Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АИ-92 бензині АИ-95 ретінде сатылған: Қазақстанда бензин сапасын тексеру кезінде не анықталды?

октан
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Қазақстанда биыл жалпы құны 5,76 миллион теңге болатын бензин партияларын сатуға тыйым салынды. Мұны Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұған жанармайдың октан санының құжатта көрсетілген маркаға сәйкес келмеуі себеп болған. Ведомство бұған дейін жанармай құю станцияларында жүргізілген тексерулердің нәтижесін жариялады. Мамандар бақылау мақсатында сатып алу кезінде бензиннің 22 үлгісін алған. Алматыда, Қызылорда және Жетісу облыстарында талапқа сай келмейтін жанармай анықталған.

Алматыда АИ-100 бензинінің октан саны 99 болған. Ал норма бойынша бұл көрсеткіш кемінде 100 болуы керек. Сонымен қатар оның құрамындағы күкірт мөлшері 33 мг/келіге жеткен. К5 экологиялық класы үшін рұқсат етілген шек – 10 мг/келі. Демек көрсеткіш 3,3 есе жоғары болған.

Қызылорда облысында АИ-95 бензинінің октан саны 92 болып шыққан.

Ал Жетісу облысында К4 экологиялық класына жататын АИ-92 бензинінің құрамынан 105 мг/кг күкірт анықталған. Рұқсат етілген мөлшер – 50 мг/келі. Осы талапты бұзғаны үшін кәсіпкерге 195 АЕК, яғни шамамен 843 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

Жалпы биыл аумақтық департаменттер жанармай құю станцияларында 55 бақылау шарасын өткізген. Олардың ішінде жоспардан тыс тексерулер, профилактикалық бақылау және бақылау мақсатындағы сатып алулар бар. Өткен жылы мұндай шаралардың саны 32 болған. Сол кезде алты жағдайда талап бұзылған.

Комитет мәліметінше, қазір жанармай сапасына қатысты 12 өтініш қаралып жатыр. Оның тоғызы Астанадан, екеуі Солтүстік Қазақстан облысынан, біреуі Павлодар облысынан түскен.

Ведомство өкілдері бензиннің сапасына күмән туған жағдайда чекті, автокөліктің ақауын растайтын құжаттарды және зерттеу үшін жанармай үлгісін сақтауға кеңес береді. Отын сапасына қатысты шағымды комитеттің аумақтық департаментіне eOtinish арқылы жолдауға болады. Ал келтірілген шығынды өтеу үшін сотқа жүгіну қажет.

Сонымен қатар Қазақстанда бензин сапасына қатысты өндірістен бастап сатылымға дейінгі бүкіл тізбекті қамтитын тағы бір тексеру жүріп жатыр. Сауда министрлігі бұл туралы 27 тамызда хабарлаған. Тексеру аясында Павлодар мұнай-химия зауытынан алынған жанармай үлгілері тәуелсіз зертханаға жіберілді. Сонымен қатар Sinoil, QazaqOil және Helios компанияларының қоспалары бар жанармай үлгілері зерттеліп жатыр.

Бұл тексерудің қорытындысы әзірге жарияланған жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы жанармай құю бекеттерінен АИ-92 бензині АИ-95 ретінде сатылғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 04 Қыркүйек, 2026 18:30