Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейде соғыс аймағына тап болған 12 жігіт елге оралды

жігіттер
Фото: Видеодан скрин

Ресейге жұмыс істеуге барып, мәжбүрлі түрде соғыс аймағына тап болған 12 қазақ баласы елге қайта оралды. Мұны заңгер Мейірман Шекеев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Аталған жағдай туралы заңгер Мейірман Шекеев Instagram парақшасында жазды. Ол елге оралған әр бала өз отбасымен қауышқанын жеткізді. 

“Бұл қуанышты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Көңіл толқығанда не айтарыңды да білмей қалады екенсің. Бұл – жай ғана қайту емес. Бұл – ата-ананың көз жасы,отбасының үміті, баланың, Қазақстан азаматтарының елге оралуы. Осы балалардың әрқайсысы бүгін өз жерінде, өз елінде, өз ата-анасының жанында”, – деп жазды заңгер. 

Қазір соғыс аймағында қалған басқа да қазақ балаларын қайтару үшін келіссөз жүріп жатыр екен. 

Айта кетейік, бұған дейін Ресейге жұмыс істеуге кеткен бір топ қазақстандық елге қайта алмай отырғаны туралы жазған едік. Жігіттердің айтуынша, олар күзет агенттігіне жұмысқа орналасу үшін барған. Алайда құжаттарға қол қойғаннан кейін оларға соғысқа аттануға міндетті екендері айтылған. Желіде тараған видеоүндеуден кейін сыртқы істер министрлігі Ресейдегі соғыс аймағынан қазақстандықтарды қайтару неге қиын екенін түсіндіріп, мәлімдеме жасады. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 22 Қазан, 2026 12:39