Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"16 жерінен пышақтап, сойып тастаған": Алматы облысында әкесі 15 жастағы қызын қатыгездікпен өлтірді деген күдікке ілінді

Фото: Әсел Сағатованың желідегі парақшасынан / Марқұм болған 15 жастағы қыз

Алматы облысы Талғар ауданында 15 жастағы қызды әкесі пышақтап өлтірді. Қазір әкесі кінәсін мойындамай, қалған екі баласына ДНҚ тестін жасауды талап етіп, үйді бермей отыр. Ал марқұмның анасы несиесін өзі жауып, психологиялық және материалдық күйде қиын жағдайда қалған. Туыстары отбасыға қол ұшын созу үшін жинақ ашқан. Полиция қылмыстық іс қозғады. Stan.kz тілшісіне оқиғаның толық мән-жайын марқұмның туысы Әсел Сағатова айтып берді.

"Жұмыссыз күйеуі әйелін 5 миллион қарызға батырған"

Оқиғаны желіге алғашқылардың бірі болып, туысы әрі блогер Әсел Сағатова жеткізді. Оның айтуынша, отбасыдағы кикілжіңдер бұған дейін де жиі қайталанып тұрған. Әйел қанша құзырлы органдарға жүгінсе де, күйеуі жауапқа тартылмаған, оны полиция алып кетіп, қайтадан үйіне жіберген. Ақыр соңында өз қызын 16 жерден пышақтап тастаған.

"Карантиннен кейін әкесі жұмыссыз қалған. Содан бері әйелінің мойнында отырған. Ішімдікке салынып, арықты көп ішкен. Енді қайғылы оқиға күні қызы екеуі ғана үйде қалып қойған. Ас бөлмесіне кірген кезде ыстық суға таласып қалған. Сол уақытта қызы тамақ әзірлеп жатқан екен. Әкесі “суды бер” деген, ал қызы суды тамаққа құямын деп таласқан. Қызы сол кезде "алқашсың" деп айтып қалған. Сөйтіп әкесінің ашуы көтеріліп кеткен. Кейін қызын пышақтап тастаған. 16 рет пышақтаған, соның 4-еуі ауыр жарақат алған", – дейді зардап шегушінің жақын туысы Әсел Сағатова. 

Туысы ерлі-зайыптының ортақ 3 бала-шағасы бар екенін айтады. Марқұм болған ортаншы қызының жасы 15-те, ал оның алдындағы қызы 17-де, кенжесі ұл, 6-сыныпта оқиды дейді Әсел Сағатова.

"Бұған дейін балаларға және анасына моральдық және психологиялық тұрғыда көмек те берілді. Орталықтан жіберілген мамандар оқиға болған күннің ертесі бір-ақ рет келді де, кейін келген жоқ. Жалпы, бұл ерлі-зайыптының отасқандарына 20 жылға жуықтап қалған. Қайғылы оқиға Алматы облысындағы Тұздыбастау ауылында болды", – дейді Әсел Сағатова.

"Бұған дейін полицияға бірнеше рет шақырту түскен"

Марқұмның туыстары полиция қызметкерлерінің салғырттығы қайғылы оқиғаға әсер еткенін атап отыр. Қанша рет шақыртулар жасалғанымен, әкесі жауапқа тартылмаған.

"Анасы құзырлы орган өкілдеріне көңілі толмай жүр. Қайғылы оқиға болмай тұрған бір күн бұрын түнде әкелері ішімдікке сылқиып алып, шу шығарған. Сол күні анасы полиция қызметкерлеріне хабарласқан. Полицейлер түнде келгенде әкесі қашып кеткен. Ал полицейлердің сөзінше, "күйеуі қайта келсе, хабарласыңыз" деп кетіп қалған. Ал ертесі үйде ешкім жоқ болған кезде осындай жантүршігерлік жағдай болып отыр. Біздің ойымызша, бұл жерде полиция қызметкерлерінің жағдайға салғырт қарауынан деп санаймыз. Қанша рет осы уақытқа дейін шақыртулар жасалған. Алайда алып кетіп, қамап тастамаған еді", – дейді марқұмның туысы.

Фото: Әсел Сағатованың жеке архивінен

"Күйеуі бұрын қасапшы болған"

Марқұмның туысы Әсел Сағатова көпшіліктің "неліктен арақ ішетінін біле тұра басқа жерге көшпеді?" деген сұрағына жауап берді. Оның айтуынша, әйелінің туған жері – Семей қаласы болғанымен, күйеуі оның атына несие рәсімдеп, қарызға батырған.

"Сөйтіп әйелі белшесінен батқан. Күйеуі әйелінің атына 5 миллион теңгеге несие алдыртқан. Ал әйелі осы уақытқа дейін төлеп отырған. Сонымен қатар сол үйдің ақшасын төлеп отырып, кетіп қалса, баратын жері жоқ болған. Өзінің жалақысы 200 мың теңге болса, несиені төлеуге айлығының бәрі кетіп отырған. Сол жақта жұмыс істейтіндіктен, бала-шағасын солай асырап отырған. Әйелі – бухгалтер, ал күйеуі – қасапшы болып, бұрындары жұмыс істеген. Содан болар қызын кәдімгідей сойып тастаған. Зардап шегуші отбасы түгелі аты-жөндерін атауға қарсы", – дейді Әсел Сағатова.

Марқұмның туысы отбасыға қол ұшын созу үшін жинақ ашқанын түсіндірді. Әсел Сағатова балалар мен анасына материалдық және психологиялық тұрғыда көмек көрсету мақсатында осы қадамға барғанын айтты.

"Анасы менің жолдасымның туыстары. Туыс болғандықтан, өз тарапымыздан жинақ жасап, қол ұшын созсақ деген ойымыз бар. Қазіргі уақытта олар сол трагедия болған жерде тұрып жатыр, басқа пәтерге шығатындай қосымша қаржылары жоқ. Аяқ-астынан осындай қайғылы жағдайға душар болғандықтан, олардың да шығындары бар. Ағайындап келіп-кетіп жүргендей күйде. Енді анасы алдағы екі ай бойы жұмыс істемейді. Қазіргі кезде оның материалдық жағдайы нашар және психологиялық тұрғыдан да қиын күйде. Өте моральдық тұрғыдан шаршап кеткен. Несиесін қалай жабамын деп уайымдауда. Сол себепті біз бәріміз бірге ат салысып, көмектескіміз келеді:
•    тұрып жатқан жерінде болған қайғылы жағдайға байланысты несиесін жабуға,
•    қажет болса, басқа пәтерге көшіп, тұрмыстық жағдайын жақсартуға,
•    немесе алдағы 1-2 айға жалдамалы пәтер ақысын төлеп беруге.

Біз өз тарапымыздан осы мүмкіндікті қарастырып, қолдау көрсеткіміз келеді", – дейді марқұмның туысы.

Әсел Сағатова қазір зардап шеккен отбасыға 5 миллион теңге көлемінде материалдық көмек қажет екенін, соның ішінде қазірге дейін тек 1 миллион теңге жиналғанын атап өтті.

Көмек көрсету үшін реквизиттер: 💳 Kaspi Gold: 4400 4303 5844 3270, Halyk: 5522 0433 6313 7017. 📱телефон нөмірі: +7 702 871 2151, Алушы: Сабира Байбалақова (оның анасы). Жиналатын сома: 5 миллион теңге.

Қазіргі уақытта полиция іс қозғағанымен, әкесі өз кінәсін толық мойнына алмай отыр.

"Алайда әкесі өз кінәсін толық мойнына алып та жатқан жоқ. Не істегенін түсініп жатқан да жоқ. Керісінше, қалған екі балаға ДНҚ жасатыңдар деп талап қойып отыр. Әйтпесе, балаларының өзі әкесінен аумай қалған. Балаларын мойындамаймын, үйді бермеймін деп шу шығарып жатыр. Себебі үй күйеуінің атында кепілде тұрғандықтан, бергісі келмей отыр. Ал әйелі несиенің бәрін жауып жүрген", –дейді марқұмның туысы Әсел Сағатова.

“Кәмелетке толмаған қызды өлтірді деп күдікке ілінді”

Ал Алматы полиция департаментінің дерегінше, тәртіп сақшылары ауыл тұрғындарының бірін ұстаған, ол кәмелетке толмаған қызды өлтірді деп күдікке ілінді.

"15 жастағы студент қыздың мәйіті табылғаны туралы хабар полицияға отбасының жақын туысы арқылы түсті. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері алкогольдік масаң күйде болған күдіктіні ұстады. Сонымен қатар үйден қылмыс құралдары тәркіленді. Қазір қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды", – деп жауап берді полиция департаменті.

Қазір барлық мән-жайды анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Алматы облысы полиция департаменті басшылығы тергеу барысын ерекше бақылауға алған.

STAN.KZ
Сейсенбі, 25 Қараша, 2025 19:32
Талқылау