған. Қағидаларда мүйізге жеке сәйкестендіру кодын түсіру, өнім туралы мәліметтерді цифрлық жүйеде тіркеу және оның шығу тегін растайтын құжаттарды көрсету тәртібі сипатталған.
Мұндай жүйенің мақсаты – мүйіздің қайдан алынғанын, кімге тиесілі екенін және оның заңды айналымда жүрген-жүрмегенін бақылау. Алайда таңбаның болуы өздігінен өнімді экспорттауға рұқсат бермейді: тиісті құжаттар мен халықаралық талаптар да сақталуы қажет.
Бұған дейін де заңсыз әрекеттер тіркелген
Қазақстанда ақбөкен мүйіздерін Қытайға заңсыз әкетуге байланысты бұған дейін де ірі оқиғалар болған.
Мысалы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2021 жылы Алматы облысында ақбөкен мүйіздерін заңсыз өндірумен және Қытайға жеткізумен айналысқан қылмыстық топтың жолы кесілгенін хабарлады. Операция барысында жалпы салмағы 700 келі болатын 3 144 мүйіз тәркіленген. Іс Қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша тергелген.
Ал 2024 жылы маусымда “Қорғас” кеден бекетінде Қытайға бет алған көліктің капот астынан бақылаудан жасырылған 112 ақбөкен мүйізі табылған. Кеден органдары бұл әрекет үшін Қылмыстық кодекстің 339-1-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылғанын хабарлаған.
Айта кетейік, бұған дейін Қытайдың медицина және биотехнология саласы бойынша маманданған Chengtian Runkang Pharmaceutical компаниясы Батыс Қазақстан облысында киік етін қайта өңдеу зауытын салып жатқаны туралы жазған едік.
"Байлықтың жарысы": Қазақстандықтар құдалыққа миллиондап ақша жұмсап, киіт кигізуге қарсы шықты