"Баламды аман қайтарыңдаршы": Ресейге жұмысқа барып, соғыс ортасынан бір-ақ шыққан қазақстандықтардың жақындары министрлікке жиналды
Астанада Сыртқы істер министрлігінің алдына Ресейге жұмыс істеуге кетіп, кейін соғыс аймағына тап болған қазақстандықтардың ата-аналары, бауырлары мен жақындары жиналды. Бірінің қолында баласының суреті, енді бірінің телефонында соңғы жазысқан хаты тұр. Әңгіме басталған сайын аналарының даусы дірілдеп, кейбірі көз жасына ерік берді. Олардың бар тілегі біреу – жақындарын соғыс аймағынан аман алып шығу. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Туыстарының айтуынша, жігіттердің бір бөлігі Ресейге күзетші немесе басқа жұмысқа орналасамыз деп кеткен. Кейін құжаттарға қол қойған соң, әскери әрекеттерге қатысуға міндетті екендерін білген. Кей отбасы жақындарының нақты қайда жүргенін бірнеше ай бойы анықтай алмай келген. Қазір олардың басты талабы – жігіттерді алдымен соғыс аймағынан қауіпсіз жерге шығару болып отыр.
Бүгін министрлікке келгендер бірнеше ай бойы түрлі мекемеге хат жазып, телефон шалып жүргендерін жеткізді. Кейбірі баласын іздеп Ресейге дейін барған. Алайда туыстары әзірге нақты шешімнен гөрі "құжат жолданды", "жауап күтіңіздер" деген сөзді жиі еститіндерін айтады. Ал олардың сөзінше, күтуге уақыт қалмай барады.
Отбасыларға құқықтық көмек көрсетіп жүрген адвокат Мейірман Шекеев те кездесуге қатысты. Оның айтуынша, бұл мәселе Президент Әкімшілігіне дейін жеткізілген, ал ендігі талап – бірнеше мемлекеттік органды бір жерге жинап, жедел комиссия құру. Адвокат ата-аналардың бұған дейін алған кей уәделері орындалмай қалғанын да айтты. Сондықтан туыстар бұл жолы нақты мерзім мен нақты әрекет күтеді.
"Сыртқы істер министрлігінде министр орынбасарлары Арман және Жанболат мырзалармен кездестік. Президентке жолдаған өтінішіме тиісті органдар өз ұсыныстарын қосып, қайта жолдайтын болды, яғни мәселе Президенттің назарына жетеді деп отырмыз. Бұл іске ҰҚК да қосылуы керек деп санаймыз, сондықтан арнайы комиссия құруды ұсындық. Бастапқыда бізбен байланысқан кейбір ҰҚК өкілдері балаларды екі күннің ішінде алып шығуға көмектесетіндерін айтқан еді, бірақ кейін нәтиже болмады. Кей ата-аналарға да "орналасқан жерін жіберіңіз, қазір барамыз" деген жауап берілген. Сондықтан енді тек уәде емес, шұғыл әрекет керек", – деді Мейірман Шекеев.
Жүрербек Бекасылдың анасы Назира Болысова ұлын төрт айдан бері іздеп жүргенін айтады. Бекасыл отбасында жалғыз бала екен. Ол наурыздың соңында жұмысқа кеткенде анасы оның жанында таныс адамдар барын біліп, аса қауіптенбеген. Біраз уақыттан кейін баласының хабарласуы сирей бастаған. Ал бес күн бұрын келген соңғы хабар анасының мазасын мүлде қашырғанын айтады.
"Балам: "Мама, жараландым. Қолымнан көп қан кетті. Елге қайтқым келеді, маған көмектесші", – деді. Содан кейін телефоны өшіп қалды, әлі хабар жоқ. Соғысқа кеткенін маған бір ай бұрын ғана айтты, оған дейін "жұмыстамын, уайымдама" деп жазып жүрді. Кейін "амалдың жоқтығынан бардым" деді. Төрт айдан бері баламды іздеп жүрмін, Ресейге де екі рет бардым. Енді менен көмек сұраған баламды аман қайтарғым келеді", – деді Назира Болысова.
Назираның сөзінше, ұлын жұмысқа жіберген адамдардың телефондары мен фотолары өзінде бар. Солардың бірі Шымкент қаласында құс фабрикасында жұмыс істеп, Бекарыс және басқа да адамдарды Ресейге жұмысқа жіберуге қолғабыс еткен Мұхтар есімді бригадир. Ұлын іздеп бригадир Мұхтарға хабарласқанда, ол Ресеймен енді жұмыс істемейтінін, екі ай бұрын келісімшартты бұзысқанын жеткізген. Анасы ұлының Белгород жақта болғанын да кейін білген. Қазір оның ең үлкен қорқынышы – жараланған баласының қайда екенін білмеуі болып отыр.

Министрлік алдына келген тағы бір ана – Гүлжан Тащарғанова. Қазір Ресейден күтіп жүрген баласы тұла бойы тұңғышы. Тоғыз баланың үлкені. Эпилепсиямен ауырғандықтан, Қазақстанда әскер қатарына жарамсыз деп танылған. Оның ұлы Мирас та соғыс аймағында жүргенін хабарлаған. Гүлжан бірнеше ай бойы елшілікке, консулдыққа, министрлікке және басқа органдарға жүгінгенін айтады. Алайда әр жауаптан кейін үміттеніп, артынша қайта белгісіздікке тап болу отбасын әбден қажытқан.
"Үміт жоқ болса, бізге бос үміт бермеңіздерші. Балаларымыз ол жақта бізден хабар күтеді, ал біз мемлекеттік органдардан жауап күтеміз. Біз оларды дәл қазір үйге әкеліп беріңдер деп отырған жоқпыз, ең болмаса соғыс жүріп жатқан жерден қауіпсіз аймаққа шығарсын. Ұлым маған: "Мама, ертең тірі боламын ба, білмеймін. Бәріне дайын бол", – деді. Бір күні біреу телефон шалып, "Мирас қаза болды" деді, сол сәтте мен үшін бәрі тоқтап қалғандай болды. Жиырма бес минуттан кейін баламның өзі қоңырау шалғанда ғана оның тірі екенін түсіндім", – деді Гүлжан Тащарғанова.
Гүлжан ұлының әскери дайындықтан өтпегенін, бұрын қару ұстамағанын айтады. Оның сөзінше, Мирас бірінші шепке жіберілуі мүмкін екенін хабарлаған. Анасы жараланған және ауырған адамдардың да қайта соғыс аймағына жіберіліп жатқаны туралы баласынан естігенін жеткізді.
Келдібек Айнабектің әпкесі Сымбат Еркінбек те бүгін министрліктен нақты жауап ести алмағанын айтады. Оның сөзінше, туыстарға құжаттардың жолданғаны және тиісті мекемелермен жұмыс жүріп жатқаны түсіндірілген. Бірақ жақындары соғыс аймағында жүрген отбасылар үшін мұндай жауап жеткіліксіз болып отыр. Кей ата-ана бұл мәселенің соңынан төрт ай, кейбірі алты ай бойы жүргенін айтады.
"Бізге "жұмыс істеп жатырмыз, құжаттар жолданды, күту керек" деді. Бірақ бізде күтетін уақыт жоқ, өйткені балалар соғыстың алдында тұр. Біз "балаларды қазір қолымызға әкеліп беріңдер" деп отырған жоқпыз. Ең болмаса оларды соғыс аймағынан шығарып, қауіпсіз жерге орналастырсын. Бізге жедел желіге 38 өтініш түскені айтылды, бірақ оның өзіне дейін қаншама рет хат жазып, қоңырау шалдық. Бір ата-ана алты айдан, енді бірі төрт айдан бері осы жолда жүр", – деді Сымбат Еркінбек.
Бүгін министрлік алдына жиналғандардың әрқайсысының оқиғасы бөлек болғанымен, күткені ортақ. Бірі баласының жараланғанын естіген, екіншісімен байланыс үзілген, үшіншісі ұлының бірінші шепке кететінін айтып отырғанын жеткізді. Олар келісімшарттың қалай жасалғанын немесе кімнің кінәлі екенін кейін анықтауға да дайын. Алдымен балаларын соғыс аймағынан қауіпсіз жерге шығаруды сұрайды.
Еске салайық, бұған дейін осы жағдайға тап болған Айнабек есімді жігіттің туыстары да көмек сұраған еді. Отбасының айтуынша, ол Ресейге күзетші болып жұмыс істеуге кеткен, алайда кейін Луганск аумағына жеткізілген. Анасы Айнабектің орыс тілін нашар түсінетінін және қол қойған құжаттарының мазмұнын толық ұқпағанын айтқан. Туыстары оның бастапқыда күзет агенттігіне жұмысқа орналасып жатырмын деп ойлағанын жеткізген.
Желіде тараған видеоүндеуден кейін сыртқы істер министрлігі Ресейдегі соғыс аймағынан қазақстандықтарды қайтару неге қиын екенін түсіндіріп, мәлімдеме жасады.
"Баламды аман қайтарыңдаршы": Ресейге жұмысқа барып, соғыс ортасынан бір-ақ шыққан қазақстандықтардың жақындары министрлікке жиналды