Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ет, құрт, қазы, музыкалық аспап алып кіре алмайды": Қазақстандықтар ұшаққа отырарда нені ескеруі тиіс

Қазақстандықтар әуежайда жүгін өткізгенде нені ескеруі қажет Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалған

Қазақстандық жолаушылар сапарға шығарда қол жүгі мен багажды тасымалдауда қателіктер жіберіп, мәселелерге тап болып жатады. Әсіресе сұйық заттар, құрт, қазы, ет өнімдері, үй жануарлары, музыкалық аспаптар мен спорттық құралдар бойынша талаптарды ескере бермейді. Артық әуре-сарсаңға түспеу үшін қандай ережелерді білу керек? Stan.kz тілшісі жолаушылар жиі шатастыратын жағдайлар мен маңызды кеңестерді ұсынады.

Елімізде жолаушылар 5-8 келіден аспайтын, өлшемі 56 х 45 х 25 см болатын қолжүгін алып жүре алады. Жалпы тіркелетін жолжүктің ең жоғары салмағы бір жолаушыға – 60 кг-ды құрайды. Алайда әр сөмкенің салмағы 32 кг-нан, ал ұзындығы, ені, биіктігінің өлшемдерінің қосындысы 158 см-ден аспауы қажет. Жолаушының өзімен алып жүрген барлық заттары бір дана қолжүгіне (сөмке немесе шабадан) жинақтаулы тиіс.

Редакциямыз FlyArystan мен Air Astana әуекомпанияларының мамандарынан жүк тасу ережелерін сұрады.

Қандай заттарды тегін алып кіре алады?

Air Astana әуекомпаниясының мәліметінше, егер жолаушының қолында мынадай заттар болса, бортта тегін алып жүре алады:

  1. Бір таяқ, жұп балдақ немесе аяққа арналған қапсырма (егер жолаушы онсыз жүре алмаса);
  2. Бір әйелдерге арналған сөмке немесе кішкентай ерлер портфелі, не рюкзак (максимум 3 кг, үш өлшемнің қосындысы 80 см-ден аспауы тиіс);
  3. Кішігірім торт немесе кішкентай гүл шоғы;
  4. Баламен саяхаттау кезінде - бір тасымалданатын бесік немесе жиналмалы балалар арбасы (ең үлкен өлшемдері оралған күйінде 34x32x14 см; балалар самокаттары балалар арбаларына жатпайды және тіркелген багаж ретінде тасымалданады).

Ал ноутбук қосымша зат ретінде есептелуі мүмкін болғандықтан, оны стандартты қол жүгіне орналастыру қажет екенін ескергеніңіз жөн. 

“Шаш кептіргіш, ноутбук техникалар мен сұйық заттарды ала аламыз ба?”

Көлемі 100 мл-ден асатын ыдыстағы сұйықтықтарды, аэрозольдерді және гельдерді қол жүгінде алып жүруге тыйым салынады. Оның ішінде:

  1. су және басқа сусындар, сорпа, шәрбат, джем, бұқтырылған ет, тұздықтар мен пасталар, тұздық түріндегі немесе құрамында көп мөлшерде сұйықтық бар тамақ;
  2. кремдер, лосьондар, косметикалық құралдар және майлар, әтірлер, спрейлер;
  3. шашқа және душқа арналған гельдер, қырыну көбігін, дезодоранттарды қоса алғанда, қысымды ыдыстардың ішіндегілер, пасталар, соның ішінде тіс пастасы рұқсат етілген мөлшерден көп болса қол жүгімен алуға тыйым салынады. 

Ал дәрілік препараттар мен ұшу кезінде қажетті балалар тағамы және арнайы диеталық өнімдерді алып кіруге болады. 

Теледидарлар мен тұрмыстық техникалық/электр жабдықтары ұшақ салонында тасымалдауға жарамайды. Алайда жолжүгіне үтік, блендер, миксер, шаш кептіргіш немесе бұйралағыш үтік сияқты саяхатта қажет болатын кез келген электр құралдарын тасымалдауға рұқсат етілген. Шағын тұрмыстық техниканы қол жүгіне де алуға болады. Тек олардың көлемі кішкентай әрі қауіпсіз болуы керек.

Тағы бір көпшілік өзімен тасығысы келетін зат –  пауэрбанктер. Алайда олады өзіңізбен бортқа алып кірсеңіз де, пайдалануға қатаң тыйым салынады. Электронды темекі мен пауэрбенктер қатаң тексеріледі. 

“Ет, қазы, құрт: Азық-түлікті қалай тасимыз?”

Көптеген компанияларда ет, балық, сүт өнімдерін тек тіркелетін жол жүкте тасымалдауға рұқсат етіледі. Алайда ол үшін жолаушылар бұл өнімдерді талапқа сай 3 қабаттап (полиэтиленге, картонға, қайта полиэтиленге) қаптауы тиіс. Азық-түлік өнімдері тығыз жабылып, басқа заттарға ағып бүлдірмеуі тиіс. 

Көбіне қазақстандықтар ет өнімдерін шетелге шыққанда өздерімен алып кеткісі келеді. Алайда халықаралық рейстерде ет өнімдерін тасымалдау үшін ветеринариялық сертификаттың болуы міндетті. Ал құрамы белгісіз, зауыттық қаптамасы, техникалық паспорты мен сәйкестік сертификаты жоқ заттар мен сұйықтықтарды тасымалдауға тыйым салынады.

”Құрт зауыттық қаптамасында болса және салмақ пен өлшем талаптарына сәйкес келсе, оны тіркелетін жолжүкте және қолжүгінде де тасымалдауға рұқсат етіледі. Азық-түлік өнімдерін, оның ішінде ет және сүт өнімдерін тасымалдауға қатысты мәселелер жіберуші және қабылдаушы елдердің заңнамасына сәйкес реттеледі. Осыған байланысты жолаушыларға кеден талаптарымен алдын ала танысып шығу ұсынылады”, – деді FlyArystan Байланыс орталығының жетекші маманы Маржан Слан. 

Мамандардың айтуынша, әуежайда әсіресе кәмпиттерді еркін тасымалдауға болады. Ең бастысы ол қол жүгінің рұқсат етілген жалпы салмағынан аспауы керек. Тәттілердің құрамына да аса мән берілмейді екен. Сондай-ақ, лукум және торттарды тасымалдауға болады. Алайда кейбір халықаралық рейстерде, әсіресе Еуропаға, торт, сүт өнімдерін әкелуге кедендік шектеулер қойған. Сондықтан баратын еліңіздің талаптарын анықтап алған дұрыс. 



Велосипед, музыкалық аспаптарға бөлек орын сатып алу қажет

Музыкалық аспаптарды тасудың өз талаптары бар. Мәселен, аспап кішкентай қол жүгіне сыйятындай болса, оны алып кіруге рұқсат етіледі. Ал үлкен болса, оның салмағы қаптамасымен бірге есептеліп, жоғары жүк сөресіне орналастырылады. Стандартқа сай келмейтіндей үлкен көлемдегілеріне бөлек орын сатып алу қажет.  

Ал спорттық жабдықтарды (шаңғы, сноуборд, хоккей, гольфқа арналған құрал-жабдықтар, велосипедтер, серфинг тақталары, каноэ және т.б.) тасымалдау қосымша ақыға ұсынылады. Жабдықтардың қаптамасына ерекше назар аударылады. Мәселен велосипедтер дұрыс және сенімді қапталуы тиіс. Педальдары алынған, дөңгелектері (шиналары) босатылған болуы қажет. Басқа спорттық жабдықтар да тек дұрыс қапталған жағдайда ғана тасымалдауға қабылданады. 

Үй жануарларын ұшақпен тасымалдаудың талаптар қандай?

Әуе компаниялыры үй жануарларын тасымалдау қызметін ақылы түрде ұсынады. Алайда, әуе кемесінің салонында тек ит, мысық және тасбақаларды тасымалдауға рұқсат етіледі. Ал алақол тышқан (хомяк), теңіз шошқасы және үй тышқандары сияқты кеміргіштерді бортта тасымалдауға тыйым салынады. Сонымен қатар, бір рейсте үш жануардан артық тасымалдауға қабылданбайды. Бұл ретте, борттағы жануарлардың арасында кемінде 10 қатар қашықтық сақталуы тиіс. Жануарды тасымалдауда барлық қажетті ветеринарлық құжаттардың, оның ішінде ұшуға дейін тіркеу бағанында рәсімделетін қабылдау бақылау парағының болуы шарт.

Жануар бүкіл ұшу уақыты бойы контейнерде болуы қажет. Салонда тасымалдауға рұқсат етілетін жануардың, контейнермен қоса алғанда, жалпы салмағы 8 кг-нан аспауы тиіс. Егер бұл шектен асып кетсе, жануар тек жүк бөлімінде тасымалданады. Әрбір елдің жануарларды әуе көлігімен тасымалдауға қатысты өзінің санитарлық және ветеринариялық ережелері бар. Сондықтан баратын еліңізгедің ережелерін бір қараған жөн. 

Әуе компаниялар жүк қауіпсіздігіне жауап бермейді

Әуекомпаниялар көбіне тек жол жүк үшін ғана жауапкершілік алады. Сол себептен көбіне құнды заттарды (ақша, құжаттар, зергерлік бұйымдар, электроника және т.б.) тек қол жүгінде алып жүруді ескертеді. Егер мұндай заттар тіркелетін жолжүкке салынса, олардың жоғалып, бүлінген жағдайда әуекомпания жауапкершілік алмайды. Құнды заттарға: қолма-қол ақша, зергерлік бұйымдар, бағалы метал тастар, компьютер, ұялы телефон, камера, құжаттар мен куәліктер, жол билеттері, кілттер, дәрі-дәрмек, өнер туындылары мен тез бұзылатын тағамдар. 

Сондай-ақ, әуе компаниялары жолаушыларға бөгде адамдардан кез келген сәлемдеме мен заттарды тасымалдауға қатаң тыйым салынатынын ескертеді.

STAN.KZ
Жұма, 04 Шілде, 2025 18:29
Талқылау