Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық косметика бренді ресейлік блогерді жарнамаға шақырғаны үшін сынға ұшырады

Валя Карнавал
Фото: Sen Sulu

Sen Sulu қазақстандық косметикалық бренді жарнамалық видеоға ресейлік блогер Валя Карнавалды түсіргеннен кейін сынға ұшырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Желі пайдаланушылары блогердің Қазақстандағы түсірілім кезінде қазақтарға деген жеккөрушілік көзқарасы туралы бұрын интернетте тараған қауесеттерді еске түсіріп, брендке бойкот жариялауға шақыра бастады.

“Өзіміздің қыздар жетіп жатыр еді ғой, әдемі жарнамалап жүрген”, “Енді сіздерден ештеңе алмаймын”, “Сіздердің брендтің өнімдерін лақтырып тастадым. Әрине, одан бренд жоғалып кетпейтін шығар, кедейленіп те қалмайсыздар. Бірақ блогерлермен коллаборация жасамас бұрын оның салдары туралы ойлану керек. Мен үшін енді ондай бренд жоқ”, – деді желідегілер.

Тағы бір қазақстандық бренд атауының қазақы әрі әдемі екенін атап өтіп, алайда олардың бұл шешімін түсінбейтінін жеткізді. Ол Қазақстанда ақылды, сұлу, білімді әрі тәрбиелі қыздар көп екенін айтып, солардың арасынан таңдау жасауға болар еді деген пікір білдірді.

“Не түрі жоқ, не әлемге танылған таланты жоқ, ақылымен ерекшеленгені тағы жоқ, қазақтарға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ресейлік блогерді амбассадор қылған Сен сұлу (аты қандай әдемі, қазақы) брендіне бойкот жарияладым! Ресейге барып сатсын!” – деп жазды ол.

скриншот Sen Sulu
Фото: скриншот

Бота Дүйсенәлі есімді қолданушы да өз наразылығын білдірді. Ол бұл косметиканы бұрын сүйіп қолданғанын, алайда өзі үшін адамгершілік ұстаным мен моральдық құндылық әрдайым жоғары тұратынын айтты. Жазба авторының сөзінше, бұл хейт емес, брендке деген өкпе мен көңіл қалу.

“Косметикаға емес, дәл сіздерге, негізін қалаушыларға көңілім қалды! Өз халқыңа, ұлтыңа деген мақтаныш, патриоттық сезім мен құрмет қайда?!” – деп жазды ол.

Автордың айтуынша, бренд өкілдері бұған дейін қазақстандықтарға қатысты жағымсыз пікір білдірген адамды өз брендінің ғана емес, тұтас Қазақстан атынан танылатын брендтің бет-бейнесі еткен.

“Айналамызда өзіміздің әдемі, табиғи сұлулығымен көзге түсетін қыздарымыз толып жүргенде, дәл осы ханымды таңдағандарыңыз қалай?! Мен енді сіздердің косметикаларыңызға өз ақшамды принципті түрде жұмсамаймын. Себебі ол ақша осындай адамдардың гонорарына кетпесін деймін! Оның баламасы айналада толып тұр”, – деп ашуланды ол.

Sen Sulu брендінің айналасындағы дауға танымал коуч Роза Әшірбаева да қосылды. Оның айтуынша, компанияның негізгі тұтынушылары – қазақтілді қыз-келіншектер. Ол бренд атауы түркітілдес халықтардың бәріне ортақ түсінікті екенін атап өтті.

“Олардың көбі Валя Карнавалды және оның қазақстандықтарға қарым-қатынасын білмейді. Тіпті жарнамалық кампанияда ол қыздың кім екенін танып тұрған жоқ”, – деп жазды ол.

Сонымен қатар ол бизнес иесі маркетинг агенттігін жалдаған кезде, жарнамаға таңдалған танымал адамның кім екенін мұқият тексеруі қажет екенін айтты. Әйтпесе мұндай шешім бизнеске үлкен нұқсан келтіруі мүмкін.

Жаңа нарыққа шығамын деп өз нарығыңды жоғалтып алу қаупі бар”, – деп жазды Роза Әшірбаева.

Ал әнші Алтыншаш Sen Sulu брендіне қатысты өз тәжірибесін бөлісті. Оның айтуынша, ол брендтің косметикасын жақсы көрген, алайда бір жыл бұрын болған жағдайдан кейін қатты көңілі қалған.

Sen Sulu менің мүгедектер арбамнан ұялатын сияқты. Бір жыл бұрын болған жағдайдың қасында мұның бәрі көмескі болып қалады. Дәл сол кезде олардың адамдарды қалай бөлетінін алғаш байқадым. Өкінішке қарай, сол оқиғадан қалған ауыр әсер әлі күнге дейін ұмытылған жоқ”, – деп жазды ол.

Ол өз әрекеті арқылы барлық қыздың тең әрі сұлу екенін көрсеткісі келгенін жеткізді. Автордың өзінше, мүгедектігі немесе қандай да бір ерекшелігі болса да, әр қыз әдемі. 

Сынға ұшырағаннан кейін бренд өкілі Бақытгүл Қазбекова жағдайға түсініктеме берді. Оның айтуынша, Sen Sulu – ел ішінде де, халықаралық деңгейде де дамып келе жатқан қазақстандық бренд.

"Валя Карнавал Қазақстанда да, басқа жерде де Sen Sulu брендінің бет-бейнесі емес. Онымен ынтымақтастық брендтің жаңа нарыққа шығуы мен аудиторияны кеңейтуге байланысты жарнамалық науқан мен ынтымақтастықтың бір бөлігі ғана болды", – деп мәлімдеді компания.

Мұндай наразылық YouTube арнасында Антон Суворкиннің мәлімдемелерінен соң туындады. Ол видеоны түсіру кезінде блогер "барлық қазақты" түсірілім алаңынан алып тастауды сұраған деп мәлімдеді.

Суворкиннің айтуынша, Валя Карнавал түсірілім алаңында біреу қазақ тілінде сөйлегеніне теріс реакция білдірген. Сондай-ақ түсірілім алаңында "қазақтар болмайды" деп айтылды ғой” деген.

Кейінірек Валя Карнавалдың өзі бұл айыптауларды жоққа шығарып, ақпаратты жала деп атады.

"Бұл – нағыз өтірік, жала жабу және арандатушылық. Мен қазақстандықтармен жұмыс істегеніме ризамын. Адамдар өте мейірімді және қонақжай болды", – деп жазды блогер өзінің Telegram арнасында.

Қырмызы Скендирова
Дүйсенбі, 18 Мамыр, 2026 08:30