Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар бір өтінішпен бірнеше несие бойынша қарыздарын өтей алады

несие
Фото: goldenlex.kz

Қазақстанда бірнеше банк пен микроқаржы ұйымына қарызы бар азаматтар мерзімі өткен берешегін бір өтініш арқылы реттей алады. Ол үшін 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Finkelisim.kz бірыңғай цифрлық платформасы жұмыс істеп тұр. Алайда бұл мүмкіндік барлық қарыз алушыға бірдей берілмейді: өтініш беруші бірнеше талапқа сай болуы керек. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Қаржылық қиындыққа тап болып, несиесін уақытында төлей алмай жүрген азамат ең алдымен банкке, микроқаржы ұйымына немесе коллекторлық агенттікке жүгініп, қарызды өтеу шарттарын өзгертуді сұрай алады. Өтінішке қаржылық жағдайының нашарлағанын немесе төлемнің кешігуіне себеп болған жағдайларды растайтын құжаттарды қоса беру қажет.

Мұндай құжаттарға жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтама, еңбек шартының тоқтатылғанын растайтын құжат, уақытша еңбекке жарамсыздық парағы, мүгедектігі туралы анықтама немесе материалдық шығынға ұшырағанын дәлелдейтін құжаттар жатады. Кредитор өтінішті 15 күнтізбелік күн ішінде қарап, шешім қабылдауға міндетті.

Егер банк немесе микроқаржы ұйымы өтінішті қанағаттандырмаса не ұсынған шарттар қарыз алушыға қолайсыз болса, ол банк немесе микроқаржы омбудсманына жүгіне алады. Банк несиесіне қатысты өтініштерді bank-ombudsman.kz, ал микрокредиттер бойынша өтініштерді mfombudsman.kz сайттары арқылы беруге болады. Омбудсмандардың қызметі тегін, ал олардың шешімдері банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін міндетті.

 

Бірнеше қарызды бір өтінішпен реттеу үшін не істеу керек?

Бірнеше кредитор алдындағы қарызды бір өтінішпен реттеу үшін Finkelisim.kz платформасын пайдалануға болады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Бірінші кредиттік бюро бірлесіп әзірлеген жүйе тұтынушылық кепілсіз несиелер бойынша берешекті реттеуге арналған. Оның басты ерекшелігі — қарыз алушы әр кредиторға жеке өтініш бермей, бір өтініш арқылы барлық кредиторға жүгінеді.

Платформаны пайдалану үшін азамат бірнеше талапқа сай болуы керек.

  • Біріншіден, оның екі немесе одан да көп кредитор алдындағы төлем мерзімі кемінде 90 күнге кешігуі қажет.
  • Екіншіден, жалпы берешек мөлшері 150-ден 1 600 айлық есептік көрсеткішке дейін болуы керек.
  • Үшіншіден, қарызды өндіріп алу туралы сот актілері, нотариустың атқарушылық жазбасы немесе мәжбүрлеп өндіріп алудың басқа шаралары болмауы тиіс.

Бұл рәсім ипотекалық және автокөлік несиелеріне, кәсіпкерлік қызметке байланысты қарыздарға, алаяқтық жолмен рәсімделген несиелерге және берешектің кейбір басқа санаттарына қолданылмайды. Сондай-ақ қарыздары бойынша төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе банкроттық рәсімі жүріп жатқан азаматтар да бұл тетікті пайдалана алмайды.

Қарызды өтей алмасаңыз не істеуге болады?

Қаржылық жағдайы несиені төлеуге мүмкіндік бермейтін азамат заң талаптарына сәйкес келсе, соттан тыс банкроттық рәсімін қарастыра алады. Алайда банкроттықтың салдары бар: рәсім аяқталғаннан кейін бес жыл бойы жаңа несие мен микрокредит алуға шектеу қойылады. Бұдан бөлек, үш жыл бойы азаматтың қаржылық жағдайы бақыланады. Қайта банкроттық рәсіміне тек жеті жылдан кейін жүгінуге болады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарға төлем мерзімінің өтуін елемей жүре бермей, қиындық туындаған кезде кредиторларға уақытында жүгінуге кеңес береді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда бес жылдан астам уақыт бойы қарызын өтей алмаған азаматтар соттан тыс банкроттық рәсімінен бір ай ішінде өте алатыны туралы жазған едік.

Айнура Дарибаева
Бейсенбі, 22 Қазан, 2026 10:21