Қазақстанда қысқы шина салмағаны үшін қандай айыппұл қарастырылған
Қазақстанда 1 желтоқсаннан бастап жеңіл көліктерге қысқы шиналар орнату міндетті. Бұл талапты бұзған жүргізушілерге 21 625 теңге айыппұл салынады. Ал бір жыл ішінде заңбұзушылықты қайталағандарға айыппұл мөлшері 86 500 теңгеге дейін өседі. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Қысқы дөңгелекті қашан ауыстыру керек?
Кеден одағының "Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентіне сәйкес, Қазақстанда жеңіл көліктерді 1 желтоқсаннан 28 ақпанға дейін қысқы шиналарсыз пайдалануға тыйым салынады.
Қостанай облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының жол-техникалық инспекция тобының инспекторы Динара Нұрғалиеваның айтуынша, қысқы шиналар көліктің барлық дөңгелегіне орнатылуы керек.Техникалық регламент талаптарын бұзған жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал бір жыл ішінде осы заңбұзушылықты қайталаған жағдайда жаза күшейтіледі.
Айыппұл мөлшері қанша?
2026 жылы қолданыстағы айыппұл мөлшері төмендегідей:
- 21 625 теңге — талапты алғаш рет бұзғаны үшін (5 АЕК);
- 86 500 теңге — бір жыл ішінде заңбұзушылықты қайталағаны үшін (20 АЕК).
Демек, қысқы дөңгелек орнату талабын қайталап бұзған жүргізуші алғашқы айыппұлдан төрт есе көп төлейді. Бұл талап ауа райына қарамастан қысқы кезеңде қолданылады. Яғни қар жаумаса да, күн жылы болса да, белгіленген мерзімде көліктің барлық дөңгелегінде қысқы шина болуы қажет.
Қысқы дөңгелекті неге ертерек ауыстырған дұрыс?
Полиция жүргізушілерге дөңгелекті желтоқсанды күтпей, алдын ала ауыстыруға кеңес береді. Себебі ауа температурасы төмендегенде жазғы шиналар серпімділігін жоғалтып, жолмен ілінісуі нашарлайды. Бұл әсіресе жаңбыр, қар және көктайғақ кезінде көлік жүргізуді қауіпті етеді. Сонымен қатар жүргізушілерге жылдамдықты сақтап, ауа райы нашарлаған кезде көліктер арасындағы қауіпсіз қашықтықты ұлғайту ұсынылады. Қысқы шиналардың тозу деңгейін де алдын ала тексерген жөн.
Айта кетейік, бұған дейін жанармай құйғаннан кейін көлігі бұзылған қазақстандықтың шығынын өтей алмай қалғаны туралы жазған едік.
Қазақстандық мұғалімдер жұмыстан тыс уақытта түнгі рейдке шығуға әлі де мәжбүр екенін айтты: Оқу-ағарту министрлігі не дейді
