Ресейде 19 жастағы қазақстандықты күштеп әскери келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлеген: Отбасы ұлын іздеп жатыр
Өскемен қаласының 19 жастағы тұрғыны Камир Нұрғалиевтің туыстары Ресейдің Ульяновск қаласында ұлдарын қорқытып, күш қолдану арқылы әскери келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлегенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Орал апталығы” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазір отбасы ұлдарының нақты қайда екенін білмейді. Жас жігіттің анасы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне көмек сұрап жүгінген.
Камирдің анасы Алёна Павловна ұлының өзі болған жағдай туралы туыстарына хабарлап үлгергенін айтқан. Қазақстанның Ресейдегі консулдығы ананың өтінішін қабылдап, қазір Камирді іздестіруге кіріскен.
Анасының айтуынша, 15 қазанда Камир Telegram арқылы басқа біреудің аккаунтынан өзінің немере ағасы Сергеймен байланысқа шыққан. Жас жігіттің жеке телефонын тартып алған көрінеді.
Камирдің сөзінше, белгісіз адамдар шағын автобуспен келіп, оны досымен бірге көшеде тоқтатқан. Кейін екеуін ұрып-соғып, Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қоймаса, есірткі салып жіберетіндерін айтып қорқытқан. Жас жігіт денесінің әр жері көгергенін айтып, туыстарынан өзіне көмек көрсетіп, құтқаруды өтінген.
Алёна Павловнаның сөзінше, ұлы өзінің қайда екенін нақты айта алмаған. Ол тек өздерін "оқуға" жіберу үшін Ростовқа алып кетпек екенін айтқан.
Камир Ресейге көктемде колледжді бітіргеннен кейін ақша табу үшін барған. Анасының айтуынша, ұлы өз бетінше ақша тауып, ересек өмірге қадам басқысы келген.
Отбасы Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне ресми өтініш жолдаған. Туыстары жауапты органдардан Камирдің қайда екенін анықтап, оның жағдайын тексеруді, қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және елге оралуына көмектесуді сұрап отыр.
Алёна Павловнаға Қазақстанның Қазан қаласындағы консулдығынан да хабарласып, көмек көрсетуге уәде берген.
Жас жігіттің анасы ұлын тауып, елге қайтаруға үлгермей қаламыз ба деп алаңдайды.
Еске салсақ, бұған дейін Ресейге жұмыс істеуге кеткен бір топ қазақстандық елге қайта алмай отырғаны туралы жазған едік. Жігіттердің айтуынша, олар күзет агенттігіне жұмысқа орналасу үшін барған. Алайда құжаттарға қол қойғаннан кейін оларға соғысқа аттануға міндетті екендері айтылған. Желіде тараған видеоүндеуден кейін сыртқы істер министрлігі Ресейдегі соғыс аймағынан қазақстандықтарды қайтару неге қиын екенін түсіндіріп, мәлімдеме жасады.
Қазақстандық мұғалімдер жұмыстан тыс уақытта түнгі рейдке шығуға әлі де мәжбүр екенін айтты: Оқу-ағарту министрлігі не дейді
