"Елге оралуға кедергі жоқ": Украинадағы соғыс аймағынан 13 қазақстандық қайтатын болды
Ресейге жұмыс істеуге барып, Украинадағы соғыс аймағына түскен 13 қазақстандық елге қайтуға дайындалып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған ақпаратты заңгер Мейірман Шекеев хабарлады. Ол Украинадағы соғыс аймағынан 13 қазақстандықты босатып, елге қайтару жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді.

“Украинадағы соғысқа қатысуға мәжбүр болған қазақстандық азаматтардың алғашқы 13-і әскери қызметтен босатылды. Енді олардың елге оралуына ешқандай құқықтық кедергі жоқ”, – деп жазды ол.
Шекеев қазақстандықтардың туыстарының алғыс сөзін жариялады.
“Олар азаматтарды елге қайтаруға көмектескені үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Сыртқы істер министрлігі қызметкерлеріне және қолдау көрсеткен барша адамға ризашылығын білдірді”, – делінген жазбада.
Айта кетейік, бұған дейін Ресейге жұмыс істеуге кеткен бір топ қазақстандық елге қайта алмай отырғаны туралы жазған едік. Жігіттердің айтуынша, олар күзет агенттігіне жұмысқа орналасу үшін барған. Алайда құжаттарға қол қойғаннан кейін оларға соғысқа аттануға міндетті екендері айтылған. Желіде тараған видеоүндеуден кейін сыртқы істер министрлігі Ресейдегі соғыс аймағынан қазақстандықтарды қайтару неге қиын екенін түсіндіріп, мәлімдеме жасады.
"Байлықтың жарысы": Қазақстандықтар құдалыққа миллиондап ақша жұмсап, киіт кигізуге қарсы шықты