Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бензин құйғаннан кейін көлігі бұзылған қазақстандық 200 мың теңгедей шығынға батты, бірақ өтемақы ала алмады

Жанармай құю бекеті
Фото: Фото: Alexandre Anchling / Pexels

Бензин құйғаннан кейін көлігі оталмай қалса, жүргізуші шығынды өз қалтасынан өтеуге мәжбүр ме? Қазақстанда жанармай сапасына қатысты шағымдар көбейгенімен, оның сапасыз екенін дәлелдеу қиынға соғып жатыр. Мұндай жағдайда тұтынушы құқығын қалай қорғай алады және шығынды кім өтейді? Бұл туралы Stan.kz материалында.

 

“Бактағы “уды” дәлелдеу үшін, қыруар қаржы керек”

Соңғы кездері әлеуметтік желілерде жанармай құйғаннан кейін көліктерінде ақау пайда болғанына шағым түсірген жүргізушілердің қарасы көбейді. Көп жағдайдың біріне тоқталып өтейік. Жанар Ахметжанова 2026 жылғы 14 қыркүйекте Астанадан шығар жолдағы Qazaq Oil жанармай құю бекетінен АИ-95 бензинін құйғанын айтады. Оның сөзінше, шамамен 77 шақырым жүргеннен кейін көлігінің тарту күші төмендеп, әдеттен тыс дыбыс пайда болған. Ресми сервис орталығында жанармай сапасына қатысты күдік туындаған.

Жанар Ахметжанова
Фото: Видеодан скриншот

Көлікті жөндеу барысында бактағы отын төгіліп, жанармай жүйесі жуылған. Форсункалар тазаланып, оталдыру шамдары ауыстырылған, дроссель тазартылып, бейімделген. Жанар Ахметжанованың мәліметінше, жөндеу жұмыстарына 159,4 мың теңге, ал такси мен канистрге тағы 15,2 мың теңге жұмсалған.

Жанармай құю бекетінің менеджері оған резервуардан алынған бензин үлгісін берген. Алайда жанармайдың сапасыз екенін және көліктің бұзылуына дәл осы отын себеп болғанын анықтау үшін тәуелсіз сараптама қажет. Жанардың айтуынша, мұндай сараптаманың құны 300 мың теңге шамасында.

29 қыркүйекте ол осы мәселеге байланысты Астана қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Алайда ведомствоның жауабында форсункаларды тазалау фактісінің өзі жанармай сапасыз болғанын немесе көлікте елеулі ақау пайда болғанын дәлелдемейтіні айтылған. Мәселені анықтау үшін диагностика нәтижелері, жанармай сатып алғанын растайтын құжаттар, отынның шығу тегі туралы мәліметтер, зертханалық талдау және сервистік орталықтың қорытындысы қажет болуы мүмкін.

скриншот
Фото: Видеодан скриншот

Осылайша, Жанардың жағдайында негізгі мәселе — көлікті жөндеуге кеткен шығынды есептеу ғана емес, ақаудың себебін дәлелдеу. Ал тәуелсіз сараптаманың құны жөндеу шығындарынан да жоғары болуы мүмкін. Бұл тұтынушы үшін маңызды сұрақ туындатады: жанармай сапасына қатысты күдік болса, қажетті дәлелдерді жинауға кім көмектесуі керек — жүргізушінің өзі ме, әлде мемлекеттік органдар ма?

 

Жанармай құйылған күні сынама алынбаса, істі дәлелдеу қиын – заңгер пікірі

 

Qalqan Advisors заң фирмасының адвокаты Асқар Қаймақовтың пікірінше, заң тұтынушыны қорғайды, бірақ көліктің бұзылуына жанармай себеп болғанын дәлелдеу міндеті көбіне жүргізушінің өзіне жүктеледі. Әсіресе жанармай құйылған күні сынама алынбаса, істі дәлелдеу қиындайды.

Заңгердің түсіндіруінше, жанармай сатушысы сапасыз тауардан келген зиянды өтеуге міндетті болуы мүмкін. Алайда жүргізуші екі нәрсені дәлелдеуі керек: біріншіден, жанармайдың сапасыз болғанын, екіншіден, көліктің бұзылуына дәл сол отын себеп болғанын.

Асқар Қаймақов жүргізуші жанармайдың сапасын тексеру үшін барлық шығынды міндетті түрде өз қалтасынан төлеуге тиіс емес екендігін айтты. Заңда жанармай сапасы талапқа сай болмаса, тексеру шығындарын сатушының өтеуіне қатысты норма бар. Алайда сотта тағайындалатын сараптаманың төлем тәртібі өзгеше болуы мүмкін. Сондықтан сараптамаға жұмсалған қаражатты кім өтейтіні нақты жағдайға және сот шешіміне байланысты.

“Сервистік орталықтың ақау туралы актісі бұл байланысты толық дәлелдемейді. Мәселен, Өскеменде қаралған іс: көлік багындағы бензиннен су табылғанымен, сот талапты қанағаттандырмаған. Себебі сервистік орталықтың актісі біржақты жасалып, жанармай құю бекетінен сынамалар кейін алынған”, – дейді Асқар Қаймақов. 

Сондықтан заңгер жанармай құйылған күні көлік багынан және бекет резервуарынан сынама алудың маңызын атап өтті. Жөндеу кезінде алынған бөлшектерді сақтау, сервистік орталықтан ресми акт алу және жанармай құю бекетінің сол күнгі құжаттарын сұрату да дәлел жинауға көмектеседі.

Бірақ заңгер автокөлік иелеріне бірден істі аяқсыз қалдырмауға кеңес берді. Жанармай сапасына қатысты сотта жеңіске жеткендер де бар. 

“Сапасыз жанармайдан келген шығынды сот арқылы өндіріп алу мүмкіндігі де бар. Заңгер келтірген мәліметке сәйкес, 2025 жылы Алматыда сот жанармайға су араласқан жағдай бойынша жанармай құю бекетінің иесінен 5,3 миллион теңге залал мен 240 мың теңге сараптама шығынын өндіріп алу туралы шешім шығарған. Бұл шешім апелляциялық сатыда да өзгеріссіз қалған”, – деп бөлісті ол.

Ал кәсіби заң консультанты, "Астана Юрист" заң фирмасының аға серіктесі Арыс Данагатов мәселені мемлекеттік органдардың міндеттері тұрғысынан қарастырады.

“Көліктің бұзылуына жанармай себеп болғанын бір ғана құжатпен дәлелдеу міндетті емес. Жанармай құйылғаны туралы чек, одан кейін көліктің істен шығуы, сервистік орталықтың қорытындысы және жанармай құю бекетінен алынған сынамалардың нәтижесі өзара байланысты дәлелдер ретінде қарастырылуы мүмкін”, – дейді заңгер Данагатов.

Сарапшының айтуынша, ең маңыздысы — көлік багындағы отынмен қатар, сол күні жанармай құю бекетінде сатылған бензинді де тексеру керек. Егер бекеттегі сынама талаптарға сәйкес келмесе, көлік багында бұрыннан болған отынмен араласу мәселесі екінші кезекке ығысады.

Заңгер сараптама құны жоғары болғандықтан, жүргізуші өз құқығын қорғаудан бас тартпауы керек деп есептейді. Оның айтуынша, сотта сараптама тағайындау туралы өтініш беруге болады, ал шығындарды түпкілікті кім көтеретіні істің нәтижесіне байланысты шешілуі мүмкін. Сонымен қатар сот жанармай құю бекетінен сатылған отын партиясына қатысты құжаттарды талап ете алады.

Данагатов мемлекеттік органдар азаматтан алдын ала дайын дәлел талап етпей, өз құзыреті шегінде тексеріс жүргізіп, сынама алып, зертханалық зерттеу ұйымдастыруы керек деп санайды. Оның айтуынша, егер тексеруші органның өзі дәлелдерді талап етпей, керісінше тексеріс жүргізу үшін оны өзі де жинақтай алады. Заңгер мемлекеттік органның жауабымен келіспеген жағдайда тұтынушы жоғары тұрған органға немесе сотқа шағымдана алатынын да айтады. Сондай-ақ сотта сараптама тағайындауды сұрап, жанармай құю бекетінен отын партиясына қатысты құжаттарды талап етуге болады.

Заңгерлердің айтуынша, жүргізуші дәлелдерді уақытында жинап, ал мемлекеттік органдар шағымға жауап беріп, өз құзыреті аясында тексеріс жүргізу қажеттігіне назар аударды.

Жанармай сапасына шағым түсіру үшін не істеу керек?

Заңгерлердің кеңесіне сүйенсек, жанармай сапасына күмән туған жағдайда жүргізуші бірнеше әрекетті уақытында орындағаны жөн.

  • Жанармай құйғаны туралы чекті сақтау керек. Чек отынның қай бекеттен және қашан алынғанын растауға көмектеседі.
  • Көліктің ақауын құжатпен рәсімдеу қажет. Сервистік орталықтан ақау туралы акт пен техникалық қорытынды алған дұрыс. Жөндеу кезінде алынған бөлшектерді де сақтаған жөн.
  • Жанармай сынамасын алу мәселесін көтеру керек. Мүмкіндік болса, көлік багындағы және бекет резервуарындағы отыннан бір күнде сынама алған маңызды. Бұл кейін жанармайдың сапасы жөнінде дау туындаған жағдайда дәлел бола алады.
  • Жанармай құю бекетіне жазбаша талап жолдауға болады. Онда жағдайды сипаттап, келтірілген шығынды өтеу туралы талап қоюға болады. Нәтиже болмаса, уәкілетті мемлекеттік органға шағымданып, қажет болған жағдайда сотқа жүгінуге болады.

Сараптамаға кететін шығынның кімге жүктелетіні істің мән-жайына және сот шешіміне байланысты. Сондықтан қымбат сараптамаға ақша жұмсамас бұрын, дәлелдерді жинаудың қолжетімді жолдарын және мемлекеттік органға жүгіну мүмкіндігін қарастырған жөн.

Үкімет не дейді?

Сапасыз жанармайдан келген шығынды өтеу мәселесі Үкімет деңгейінде де көтерілген. Премьер-министр Олжас Бектеновтың сөзінше,  тұтынушылардың құқықтары заңмен қорғалады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сапасыз тауардан тұтынушының мүлкіне зиян келсе, оны өтеу туралы талап қоюға болады. Бірақ нақты жағдайда жанармайдың сапасыз болғанын және көліктің бұзылуына сол отын себеп болғанын дәлелдеу маңызды.

Қиындық туғызатын да осы: жанармай құйылғаннан кейін көліктің бұзылуы өздігінен бензиннің сапасыз екенін дәлелдемейді. Оған техникалық ақау немесе басқа себептер әсер етуі мүмкін. Сондықтан тұтынушыға сервистік орталықтың қорытындысы, жанармай сынамасының нәтижесі және өзге де дәлелдер қажет.

Қазіргі таңда Қазақстанда жанармай бағасы қанша?

Жүргізушілер сапасыз жанармайдан көлігіне келген шығынды дәлелдеуге тырысып жүргенде, бензин бағасы да біртіндеп өсіп жатыр. Көлік бұзылса, жөндеу шығыны өз алдына, жанармайдың өзі де қалтаға салмақ салып отыр. Ал сапаға қатысты шағымдар әзірге шешімін таппай келеді. Ендеше, қазіргі таңда Қазақстанда жанармай бағасы қанша?

Соңғы мәліметтер бойынша, жанармай бағасы өңірлерде ерекшеленеді. Алматы мен Алматы облысында АИ-92 бензинінің литрі 250–255 теңге, АИ-95 — 320–329 теңге, дизель отыны 348–351 теңге аралығында сатылады. Астанада АИ-92 бағасы 250–253 теңге, АИ-95 — 315–321 теңге шамасында.

Ал Батыс Қазақстандағы Атырау, Ақтөбе, Ақтау және Орал қалаларында баға салыстырмалы түрде төмен: АИ-92 бензині 228–243 теңге, АИ-95 — 294–308 теңге аралығында.

Бензин бағасының өсуі алдағы уақытта да жалғасуы мүмкін. Алайда оның нақты қаншаға қымбаттайтынын алдын ала айту қиын

Экономист Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, жанармай құны мұнай бағасына, ішкі нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа, импорт көлеміне және мемлекеттік баға саясатына байланысты. Сонымен қатар бензиннің қымбаттауы жүк тасымалы мен өндіріс шығындарын өсіріп, уақыт өте келе тауарлар мен қызметтердің бағасына әсер етуі мүмкін.

Жанармай бағасының өсуі жүргізушілер үшін қосымша шығын болса, оның сапасына қатысты дау тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесін алға шығарды. Көлікке ақау жанармай құйғаннан кейін пайда болса да, оның себебін нақты дәлелдерсіз анықтау мүмкін емес.

Десе де, сапасыз жанармайдан келген шығынды өтеу мүмкіндігі бар, бірақ дәлелдердің жеткілікті болуы шешуші рөл атқарады. Тұтынушы өз құқығын қорғау үшін қолындағы құжаттарды сақтап, қажет болса, мемлекеттік органға немесе сотқа жүгінгені жөн.

Еске салсақ, жанармай бағасының өсімі Қазақстанда жанармай бағасын мемлекеттік реттеуден біртіндеп бас тарту үдерісімен тұспа-тұс келді. Үкімет бір жылдан астам уақыт бойы әлеуметтік маңызы бар АИ-92 бензині мен дизель отынының бағасын әкімшілік жолмен реттеп келді. Алайда 2026 жылғы 1 сәуірде осы отын түрлерін белгіленген шектен жоғары бағамен сатуға тыйым салған мораторий аяқталды. Осыдан кейін Энергетика министрлігі нарықты біртіндеп еркін баға белгілеу тетігіне көшіруді қолға алды. Нәтижесінде жанармай құнына сұраныс пен ұсыныс, мұнай өнімдерін өндіру және жеткізу шығындары сияқты нарықтық факторлардың ықпалы күшейді.

Айта кетсек, бұған дейін Қазақстанда бензин бағасының қымбаттауы мен жанармай сапасына қатысты жүргізушілердің шағымдары туралы жазған едік. 

Айнура Дарибаева
Бейсенбі, 15 Қазан, 2026 17:49