Қазақстанда қарызын өтей алмаған азаматтарға жеңілдік жасалады
Қазақстанда бес жылдан астам уақыт бойы қарызын өтей алмай жүрген кейбір азаматтар соттан тыс банкроттық рәсімінен бір айда өте алады. Ал жалпы тәртіп бойынша бұл рәсім алты айға созылады. Дегенмен банкроттыққа өтініш беру үшін борышкер заңда белгіленген талаптарға сай болуы керек. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіруінше, Қазақстанда қарыз мәселесін шешудің үш жолы бар: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.
Қандай жағдайда сотқа жүгінбей банкрот болуға болады?
2026 жылы соттан тыс банкроттық рәсіміне қойылатын қарыздың шекті мөлшері 1 600 АЕК-ті, яғни 6 920 200 теңгені құрайды. Бұл тәртіп заңда көрсетілген талаптарға сәйкес келетін азаматтарға қолданылады.
Әдетте борышкер мына талаптарға сай болуы керек:
- қарызы 6 920 200 теңгеден аспауы;
- міндеттемелері бойынша қатарынан 12 ай бойы төлем жасамауы;
- ортақ меншіктегі үлесті қоса алғанда, мүлкінің болмауы;
- заң талап еткен жағдайда, кредитормен берешекті реттеу рәсімінен өтуі;
- соңғы жеті жылда банкроттық рәсімін қолданбауы.
Бұл рәсім заңда көзделген банк, микроқаржы ұйымдары және коллекторлар алдындағы қарыздарға қатысты қолданылады.
Алайда кейбір азаматтарға жеңілдік қарастырылған. 2026 жылғы 19 наурыздан бастап бес жылдан астам уақыт өтелмеген қарызы бар азаматтардың соттан тыс банкроттық рәсімі бір айда аяқталуы мүмкін. Бұл ретте қарыз мөлшері заңда белгіленген шектен аспауы керек. Соңғы алты айда атаулы әлеуметтік көмек алған азаматтарға да жеңілдік беріледі: оларға қарызды 12 ай бойы өтемеу туралы стандартты талап қолданылмайды. Бұдан бөлек, 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған банк қарызы және микрокредит шарттары бойынша банкроттыққа өтініш берер алдында кредитормен берешекті реттеу міндетті емес.

Қарыз 6,9 миллион теңгеден асса не істеу керек?
Егер азамат соттан тыс банкроттық талаптарына сәйкес келмесе, ол сот арқылы банкроттық рәсіміне жүгіне алады. Бұл тәртіп, соның ішінде, қаржы ұйымдары алдындағы қарызы 1 600 АЕК-тен асқан жағдайда қолданылады. Заңда көзделген жағдайларда жеке тұлғалар алдындағы берешек пен басқа да міндеттемелер қарастырылуы мүмкін. Сот арқылы банкроттық кезінде қаржы басқарушысы тағайындалады. 2026 жылы оның ай сайынғы сыйақысы 85 мың теңге, яғни ең төменгі жалақы мөлшеріне тең. Мүлкі жоқ кейбір әлеуметтік осал азаматтар үшін бұл шығынды мемлекет өтейді. Борышкердің мүлкі кредиторлар алдындағы берешекті өтеу үшін сатылуы мүмкін. Жалғыз баспананың болуы да оны өндіріп алудан әрдайым қорғамайды. Егер үй кепілде тұрса, заңда белгіленген тәртіппен оған өндіріп алу қолданылуы ықтимал.
Банкрот болмай-ақ қарызды бөліп төлеуге бола ма?
Тұрақты табысы бар, бірақ бұрынғы төлем кестесін орындауға қиналып жүрген азаматтар төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін пайдалана алады. Бұл үшін сотқа жүгініп, қарызды бес жылға дейінгі мерзімде өтеу жоспарын бекітуге болады. Жоспар қаржы басқарушысының қатысуымен әзірленіп, борышкердің қаржылық жағдайы ескеріледі.
Бұл рәсімнің басты ерекшелігі — азамат банкрот мәртебесін алмайды. Сондықтан банкрот деп танылғандарға арналған шектеулер оған қолданылмайды.
Банкрот болғандарға қандай шектеулер қойылады?
Қазақстанда банкрот деп танылған азаматтарға бірқатар шектеу қолданылады:
- 5 жыл — заңда көзделген ерекшеліктерді қоспағанда, жаңа банк қарыздары мен микрокредиттер алуға тыйым салынады;
- 7 жыл — осы мерзім өткеннен кейін ғана қайтадан банкроттық рәсіміне жүгінуге болады;
- 3 жыл — азаматтың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі.
Сондықтан банкроттыққа өтініш бермес бұрын қарыз сомасын, соңғы төлем күнін, мүліктің бар-жоғын және рәсімнің талаптарын мұқият тексерген жөн.
Банкроттыққа қалай өтініш беруге болады?
Соттан тыс банкроттыққа өтінішті eGov.kz порталы, eGov Mobile мобильді қосымшасы, e-Salyq Azamat немесе халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы беруге болады.
Ал сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдері азаматтың тұрғылықты жері бойынша сотта қаралады.
Айта кетсек, бұған дейін Қазақстанда кімдердің сот арқылы өзін банкрот деп жариялай алатынын Конституциялық сот түсіндірген еді.
Қазақстандық мұғалімдер жұмыстан тыс уақытта түнгі рейдке шығуға әлі де мәжбүр екенін айтты: Оқу-ағарту министрлігі не дейді