"Соғысқа жіберуге 3 күн қалды": Ресейде жүрген қазақстандық жігіттер көмек сұрады
Қазақстаннан Ресейге жұмыс істейміз деп кеткен қазақстандықтар әлеуметтік желіге өздері шығып, бейнеролик жариялады. Қайсар Алмаз есімді азамат әлеуметтік желіде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан азаматы Қайсар Алмаздың мәліметінше, оларға 1 немесе 2 күннен соң Қазақстанға алып кетеді деп айтқан. Алайда 10 күннен бері ешқандай да жауап келмеген.
“Барша қазақ елінен, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінен және елшіліктен, Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраймыз. Бізді соғысқа аттандыруына небәрі 3 күн қалды. Бірге келген 15 шақты адам қалып еді, бірақ қазір 10 шақты адам қалды”, – деді Қайсар Алмаз.
Қайсардың айтуынша, оларға өз еркімен емес, күштеп соғысқа баруға қол қойдыртып, аттандырып жіберген. Қазақстан тарапы Ресей елшілігімен ресми қол қойып аман есен алып келеміз деп уәде берген.
“Біз нақты жауап ала алмай отырмыз. Біз басқа жерде соғысып өлгенше, өз жерімізді қорғап өлгеніміз артық. Бізді уақытша ұстау изоляторына апарып қамап тастаса да, сол жақта жатып жауабын күте береміз”, – деді Қайсар Алмаз.
Сөз соңында қазақстандық жауынгер Қазақстан тарапы тезірек қимылдамаса, оларды да жақын арада соғысқа алып кететінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, Қайсардың осы мәлімдемесінен кейін тағы бір Шахназар Жүсіп есімді қазақстандықтың жақыны да көмек сұрап әлеуметтік желіге жариялады.
Бұған дейін бұл жағдайға Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасаған еді. Өз сөзінде оларға соғыста қалып кеткен қазақстандықтардың жақындары тоқтаусыз хабарласып жатыр. Соғыс қимылдары жүрiп жатқан аймақта жүрген қазақстандықтардың туыстарынан келетін өтініштерді қабылдау үшін Министрлікте арнайы жедел желі жұмыс істейді.
“Қазақстандықтарды Отанына қайтару жөніндегі бірлескен шараларды әзірлеу мақсатында СІМ Ресей тарапымен консультацияларды жалғастырып жатыр”, – деп жауап берді Сыртқы Істер министрлігі.
2-қазанда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Уақытша сенімді өкілімен кездесті.
“Жақын арада Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшісі Ресей Сыртқы істер министрлігінің және Қорғаныс министрлігінің басшылығымен кездесулер өткізеді”, – деп жауап берді министрлік.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сымбат Еркінбек есімді қазақстандық Ресейге жұмысқа кеткен інісін күштеп Украинаға соғысқа жіберіп жатқанын айтып, биліктен көмек сұрады. Айтуынша жақында әскерден оралған 19 жастағы қазақстандық Ресейге күзетші болып жұмыс істеуге кеткен. Алайда бірнеше күннен кейін ол әпкесіне Украинадағы Луганск маңында екенін айтып, құтқаруын сұраған еді.