Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
3 шілде күні Астанада "Жасыл Ел" жобасының жастары қатысқан экологиялық акция өтті. Бұл акцияда сарбаздарға пластик ыдыстарды жинағаны үшін бірреттік қағаз салфеткалар берілген. Алайда экологтар мен экобелсенділер бұл акцияның экологиялық емес екенін айтып, дабыл қақты. Себебі акция экологиялық жауапкершілік қағидаларына қайшы келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Экоблогер Базарбек Қамысбаев акция кезінде бірреттік қағаз салфетка таратылғанын қатаң сынап, неліктен бұл шара эко науқанға жатпайтынын түсіндірді.
"Таза Қазақстан" деген әдемі ұраны бар небір "шараларды" көріп жүрмін. Бірақ енді мынау нағыз "кринждың кринжы" болды. Мұндай "эко акция", яғни пластик бөтелкелерді бірреттік қағаз салфеткаларға ауыстыру тұрақты даму мен экологиялық жауапкершілік қағидаларына қайшы келеді”, – дейді ол.
- Бірреттік өнімді екінші бірреттік өніммен ауыстыру: пластик бөтелкелер қоршаған ортаға зиян келтіретін бірреттік өнім. Ал қағаз салфеткалар тіпті одан да жаман, өйткені ағаштан өндіріледі (ормандарды кесуге әкеледі), химиялық әдістермен ағартылады, бір-ақ рет қолданылып, қоқысқа тасталады. Бірреттік пластикті бірреттік қағазбен ауыстыру – мәселені шешу емес, тек қалдық түрін ауыстыру.
- Артық тұтынуды ынталандыру: мұндай акциялар тұтынуды азайтуға емес, керісінше "пластик әкел, орнына тағы бір қайта өңделмейтін артық қоқыс ал" деген логикамен артық тұтынуға жол ашады.
- Циклдық жүйенің болмауы: экологиялық бастамалардың мәні – қалдықты қайта пайдалану мен қайта өңдеу арқылы тұйық цикл құру. Бұл акцияда ондай жүйе жоқ.
- Zero Waste қағидаттарына сәйкес келмейді: қазіргі экологиялық стандарттар былай дейді: алдымен азайт (reduce), сосын қайта пайдалан (reuse), сосын ғана қайта өңде (recycle). Ал қағаз салфеткаларды қайта қолдануға да, өңдеуге де болмайды.
"Мұндай "эко акциялар" тек экологияға қамқорлық жасап жатқандай көрініс тудырады, бірақ шын мәнінде мәселені шешпейді. Шынайы экологиялық бастамалар қалдықты азайтып, табиғатқа зиянды барынша төмендетуге бағытталуға тиіс. Ал ең бастысы мұндай қате "эко акцияның" қалай насихатталып жатқанын көріңіздер. Осы шараға қатысқан қаншама ерікті, келіп сюжет жасаған каналдар мұны қуана бөлісіп, жатқан органдар бұл акцияны дұрыс акция деп санайды. Пластик бөтелкелер – қоршаған ортаға зиян келтіретін бірреттік өнім. Ал қағаз салфеткалар тіпті одан да жаман, өйткені ағаштан өндіріледі (ормандарды кесуге әкеледі), химиялық әдістермен ағартылады, бір-ақ рет қолданылып, қоқысқа тасталады", – деп түсіндірді Базарбек Қамысбаев.
Экоблогердің сөзіне экологист, Recycle birge жобасының жетекшісі Әлия Сәлменова да қосылды. Ол жалпы акцияның орындалуына күмән келтірді.
"Видеоны көріп, көңілімде біртүрлі сезім қалды. Түсінуімше, бұл шара Plastic Free July (Пластиксіз шілде) дүниежүзілік бастамасына орай ұйымдастырылған, онда бүкіл әлем халқын, әсіресе бірреттік пластиктен бас тартуға шақырады. Алайда біз роликтен жастардың контейнерге бір-екі пластик бөтелке тастағанын көреміз. Сол үшін әрқайсысына қағаз сулықтардың бір қаптамасын береді. Ал бұл сулықтардың өзі де бірреттік қоқыс болып саналады және Қазақстанда қайта өңделмейді. Бірреттік қоқысты тағы бірреттік қоқысқа айырбастау біртүрлі көрінеді. Сонымен қатар қатысушылардың рөлі де сұрақ тудырады: олар тек екі бөтелке тастап, оның орнына бірнәрсе алып жатыр. Акция мәтінінде жастар қаланың әр ауданында тазалық жүргізді делінген. Ұйымдастырушылар осы тазалық жұмыстарын көрсетсе әлдеқайда дұрыс болар еді, себебі 1-2 бөтелке тастаған сәт көп сұрақ тудырады", – деп пікір білдірді экологист.
Оның айтуынша, салфетка сенбілікке қатысушыларға тиімді сыйлық емес.
Экобелсенділер ретінде біз бұл жердегі негізгі ойдың дұрыс берілмегенін түсінеміз: қатысушылар бірреттік пластик тапсырып, орнына тағы бірреттік қағаз бұйым алады. Бұл экомәдениеттің құндылықтарына сәйкес келмейді. "Жасыл Ел" жобасының өзі экологиялық мәдениетті қалыптастыруды мақсат етеді ғой. Егер бағдарлама шынымен экосананы арттыруды көздесе, онда дұрыс ойды жеткізу керек: бірреттік заттардан бас тарту, қалдықты өндеу, көрген жерімізде тазалық жасау. Қатысушыларды ынталандыру үшін экологиялық жағынан тиімді сыйлықтар ұсынған жөн: мысалы, көп рет қолданатын тамблер, кино немесе аттракционға билеттер, автобус картасына бонустар. Жастарға осындай сыйлықтар әлдеқайда пайдалы әрі қызық болар еді. Ал жас жігіттер мен қыздардың тек қағаз сулық алғаны сәл қисынсыз көрінеді және сыйлық ретінде аса қолайлы емес деп ойлаймын", – деді Әлия Сәлменова.
Ал экоерікті Ләззат Шұғай "Таза Қазақстан" жобасы елімізге жаңашылдық алып келді деп есептейді. Бірақ осы жолы қалдық санын көбейткендері орынсыз болды деп пікір білдірді ол.
"Бұл жоба жастар арасында экологиялық сананы қалыптастыруға бағытталған. Бірақ неге осы жолы қалдықтарды салфеткаға айырбастады екен? Қалдық санын көбейткендей болды. Гринвошинг (эко деген атқа бүркенген жасыл тауарлар) секілді. Бір қолымен жақсы іс жасап, екінші қолымен сол істің расымен де экологияға позитивті әсерін азайтып жатыр. Салфетканың басқа да баламасы көп. Көп рет қолданатын сөмкелер, ыдыстар, бөтелкелер және тағы басқасы бар. Ештеңе бермесе де абзал болатын еді" – деп пікір білдірді экоерікті.
Осыған қатысты Астананың Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Байқоңыр ауданы әкімдігіне хабарласып көрдік. Сауалымызға жауап берген Байқоңыр ауданы әкімдігі, Ішкі саясат бөлімінің басшысы қағаз салфеткалардың өңделген қағаз қалдықтарынан жасалғанын айтып ақталды.
"Іс-шара аясында пластик ыдыстарды тапсырған сарбаздарға бірреттік қағаз салфеткалар ұсынылды. Аталған өнімдер ағаштан өндірілген классикалық салфеткалар емес, қайта өңделген қағаз қалдықтарынан жасалған, иісті, экологиялық талаптарға сай "Карина Трайдинг" ЖШС компаниясының өнімі екенін атап өтеміз. Экобелсенділер мен эколог мамандар тарапынан айтылған сын-ескертпелерге түсіністікпен қараймыз. Бұл пікірлер біз үшін маңызды және келесі акциялар барысында кеңінен ескеріледі. Біз экологиялық саясаттың басты қағидалары – тұрақты даму, жауапкершілік және қайталама пайдалану бағытында жұмыс жүргізіп келеміз және әр қадамымызды жетілдіруге дайынбыз. Осы ретте аталған іс-шара тәжірибе ретінде бағаланып, болашақта одан да тиімді әрі ұзақмерзімді экологиялық шешімдер ұсынылады", – деп жауап берді Байқоңыр ауданы әкімдігі, Ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Баянбеков.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
