Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар брендтердің "қара тізімін" жасады: Кімге және не үшін бойкот жарияланды

брендтер
Фото: Stan.kz

Әлеуметтік желіде қазақстандықтар түрлі даудан кейін қай брендтің өнімінен, қай өнер иесінің шығармашылығынан бас тартқанын бөлісіп жатыр. Олар атағандардың арасында Choco, Sulpak, Burger King және Sen Sulu брендтері және бірнеше жұлдыздар бар. Stan.kz тілшісі жұрттың аталған тұлғалар мен брендтерден бас тартуына себеп болған оқиғаларға шолу жасады.

Threads желісінде Леонид Нығматуллин есімді қолданушы "бас тарту мәдениеті" туралы дәріске дайындалып жүргенін айтып, қазақстандықтарға сауал жолдады. Ол жұрттан дау шыққаннан кейін қай брендтің өнімін сатып алуды тоқтатқанын сұрады. Сондай-ақ әлеуметтік желіде қарсылық білдірген адамдардың кейін сол өнімді қайта тұтына бастайтынына қатысты пікірін білгісі келді.

Жазба қызу талқыға түсіп, қолданушылар өз тәжірибесін бөлісті. Бірі танымал әншілердің шығармашылығынан бас тартқанын айтса, енді бірі көңілі қалған дүкендер мен тамақтану орындарын атады.

Choco сервисіндегі қазақ тіліне қатысты дау

Пікірлерде жиі кездесетін брендтің алғашқысы – Choco мен Chocolife. Қолданушылар сервистерді пайдалануды қазақ тіліне қатысты даудан кейін тоқтатқанын жазды. 2022 жылдың қазанында Chocofamily негізін қалаушы Рамиль Мухоряпов Ресейден көшіп келгендермен кездесуде орысша қойылған сұраққа қазақша жауап қайтаруды сынға алып, жұртшылықтың ренішін туғызды. Ол өз сөзінде:

"Егер адам орысша біле тұра, қойылған сұраққа қазақша жауап қайтарса, мұнда көргенсіздіктің нышаны бар сияқты. Адам қанша жерден сыпайы сөйлесе де, бұл – іштей кемсітушілік. Мұны түсінуге болатын шығар, бірақ бұған жол беруге болмайды", – деп мәлімдеген болатын.

Қоғам оның пікірін мемлекеттік тілге деген кері көзқарас ретінде бағалады.

Кейін кәсіпкер қазақ және орыс тілдерінде кешірім сұрап, қазақ тілін құрметтейтінін мәлімдеді. 2023 жылы оған қатысты қылмыстық іс қылмыс құрамы болмағандықтан тоқтатылғаны хабарланды.

Алайда кей тұтынушы содан кейін сервисті қайта қолданбағанын айтады.

“Қазақтар мен қазақ тілі туралы сөздерден кейін Chocolife-тен бас тарттым. Бәрін бірден өшірдім, аккаунтымды да жойдым”, “Chocolife-ты жоюға тура келді. Бұрын пайдаланатынмын”, “Чоколайф қолданбаймын, тек отандық өнімдерді алуға тырысамын, отандық бизнестерді қолдауға тырысамын”, – деп жазды олар.

Sen Sulu косметикалық брендінің жарнамасы себеп болды

Қазақстандық Sen Sulu косметикалық бренді ресейлік блогер Валя Карнавалды жаңа тушьтің жарнамасына түсіргені үшін сынға ұшырады. Бұған блогердің Қазақстандағы түсірілім кезінде қазақ тілі мен халқына құрметсіздік танытты деген айыптаулар себеп болды.

Желі пайдаланушылары блогердің Қазақстандағы түсірілім кезінде қазақтарға деген кері көзқарасы туралы бұрын интернетте тараған қауесеттерді еске түсіріп, брендке бойкот жариялауға шақыра бастады.

Мұндай наразылық YouTube арнасында Антон Суворкиннің мәлімдемелерінен соң туындады. Ол видеоны түсіру кезінде блогер "барлық қазақты" түсірілім алаңынан алып тастауды сұраған деп мәлімдеді.

Суворкиннің айтуынша, Валя Карнавал түсірілім алаңында біреу қазақ тілінде сөйлегеніне теріс реакция білдірген. Сондай-ақ түсірілім алаңында "қазақтар болмайды" деп айтылды ғой” деген.

Желі қолданушылары брендті бойкоттауға шақырғаннан кейін компания Валя Карнавал қатысқан жарнаманы алып тастады.

Бренд негізін қалаушы Айнұр Кабелдинова шетел нарығына шығуды көздегендерін, блогерді аудиториясының ауқымына қарап таңдағандарын түсіндірді. 

Threads-тегі қолданушылардың бірі:

“Sen Sulu косметикасын сатып алмаймын, таныстарыма ұсынбайтын болдым”, “Sen Sulu-дың”косметикасынан бас тарттым”, – деп жазды ол.

Sulpak маңындағы емендер кесілген

Жазбаның астында Sulpak дүкені маңында ағаштар кесілгенін еске алып, содан бері дүкеннен тауар сатып алуды тоқтатқанын жазғандар да көп.

2020 жылғы қарашада Төле би көшесіндегі дүкен маңында ағаштар, соның ішінде Қызыл кітапқа енгізілген тоғыз емен кесілді. Оқиға қоғамдық наразылық туғызып, іс сотқа жетті.

2021 жылғы мамырда мердігер тараптың өкілі Жанна Нұртаеваға 4 миллион 167 мың теңге айыппұл салынды. Сот хабарламасында оның ағаштарды тапсырыс берушімен келіспей кесуге нұсқау бергені көрсетілген. Айыппұл компанияға емес, мердігер өкіліне тағайындалған.

Компания мердігердің ағаштарды өз бетінше кескенін мәлімдеп, Алматыда 500 ересек ағаш отырғызатынын хабарлаған.

Бірақ кей клиент үшін бұл оқиға брендтен бас тартуға себеп болып қалған.

“Емендерге қатысты даудан кейін Sulpak-тан бірде-бір тауар сатып алмадым”, “Төле би көшесіндегі ағаштарды кескеннен бері Sulpak-тен ештеңе алмаймын”, – деп жазды олар.

Burger King-тегі қызметкерге қатысты оқиға

Сондай-ақ қолданушылар Burger King-тің аутизмі бар қызметкерге қатысты дауын еске алды.

2026 жылғы ақпанда қызметкердің анасы ұлына қысым көрсетілгенін айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялады. Компания жігіттің штатта қалғанын мәлімдеді. Кейін Burger King Kazakhstan екі аумақтық басқарушының жұмыстан шығарылғанын және ішкі процестерді қосымша тексеру жалғасып жатқанын хабарлады.

Осы оқиғадан кейін кей тұтынушы желінің мейрамханаларына бармайтынын жазған.

“Аутизмі бар жігітке қатысты оқиғадан кейін Burger King-ке бармаймын”, “Burger King-ке мүлдем кірмеймін. Танымайтын фудкорт болса да, басқасынан аламын”, – деп жазды олар.

Shoqan-ның Борат бейнесін пайдаланған жарнамасы

Қазақстандық ерлер киімі бренді Shoqan-нан бас тартқандар да белсенді пікір қалдырды. Компанияға қатысты наразылық Борат бейнесі қолданылған жарнамадан кейін туды. Роликте костюм киіп көрген кейіпкер Қазақстан туралы даулы фильмнің образын қайталайды. Желі қолданушыларының бір бөлігі мұны отандық бренд үшін орынсыз шешім деп бағалаған.

2026 жылғы ақпанда түсірілген видео шілденің соңында қайта таралып, жұрт брендтің өнімін сатып алмауға шақырды. Кейін компанияның негізін қалаушы Ұлықбек Шәріпов қазақ тілінде үндеу жариялап, кешірім сұрады.

Кәсіпкер сондай-ақ бастапқыда жағдайға дұрыс жауап бере алмағанын мойындады. Ол қазақ халқына, мемлекеттік тілге және мәдениетке құрметсіздік таныту ниеті болмағанын айтып, команда жұмысын қайта қарағанын жеткізді. Алайда кешірімнен кейін де брендке наразылық аса азаймады.

Maxi Чайға бойкот жариялауға Баян Алагөзованың сөзі себеп болған

Maxi Чай атауы пікірлерде бірнеше рет кездеседі.

Көпшілік мұндай шешімді брендті жарнамалаған танымал продюсер Баян Алагөзованың тәңіршілдікпен байланысты пікірімен түсіндірген. Ол өз сөзінде:

"Тәңір – дін емес. Бұл адамдармен, табиғатпен, ғаламмен үйлесімде өмір сүру философиясы. Мен – ғаламның бір бөлшегімін, ғалам да менің бір бөлшегім. Құдай менің ішімде, мен Құдайдың бір бөлшегімін. Мен құл емеспін, мен еркін адаммын. Сондықтан бұл дүниетаным маған әлдеқайда жақын", – деді Баян Алагөзова.

Осы мәлімдемеден кейін наразы тұтынушылар аталған сусынды сатып алуды тоқтатқандарын жазған.

2025 жылғы тамызда дін өкілі Данияр Кенжеұлы продюсердің қазақтардың исламды қабылдауына қатысты сөзіне наразылық білдірді. Ол Алагөзованың жұбайы Тұрсынғали Алагөзов шығаратын Maxi Чайды сатып алмауға шақырды.

Алайда бойкот туралы үндеуді бәрі бірдей қолдай қоймады. Қарсы пікір білдіргендер бір адамның сөзі үшін кәсіпорын өнімінен бас тартуды сынап, Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін еске салды.

Бұған қарамастан, сол даудан кейін өнімді тұтынуды тоқтатқандар бар.

“Баян Алагөзованың исламға қатысты сөздерінен кейін Maxi Чай сатып алмаймын”, – деп жазды қолданушы.

Орловтың мейрамханалары: Жұрт ұмытпаған әзіл

Жазбаға пікір қалдырған біршама қолданушы ресторатор Александр Орловтың мекемелеріне бармайтынын жазды. Желі қолданушыларының айтуынша, бұған екі себеп бар.

Біріншісі, кәсіпкер 2022 жылғы 8 сәуірде Telegram-арнасында осы өңірде кәсіп ашатындарға Орталық Азияда білікті мамандар тапшы екенін айтып, қызметкерлерді шетелден әкелуге кеңес берген. 

“Қызметкерлерді басқа елдерден әкеліңіздер, әсіресе бастапқы кезде. Мен бастағанда бұл оңай емес еді. Қазір Қазақстанға адамдарды әкелу әлдеқайда жеңіл”, – деп жазды ол.

Қазақстандықтар бұл сөздерді жергілікті мамандарды кемсіту деп қабылдап, оның мейрамханаларына бармауға шақырды. Ал кейбір пікір иелері талқылау кезінде кәсіпкердің қонақтарға “мысық етін жедіңдер” деп әзілдеген бұрынғы оқиғасын да еске салды. Александр Орловтың "мысық етіне" қатысты айтқан сөзі 2020 жылы (пандемия кезінде) оның Алматыдағы “Тануки” мейрамханасында болған оқиғаға байланысты тараған еді.

Желіде үлкен дау тудырған сол бейнежазбада ол мейрамханадағы еттің сапасына күмән келтіріп, шағымданған қонақтарға мынадай сөз айтқан болатын:

"Мысықтың еті, несі бар екен? Мен бәрін жей беремін, сіздер де жеңіздер. Жалпы, бұл біздің жаңа сушилер, өте дәмді. Несін ұнатпай тұрсыздар?"

Кейін ресторатор қазақ және орыс тілдерінде кешірім сұрады. Ол Қазақстанды, оның мәдениеті мен дәстүрін құрметтейтінін айтып, ешкімді ренжіткісі келмегенін жеткізген. Сондай-ақ қонақтарға мысық еті берілмегенін, мұның әзіл болғанын түсіндірді.

Алайда Threads-тегі пікірлерде оның мекемелеріне әлі бармайтынын жазғандар кездеседі.

“Орловтың мейрамханаларына бармаймын және ол жерден тапсырыс бермеймін”, – деп жазды қолданушы.

“Аралтұз” атауына қатысты наразылық

Сонымен қатар “Аралтұз” астұзын сатып алмайтынын жазған қолданушылар да бар.

Кәсіпорынға қатысты резонансты оқиғалардың бірі 2024 жылғы желтоқсанда жария болды. Зауыт жұмысшылары “Жас Алаш” редакциясына видео жіберіп, онда директордың үйілген тұзға дәрет сындырып тұрғанын мәлімдеген.

Күзетші Мейрамбек Баубеков мұндай жағдай бұған дейін де болғанын айтып, ескерту жасағаннан кейін өзіне қысым көрсетіле бастағанын жеткізген. Өзге қызметкерлер де кәсіпорындағы тазалық талаптарына шағымданған.

Арал қаласының санитарлық-эпидемиологиялық басқармасы бұған дейін анықталған санитарлық бұзушылықтар үшін жауапты басшыларға айыппұл салынғанын хабарлады. Ал зауыт директоры Серік Қадыкешов видеода дәрет сындырмағанын, белдігі үзіліп, тоқтауға мәжбүр болғанын айтып, айыптауды жоққа шығарды.

“Аралтұз, бұл онсыз да түсінікті ғой”, “Аралтұз есептеле ме?”, “Аралтұздан бас тарттым”, – деп жазды олар.

Ресейлік өнімдерден бас тартқандар

Талқылауда жекелеген брендтермен шектелмей, ресейлік өнімдерді тұтынуды азайтқанын айтқандар да бар. Кейбірі бұл шешімін Украинадағы соғысқа қарсылығымен байланыстырды. Ал енді бірі ресейлік тауарлардан 2014 жылдан бері бас тартып келе жатқанын жазған.

“2014 жылдан бері ресейліктің бәрінен бас тарттым”, – деді қолданушылардың бірі.

Басқа оқырман музыка таңдауда да, азық-түлік сатып алғанда да балама іздейтінін жеткізген.

“Ресейлік шоу-бизнес музыкасынан бас тарттым. Өнімдері де сол тізімде. “Курочка Рябаны” азайтып, орнына “Вкус Кус” сатып аламын”, – деп жазды ол.

Сонымен бірге ресейлік өнерпаздардың бәрін емес, соғысты қолдайтындарын ғана тыңдамайтынын нақтылағандар бар.

“Ресейден шыққан, соғысты қолдайтын әртістерді қолдамаймын және тыңдамаймын”, – делінген пікірде.

Starbucks пен Coca-Cola: Палестинаға байланысты таңдау

Газадағы жағдайға байланысты кей халықаралық брендтен бас тартқанын айтқан тұтынушылар да табылды. Пікірлерде Starbucks, Coca-Cola және Fuse Tea атаулары кездеседі.

Starbucks-қа қатысты халықаралық наразылық кезінде компанияның Израильге қаржылай қолдау көрсететіні туралы ақпарат тараған еді. Компания бұл мәліметті жоққа шығарып, Израиль үкіметі мен әскерін қаржыландырмайтынын ресми түрде мәлімдеген.

Дегенмен Threads-тегі кей қолданушы кофеханалар желісіне бармайтынын жазды.

“Starbucks-қа бармаймын, Палестинаға байланысты Fuse Tea сатып алмаймын. Олармен байланысты басқа да көп нәрседен бас тарттым”, – деді оқырман.

Тағы бір қолданушы Coca-Cola ішуді тоқтатқанын қысқа жеткізген.

“Cola. Палестинаға соғыс ашқалы ішпеймін”, – деп жазды ол.

Өнерпаздардан бас тартуға не себеп болды?

Жазба астындағы пікірлерде брендтермен қатар, шоу-бизнес өкілдерінің шығармашылығынан бас тартқанын айтқандар да жетерлік. Бірі олардың сөзіне наразы болса, енді бірі отбасылық даулар мен зорлық-зомбылық туралы мәлімдемелерден кейін көзқарасын өзгерткен. Олардың арасында Jah Khalib, Тұрсынбек Қабатов пен Айқын Төлепберген де бар.

Jah Khalib-тің подкасттағы сөзі

Жазба астындағы пікірлерде Jah Khalib есімі жиі аталады. Желі қолданушыларының бірі оны бұрын сүйіп тыңдағанын, ал қазір репертуарын мүлде тыңдамайтынын айтса, енді бірі орындаушының әндерін платформаларда бұғаттап тастағандарын жазған.

Бұған 2022 жылы жарық көріп, 2024 жылдың сәуірінде қайта тараған ORTA подкастындағы сұхбат себеп болды. Ол кезде елде Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот өтіп, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесі қызу талқыланып жатқан еді.

Сұхбат барысында заңгер Жаслан Айтмағанбетов жыныстық зорлық-зомбылықтың орын алуын жәбірленушінің жүрген жерімен, уақытымен және киімімен байланыстырған болатын. Jah Khalib бұл пікірді қолдап:

"Киімнің қауіпсіздігі... Мен бұған 100 % келісемін. Мысалы, менің әйелім хиджаб киеді. Мен оған: "Бұл сенің қауіпсіздігің үшін" деймін. Ол киіммен көшеде жүргенде оған ешкім тиіспейді, ешкім қарамайды. Өйткені ол жабық", – деп мәлімдеді.

Желі қолданушылары бұл сөзді виктимблейминг деп бағалады. Талқылаудағы пікірлерге қарағанда, кей тыңдарман сол оқиғадан кейін шешімін өзгертпеген.

“Jah Khalib-ті тыңдамаймын, концерті тегін болса да бармаймын!”, “Jah Khalib-ті мүлде тыңдамаймын. Таксиде әні қосылса, ауыстыруды сұраймын”, “Jah Khalib менің тізімімнен толық өшірілді. YouTube та оның әндерін ұсынбайтын болды. Өйткені шыға қалса, бірден “қызықтырмайды” дегенді басатынмын”, – деп жазды олар.

Тұрсынбек Қабатовтың отбасылық дауы

Әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың өнерін енді тамашаламайтынын жазғандар да бар. Кейбірі бұрын әзілкештің шығармашылығын жақсы көргенін айтқан.

Қабатовтың отбасылық өмірі 2025 жылғы қарашада Мөлдір Мұқанованың журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатынан кейін кеңінен талқыланды. Актриса ажырасқанын растап, некедегі қиындықтар мен бұрынғы жұбайының басқа әйелмен байланысы туралы өз нұсқасын баяндады.

"Ең жаныма батқаны – Тұрсынбектің өз балаларын блокқа салып тастағаны. Балалар әкесіне жазғысы келеді, іздейді. Ал ол кісі балаларын бұғаттап тастаған. Маған жасағанын түсінермін, бірақ балалардың не айыбы бар?", – деді әнші.

Сұхбаттан кейін Қабатов та кей мәселеге қатысты жауап берді. Ол балаларын бұғаттамағанын, оларды жақсы көретінін және солар үшін еңбек етіп жүргенін мәлімдеді.

Threads-тегі пікірлерде әзілкештің есімі Айқын Төлепбергенмен қатар аталған.

“Қабатов пен Айқынды мүлде көрмеймін де, тыңдамаймын да. Бұрын қатты жақсы көретінмін”, “Тұрсынбектің концертіне бармаймын, Айқынды екінші рет үйленгеннен бері тыңдамаймын”, – деген.

Айқынның екінші некесі мен бұрынғы жары туралы сөзі

Пікірлер қатарында әнші Айқын Төлепбергеннің де есімі бар. Әншінің жеке өмірі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Алайда желідегі кей тұжырым оның өзі айтқан мәліметпен сәйкес келмейді. Мәселен, қазіргі жары Жұлдызбен қарым-қатынасы бірінші әйелі жүкті кезде басталғаны туралы пікірге Айқын 2019 жылғы сұхбатында теріс жауап берген. Ол таныстықтың кейін болғанын айтқан.

Ал бұрынғы жұбайының қайта тұрмысқа шығуына қатысты ұстанымын әншінің өзі ашық жеткізген. "Замандас" подкастында ол Әселдің тұрмыс құруына бастапқыда қарсы болғанын балалардың кішкентайлығымен түсіндірген. Кейін балалар өскен соң келісімін бергенін айтқан.

“Бірінші әйелімнің тұрмысқа шығуына бастапқыда қарсы болдым. Өйткені балалар кішкентай еді. Бір кезеңнен өту керек болды. Балалар өскеннен кейін жеке өміріңе де уақыт табылады деп шарт қойғаным рас. Қазір балалар өсті, екінші рет тұрмысқа шығуға келісімімді бердім. Ара-қатынасымыз жақсы. Ол – өте ақылды әйел”, – деді әнші. 

Желі қолданушыларының бір бөлігі әншіні тыңдаудан бас тартқанын жазды.

“Айқынды тыңдамайтын болдым. Тіпті ұнамайтын болып кетті”, “Біздің отбасымыз Айқынды тыңдаудан бас тартты”, – деп жазды олар.

Нұрлан Сабуров және әскери бөлімге берілген мотоциклдер

Нұрлан Сабуровты қолдамайтынын жазғандардың арасында оның ресейлік әскери бөлімге техника беруіне қатысты оқиғаны атағандар бар.

2026 жылғы ақпанда әзілкештің “Легион Вагнер Истра” бөлімшесіне он мотоцикл бергенін айтқан видеосы әлеуметтік желіде қайта тарады. Ролик алғаш рет 2025 жылғы шілдеде Истра әкімшілігі басшысының Telegram арнасында жарияланған. Видеода Сабуров мотоциклдердің көмек пен азық-түлік жеткізуге пайдаланылатынын айтып, әскери қызметшілердің жеңіспен оралуына тілек білдірген.

Threads-тегі қолданушылардың бірі әзілкешті өз тізіміне қосты. Енді бірі бұрын Сабуров қатысқан іс-шараларға барып жүргенін, қазір оған көзқарасы өзгергенін айтты.

“Ешқашан Сабуровтың жанкүйері болған емеспін. Бірақ Мәскеуде ол қатысқан түрлі іс-шараларға анда-санда баратынмын. Қазір оған көзқарасым мүлде теріс”, –  деп жазды ол.

Шәріп Серіковке қатысты зорлық-зомбылық дауы

Шакенти есімімен танылған актер Шәріп Серік те қолданушылар атаған тұлғалардың арасында бар. Оның айналасындағы дау 2025 жылғы сәуірде бұрынғы сүйіктісі Әлия Бутеева зорлық көргенін айтып, видео жариялағаннан кейін күшейді. Кадрларда актердің қызды лифтіден күшпен шығарып жатқаны көрінеді.

Осыдан кейін актердің бұрынғы жұбайы Say Mo да некеде зорлық көргенін мәлімдеді.

“Шынымды айтсам, таңғалмаймын. Ол жігіттен бес жыл бұрын талай қорлық көрдім. Әлі күнге дейін терапияда жүрмін. Мен де сол кезде қолымда дәлел болмағасын тақырыпты қозғауға қорықтым. Себебі оның анасы – адвокат. Одан кейін бәрі мені кінәлады. Тіпті, кейбір таныстарым менен теріс айналды. Әлі есімде Алматыдағы Вавилон тұрғын үй кешенінің алдында қол көтерді. Бірақ мен тұрғын үй кешенінің администрациясына хабарласып, бейнежазбаны ала алмадым. Сол түні әріқарай не болғанын айтып бастасам, қорқынышқа толы әңгіме болады”, – деп жазды әнші. 

Кейін Шәріп Серік Әлішер Елікбаевқа берген сұхбатында Бутееваға шапалақпен ұрғанын мойындады. Актер оқиғадан соң жобалардан шеттетіліп, келісімшарттары бұзылғанын да жасырмады. 

Пікірлер арасында актердің есімі жиі кездеседі.

“Өзім тыйым салған және бас тартқан бренд пен адамдар: Chocolife, Тұрсынбек, Кенжебек Нұрдолда, Jah Khalib, Шакенти, Shoqan Suits…” – деп жазды қолданушы.

Кенжебек Нұрдолдайдың отбасылық дауы және әкелікті анықтаған сараптама

Желі қолданушылары әнші Кенжебек Нұрдолдайдың шығармашылығынан бас тартқанын айтып, оның бұрынғы сүйіктісі Жәмиләмен арадағы дауын еске алды.

2023 жылы Жәмилә әншімен бірге тұрғанын, одан баласы барын айтып, кейін баласымен үйден қуылғанын мәлімдеді. Ол сондай-ақ тұрмыстық зорлық көргенін де айтты. Ал әнші Жәмиләмен үйленіп жатқаны түсірілген видеоны бейнебаян түсірілімі деп түсіндіріп, ақпаратты жоққа шығарды.

2024 жылғы ақпанда жарияланған мәліметке сәйкес, ДНҚ сараптамасы баланың әншімен биологиялық туыстығын растады. Бағдарламада Кенжебек үйленгенін жоққа шығарғаны үшін кешірім сұрады. Жәмилә әкелікті заңды түрде анықтап, алимент өндіруге ниетті екенін жеткізді.

Threads-тегі пікірлерде кей тыңдарман осы оқиғадан кейін әншіні тыңдамай кеткенін жазды.

“Әйелі мен баласын үйден шығарғаннан кейін mr.kenjebek-тің музыкасын тыңдауды тоқтаттым”, – деп жазды қолданушы.

Өзге оқырмандар да әншіні шығармашылығынан бас тартқан танымал тұлғалар қатарына қосқан.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 23 Қазан, 2026 10:08