"Келіссөздер жүргізілуде": Сыртқы істер министрлігі Ресейдегі қақтығыс аймағында қалған қазақстандықтарға қатысты жаңа мәлімдеме жасады
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Ресейдегі соғыс қимылдары жүріп жатқан аймақта қалып қойған қазақстандықтарды елге қайтару бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін желіде Ресейге жұмыс істеу үшін кетіп, әскер қатарына алынған қазақстандықтар тағы да үндеу жасап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған еді.
Қазақстан азаматы Қайсар Алмаздың мәліметінше, оларға 1 немесе 2 күннен соң Қазақстанға алып кетеді деп айтылған. Алайда 10 күннен бері ешқандай жауап келмеген. Жігіттер өздерін соғысқа алып кетуіне небәрі 3 күн қалғанын айтып, дабыл қақты.
Сыртқы істер министрлігі әлеуметтік желілерде бейнеүндеу жариялаған азаматтарға қатысты қажетті шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.
"Оларды Отанына қайтару бойынша келіссөздер жүргізілуде. Жедел желіге өтініштер әлі де түсіп жатыр. Әрбір өтініш бойынша ақпарат тексерілуде. Тексеру аяқталғаннан кейін жасақталған тізім Ресей тарапына жіберіледі", – делінген хабарламада.
Министрлік мәліметінше, аталмыш мәселе бойынша Ресей тарапымен түрлі деңгейде тұрақты байланыс орнатылған.
Еске салсақ, бұған дейін Ресейге жұмыс істеуге кеткен бір топ қазақстандық елге қайта алмай отырғаны туралы жазған едік. Жігіттердің айтуынша, олар күзет агенттігіне жұмысқа орналасу үшін барған. Алайда құжаттарға қол қойғаннан кейін оларға соғысқа аттануға міндетті екендері айтылған. Желіде тараған видеоүндеуден кейін сыртқы істер министрлігі Ресейдегі соғыс аймағынан қазақстандықтарды қайтару неге қиын екенін түсіндіріп, мәлімдеме жасады.
