Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Пәтерді алдап сатқызып, баспанасынан айырады: Алаяқтардың жаңа схемасынан қалай қорғана аласыз

Алаяқтар алдап баспананы тартып алса не істеу керекФото: Жасанды интеллект көмегімен жасалған

Алматыда қартайған шағында жалғыз баспанасынан айырылған журналист, профессор Кәкен Хамзиннің оқиғасы көпшіліктің жағасын ұстатқан еді. Бұл жағдай алаяқтардың зейнеткерлерді алдап, тек несие алғызып қоймай, баспанасын да тартып ала алатынын көрсетті. Осы оқиғадан кейін көпшілікте пәтер мен мүлікті алаяқтардан қалай қорғаймыз деген сұрақ туындағаны анық. Stan.kz тілшісі бұл сауал бойынша заңгер мамандармен сөйлесіп, алаяқтардың құрбаны болмаудың жолдарын анықтап көрді.

Алаяқтар бұл оқиғада профессорға алдымен Энергосбыт маманы ретінде хабарласып, мекен-жайы, ЖСН, пәтері туралы ақпаратты біліп алған. Артынан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің атын жамылып, біреулер үйін тартып алайын деп тұрғанын жеткізген. Соны сылтау етіп баспананы тез арада сатуға көндірген. Ал ақшаны Ұлттық банктің арнайы шотында сақтайсыз деп алдаған. Профессор нотариус арқылы үйін сатып, ақшаны алаяқтар жіберген курьерге ұстатып жіберген. 

Бұл оқиғаға қарап, қаскөйлердің жаңа тәсілі көбіне егде жастағы адамдарға бағытталғанын аңғаруға болады.

“Алаяқтарға сеніп, үйді сатып жіберген жағдайда нотариус жауапкершілік ала ма?”

Заңгерден Кәкен Хамзиннің жағдайына ұқсақ оқиғаларда жәбірленуші тараптың мәселесін қалай шешуге болатынын сұрап білдік. Маман Нұрсұлтан Орынбектің айтуынша, үйді сатқаннан кейін де келісімшартты жоққа шығаруға мүмкіндік бар. 

“Бұл жерде профессор үйді өз еркімен сатқан. Алаяқтар оның үлкен кісі екенін пайдаланып отыр. Бұл істе, әрине, келісімшартты жоққа шығару мүмкіндігі бар. Ол үшін бірінші баспананың бұрынғы иесін қылмыстық іс аясында жәбірленуші деп тану керек. Оның алаяқтарға алданып қалғанының дәлелі ретінде қандай да бір процессуалдық шешімдер болуы қажет. Соның негізінде азаматтық сотқа жүгініп, сатып алу-сату шартын жарамсыз немесе жалған деп тану үшін арыз беруге болады. 

Бұл жерде нотариустың да әрекеті нақты тергеу амалдарымен нақтыланады. Нотариустың әрекеті тікелей алаяқтармен сыбайласа, өзінің мүмкіндігі мен қызметін асыра пайдаланып, жалған қол қою арқылы болса, әрине оған да жауапкершілік қарастырылады. Ал егер сатушы мен сатып алушы нотариусқа өз еріктерімен келіп, қажетті барлық құжаттарды ұсынса және пәтерді сатуға ешқандай заңды кедергі болмаса, онда нотариус мәмілені заңды деп тіркейді. Бұл жағдайда барлық деректер нақты база арқылы енгізілгендіктен және тараптар өз еркімен келісімге келгендіктен, нотариустың жауапкершілігі туындамауы мүмкін. Сондықтан бұл жерде тергеу әрекеттерінің нәтижесінен нотариустың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Сол арқылы нақты байлам айтылады”, – деп қосты ол. 

Нұрсұлтан Орынбек алаяқтардың екіге бөлінетінін алға тартты. Айтуынша адамдармен тікелей байланысқа түсіп алдайтындар мен тікелей байланыспай-ақ алыстан отырып алдай алатындар болады екен.

“Олардың өзі интернет, кибер алаяқтар секілді топтарға бөлінеді. Мәселен, әлеуметтік желідегі алаяқтардың көбісі арнайы жетекшілердің сүзгісінен, дайындығынан өтеді. Олар адамдарды қалай сендіріп, көндіріп, қандай сөздердің өтетінін, әлсіз тұстарын анықтаумен айналысады. Ал мына интернет алаяқтарының көбісі біздің елден емес, Украина, Белоруссия, Ресей сияқты шетелде отырып әрекет етеді. Осыған дейін олардың бірнешеуін ІІМ ұстады. Ұсталған видео кадрларына қарасақ, олардың бір жерде шоғырланып, бірлесе жұмыс істейтінін ұғуға болады. Олар қандай сөздер айту керек, қалай сендіру керек, бәрін жоспарлайды.  Нарықтағы өзгерістерге сәйкес олардың да тәсілдері өзгеріп отырады. Мұндай әдіс-тәсілді арнайы мамандар дайындайтыны анық. Тіпті ақша үшін заң білетін адамдар, адвокат, заңгерлер  мемлекеттік қызметте жүргендер көмектесуі мүмкін. Сондықтан мейлінше ақпараттық кеңістікті көбейтіп, адамдарға жеке-жеке түсіндірсек, ортадағы дропперлерді азайтсақ, алаяқтарға алданатындардың да саны азаяды”, – деді заңгер. 



Жасы үлкен адамдар алаяқтардың жемтігіне айналып отыр: Қалай ақпараттандырамыз?

Заңгер алаяқтардың гипнозбен алдауы мүмкін деген болжамдардың ғылыми дәлелденбегенін алға тартты.

“Қазіргі алаяқтар телефон арқылы жұмыс істейді. Арнайы таргетпен, белгілі бір аудиторияны зерттеп сол арқылы іске кіріседі. Мәселен зейнеткер болса, соған қатысты ақпарат жинап, “балаңызда осындай жағдай болып қалды” немесе “банк шотыңызда осындай ақша қалыпты” деген сияқты сөздермен арбауы мүмкін. Сол себептен біз оны магия, гипноз демей, алаяқтардың әккілігі деп қарасақ болады. 

Бізде жалғыз тұратын, жасы келген азаматтарды ақпараттандыру мен қорғау жүйесі жеткіліксіз. Жеткіліксіз болғаннан да алаяқтардың негізгі жемтігі осы кісілер болып отыр. Оларды қалай қорғаймыз? Ақпарат мейлінше әртүрлі деңгейде айтылып жатыр. Әлеуметтік желіде көп таралады. Оны орта жастағы азаматтар, жастар көруі мүмкін. Ал үлкендер теледидардан қарайды. Дегенмен теледидарда ақпарат аз болуы ықтимал. Біздің ұсынысымыз, қарт кісілерді көбірек ақпараттандыру үшін үйге ай сайын келетін комуналдық төлемдердің түбіртектеріне осы алаяқтық схемалар туралы ақпарат пен одан қорғанудың жолдарын бірге жазып жіберіп отырса дейміз. Болмаса жергілікті полиция қызметкерлері өз аймақтарында үлкен кісілері бар немесе жалғыз тұратын қарияларға барып ақпараттандырса. Органдар ғана емес, КСК сияқты қоғамдық ұйымдар да атсалысқаны дұрыс деп есептейміз”, – деп қосты ол.  

“Құжаттарды хабарламамен жіберіп, әуе билетінінің суретін желіге жариялау қауіпті”

Заңгер Нұрсұлтан Орынбектің айтуынша, адамдар алаяқтар туралы ақпаратты көбірек білген сайын, олар жаңа әдіс-тәсілдер шығарып отырады. 

“Олар барлық жағдайда, қандай тәсілді қолданбасын, бірінші адамның сенімімен ойнайды. Алдау, қорқыту сезімдерін тудырып, иландырады. Бұрын халықтың көп бөлігі “полициядан, банктен хабарласып тұрмыз” десе, шынымен сеніп қалатын. Алайда қазір құқықтық сауат пен көбірек ақпараттық жұмыстардан соң алдану жағдайлары сәл азайды. Дегенмен бүгінде қанша ақпараттанған адам болсаңыз да, алаяқтар құрығына түссеңіз, біліміңіз еш көмектеспей қалуы мүмкін. Сол үшін бірінші кезекте құқықтық, қаржылық, цифрлық сауат артық болмайды. Қазір алданып қалатын жағдайлардың көбісі білімсіздік не аңқаулықтан емес, цифрлық гигиенаның болмауынан туындайды. Себебі кез келген жерде жеке куәлікті, құжаттарды хабарламамен жіберіп жатамыз. Әуе билеттерін суретке түсіріп, желіге салып қояды. Соның кесірінен сіз туралы ақпараттар көп жерге тарап кетеді. Кейде базалық деректердегі ақпарат алаяқтардың қолдарына түсіп жатады. Сол арқылы 1414 номерлерінен код сұраған хабарламалар келген кезде адамдар көбіне сеніп қалады. Ақпараттандыру көп болғанымен адамдарда қазір цифрлық гигиена жоқ”, – деді маман. 

Заңгердің айтуынша, қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша алаяқтық тәсіл дәлелденсе, жәбірленушілер заңға жүгініп құқықтарын қорғай алады. 

“Егер алаяқтық азаматтық сипатта қаралса және ақша аудару кезінде делдал – дропперлер (ортадағы шот иелері) пайдаланылса, онда бұл адамдарға да азаматтық жауапкершілік қарастырылады. Мұндай жағдайда Азаматтық кодекстің 953-бабына (Негізсіз баю) сәйкес талап қойылуы мүмкін. Алайда 2024 жылдың қыркүйегінен бастап, дропперлерге, яғни өз шотын немесе деректерін алаяқтарға пайдалануға берген адамдарға қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Мұндай әрекет үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Сондықтан азаматтар өз банктік шотын, жеке кәсіпкерлігін немесе жеке деректерін бөтен адамдарға беруге болмайтынын қатаң түсінуі керек. Бұл деректерге қатысты жауапкершілік – толығымен адамның өз мойнында”, – деп қорытты заңгер.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 30 Шілде, 2025 16:33
Талқылау
`