Қазақстандықтардың жанармай сапасына шағымы: Павлодар мұнай-химия зауыты тексеріс нәтижесін жариялады
Павлодар мұнай-химия зауыты АИ-95 және АИ-98 маркалы бензиннің сапасына қатысты көлік жүргізушілерінен түскен шағымдардан кейін тексеру жүргізілгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
25 тамызда жанармайдың арбитраждық үлгілері тәуелсіз SGS Kazakhstan зертханасында сыналған. Зауыт өкілдерінің мәліметінше, сараптама нәтижесінде тексерілген бензин үлгілерінің ГОСТ 32513 талаптарына толық сәйкес келетіні анықталған.
“Павлодар мұнай-химия зауытында өндірілген АИ-95 және АИ-98 маркалы бензин Кеден одағының ТР ТС 013/2011 техникалық регламенті мен ГОСТ 32513-2013 талаптарына сай. Зауыттан жөнелтілген бензин партиялары өнім сапасының талапқа сәйкес екенін растайды”, – деп мәлімдеді кәсіпорын.
Тексеру барысында арбитраждық үлгілер зерттелген. Мұндай үлгілер зауыттан жөнелтілетін әрбір жанармай партиясынан алынып, арнайы пломбаланып, 45 күн бойы сақталады. Бұл жанармай сапасына қатысты дау немесе шағым туындаған жағдайда қайта сараптама жүргізуге мүмкіндік береді.
Осылайша, Павлодар мұнай-химия зауытынан алынған үлгілерден сапаға қатысты талап бұзушылық анықталмаған.
Алайда кейінгі уақытта көлік иелерінің АИ-95 және АИ-98 бензиніне не себепті жаппай шағымдана бастағаны әзірге белгісіз. Бұл мәселенің нақты себебі әлі анықталған жоқ.
Қазақ тілін қорлаған бұрынғы Ресей азаматы 15 күнге қамалды
