Қостанайда Ресей флотының мерекесі тойланды: Әкімдік шарадан хабарсыз болған
Видеодан скриншот
Қостанайда Ресей әскери-теңіз күштері күні атап өтілгені желі қолданушыларының ашуын туғызды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Саида есімді қолданушы Threads-парақшасында 27 шілдеде Қостанайдың қала орталығындағы жағалауда жолақ көйлек киген адамдар Ресейдің әскери-теңіз флотының күнін тойлағанын айтты.
“Бұл флот егемендігі бар Украинаның бейбіт тұрғындарын зымыранмен атқылап жатыр. Бұл не деген еліміздегі сепаратистік бассыздық?! Оларға кім рұқсат берді?”, – деп жазды қыз.
Осы ақпаратқа қатысты Stan.kz тілшісі Қостанай әкімдігінен пікір сұрады. Олар бұл жайттан бейхабар екенін айтып, прокуратураға хабарласуға кеңес берді. Алайда Қостанай прокуратурасы ақпарат әзір дайын емес екенін мәлімдеді.
Сәлден соң Қостанай қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Олжас Дүйсеков бұл ақпаратты растаған. Сөзінше, мәдени іс-шара ұйымдастыру бойынша әкімдікке арыз түспеген. Ұйымдастырушылар қалалық әкімдікпен алдын ала келіспеген.
Енді ұйымдастырушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізілген екен. Олар әкімшілік жазаға тартылады.
"Мәдени іс-шараны өткізуді келіспегендіктен, ұйымдастырушы әкімшілік жазаға тартылады. Ұйымдастырушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік", — деді ол.

Қостанайда Ресей флотының мерекесі тойланды: Әкімдік шарадан хабарсыз болған
