Несие алмасаңыз да, қарызды өтеуге тиіс боласыз: Қоса қарыз алушы болуға келісер кезде нені білген жөн
Қаржы саласында банктен несие алушыдан бөлек, қоса қарыз алушы ұғымы кездеседі. Ол адам қарызгермен бірге, банкпен келісімшарт жасайды. Бұл дегеніміз егер қарыз қайтарылмай жатса, банк ақшаны қоса қарыз алушыдан талап ете алады деген сөз. Сонымен, кім қоса қарыз алушы бола алады және оның кепілгерден айырмашылығы бар ма? Бұл туралы біздің материалымыздан оқи аласыздар.
Еліміздің заңы бойынша несие алушы қарыз ретінде ай сайынғы кіріс мөлшерінің тек 50%-ын төлеуге болатыны айтылған. Алайда кей жағдайларда қарыз алушының табысы қарыз төлеуге жетпей қалуы мүмкін. Міне, осы кезде көмекке қоса қарыз алушы келеді.
Мәселен, несие алуда тағы кепілгер түсінігі бар. Алайда оның жалақысы қарыз алушыға несие беруде ескерілмейді. Бұған қоса, қоса қарыз алушы мен несие алушының жалақысы банкпен келісімшарт жасалғанда қосылып есептеледі. Ал кепілгердің табысы қарыз өтеуде несиенің мөлшерлемесіне толығымен жетуі тиіс.
Негізінен, қоса қарыз беруші ретінде несие алушының жақын туыстары, бизнес серіктестері, әріптестері мен достары бола алады. Бұған қоса, ипотека кезінде несие алушының жұбайы міндетті түрде қоса қарыз алушы болуы тиіс. Яғни, бұл дегеніміз ертеңгі күні ерлі-зайыптылар ажырасатын болса, екеуі де жылжымайтын мүлікке тең құқылы дегенді білдіреді.
Қоса қарыз алушы мен несие алушының бірлескен міндеттемесі болады. Бұл міндеттемелер толығымен орындалмайынша, банк екі тараптан да бірдей қарызды талап етуге құқылы. Яғни, егер сіз қоса қарыз алушы болсаңыз, несие алушыға қойылатын талаптармен сізге де қатысты болатынын ұмытпағаныңыз жөн.
Айта кетерлік жайт, қоса қарыз алушы несиенің тең жартысын талап етуге немесе ипотекаға алынған жылжымайтын мүліктің иесі болуына толықтай құқығы бар.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
