"Энергия болашағы – жастардың қолында": KEGOC жас мамандардың басын қосты

"KEGOC" АҚ еліміздің әр өңірінде еңбек ететін жас мамандарын Астана төрінде бас қостырды. Арнайы ұйымдастырылған "Самғау II" жастар форумы аясында қатысушылар компания басшылығымен еркін пікір алмасып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар жас мамандар өндірістік және бизнес-процестерді оңтайландыруға, жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған инновациялық жобалары мен тың идеяларын ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Энергия болашағы – жастар қолында" тақырыбымен ұйымдастырылған KEGOC SAMGAU II жастар форумына еліміздің түкпір-түкпірінен жас энергетиктер қатысты. Олардың арасында инженерлер, электр желілері мен жабдықтардың жұмысын бақылайтын мамандар, сондай-ақ компанияның басқа да бағыттарында еңбек ететін қызметкерлер бар.
Форумды KEGOC басқарма төрағасы Нәби Айтжанов ашты. Ол энергетика саласында болып жатқан өзгерістерге тоқталып, жаңа технологияларды меңгеретін және оны іс жүзінде қолдана алатын мамандарға сұраныс артатынын айтты.

Оның сөзінше, жасанды интеллектінің дамуы, өндірістің автоматтандырылуы және электр энергиясына сұраныстың өсуі энергетика саласына жаңа міндеттер жүктеп отыр. Мұндай жағдайда компанияның дамуы техникалық мүмкіндіктермен қатар, қызметкерлердің білімі мен кәсіби дайындығына да байланысты.
"Бүгінде компаниямыздың алдында ауқымды міндеттер тұр. Біз ұлттық электр торабын дамытып, жаңа технологияларды енгізуіміз, энергетикалық жүйенің сенімділігін арттыруымыз керек. Сондай-ақ келер ұрпаққа қызмет ететін инфрақұрылым қалыптастыру міндеті тұр. Осы өзгерістердің қозғаушы күші сіздер боласыздар деп сенемін. Энергетика саласының болашағы тек жабдықтардың қуатына немесе электр желілерінің мүмкіндіктеріне емес, ең алдымен, адамдардың білімі мен жауапкершілігіне байланысты", – деді Нәби Айтжанов.
Басқарма төрағасы жас қызметкерлерді өз бастамаларын ұсынуға, жаңа шешімдерді тәжірибеден өткізуге және жауапкершілік алудан қорықпауға шақырды.
Форумның алғашқы бөлігінде өткен KEGOC Talks кездесуінде жастар басқарма төрағасымен еркін пікір алмасты. Жастар кеңесінің төрағасы Айдана Белгібаева Нәби Айтжановтан еңбек жолын қалай бастағанын, басшылық қызметте қандай қасиеттер маңызды екенін сұрады.
Басқарма төрағасы өз тәжірибесімен бөлісіп, ұжымды басқару, кәсіби даму және шешім қабылдаудағы жауапкершілік туралы айтты. Кейін өңірлерден келген мамандар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойды. Кездесуде жас қызметкерлердің ұсыныстарын ескеріп, оларды компаниядағы шешім қабылдау үдерісіне кеңінен тарту мәселесі де қозғалды.

Бағдарлама аясында Басқарма төрағасының орынбасары Бақытхан Жазықбаев жас энергетиктермен кездесіп, KEGOC-тың қалыптасу тарихы, дамуының маңызды кезеңдері және бүгінгі жетістіктердің негізін қалаған азаматтардың ерен еңбегі туралы әңгімеледі.

KEGOC жастар кеңесінің төрағасы Айдана Белгібаеваның айтуынша, мұндай кездесулер өңірлерде жұмыс істейтін мамандардың пікірін білуге мүмкіндік береді.
"Біздің компанияның филиалдары еліміздің әр өңірінде орналасқан. Жастар күнделікті жұмыс барысында түрлі мәселеге тап болады, олардың өз ұсыныстары мен идеялары бар. Осындай кездесулерде олар басшылықпен тікелей сөйлесіп, көкейіндегі сұрақтарына жауап ала алады. Біз жас мамандардың пікірін білу, олардың бастамаларын тыңдау үшін ашық диалогтар мен форумдар ұйымдастырамыз. Мұндай кездесулер тәжірибе алмасып, білмегенімізді үйренуге де мүмкіндік береді", – деді Айдана Белгібаева.
Форумның келесі бөлігінде жас мамандар компания жұмысын жақсартуға арналған жобаларын таныстырды. Оған тоғыз команда қатысты. Ұсыныстар жасанды интеллектіні қолдану, өндірісті цифрландыру, еңбек қауіпсіздігін арттыру және жұмыс үдерістерін жеңілдету бағыттарын қамтыды.
Шымкенттен келген Кәмшат Әшірбаева әріптестерімен бірге электр желілеріне қатысты мәліметтерді бір жерге жинақтауға арналған цифрлық портал жобасын ұсынған. Ол KEGOC жастар форумына екінші рет қатысып отырғанын айтады.

"Біздің жобаның мақсаты – электр желілеріне қатысты мәліметтерді бір жүйеге жинау. Қажетті ақпараттың бәрі бір жерде болса, қызметкерлерге де жұмыс істеу жеңілдейді. Мен жастар форумына екінші рет қатысып отырмын. Мұнда компанияның қандай бағытта дамып жатқанын, алдағы жоспарларын білуге болады. Сонымен бірге өз жобамызды көрсетіп, басқа филиалдардағы әріптестеріміздің ұсыныстарымен танысамыз", – деді Кәмшат Әшірбаева.
Ал Қарағандыдан келген бірінші санатты инженер Асан Қобланды форумға алғаш рет қатысты. Оның командасы қосалқы станциялардағы электр энергиясының теңгерімін бақылауға, ауытқулардың себебін анықтауға және анықталған мәселелер туралы хабарлауға арналған жоба дайындаған.
"Бұл менің жастар форумына алғаш қатысуым. Осында келген жас мамандардың бәрі компанияға қандай да бір жаңалық енгізгісі келеді деп ойлаймын. Бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, өзге филиалдарда қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын көріп отырмыз. Өзімізге қажет жаңа білім мен пайдалы тәжірибе аламыз", – деді Асан.
Жобаларды таныстыру барысында қатысушылар өз ұсыныстарының қандай мәселені шешуге бағытталғанын түсіндірді. Сарапшылар сұрақтар қойып, жобаларды жетілдіруге қатысты пікірлерін де білдірді.
Форумның екінші бөлігінде жастарға жасанды интеллект көмегімен бағдарламалау тәсілдері үйретілді. KEGOC компаниясының Жасанды интеллект және деректерді басқару департаментінің директоры Алексей Анисимов вайб-кодинг бойынша сабақ өткізді. Қатысушылар қарапайым тілмен тапсырма беріп, жасанды интеллект арқылы цифрлық шешім әзірлеу мүмкіндіктерімен танысты.
Одан кейін "Команда энергиясы" атты іскерлік ойын ұйымдастырылды. IQAS квизінің авторы Мерей Ермұханов жүргізген сайыста жастар топ болып тапсырмалар орындап, ортақ шешім қабылдау дағдыларын сынады. Сайыс қорытындысында жеңімпаздар анықталды.
KEGOC SAMGAU II жастар форумында басшылықпен ашық диалог, нақты өндірістік мәселелерге арналған жобалар және жаңа технологияларды меңгеру бір бағдарлама аясында қамтылды. Жас мамандар өз ұсыныстарын сарапшыларға таныстырып, кері байланыс алды, ал әр өңірдегі әріптестерінің тәжірибесімен танысуға мүмкіндік туды. Форумда көтерілген бастамаларды одан әрі қарастыру олардың компания жұмысына қаншалықты тиімді екенін бағалауға жол ашады.
Қазақстандықтар брендтердің "қара тізімін" жасады: Кімге және не үшін бойкот жарияланды?