"Ордабасымен" өткен ойыннан кейін "Ақтөбе" футбол клубы 2 миллион теңгеден астам айыппұл төлейді
Қазақстан футбол федерациясы "Ақтөбе" мен "Ордабасы" арасындағы ойында болған тәртіп бұзушылықтарға байланысты екі клубқа да айыппұл салды. Ақтөбелік команда 2 миллион теңгеден астам қаржы төлеуге міндеттелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және этика комитеті Премьер-лиганың 23-турында өткен "Ақтөбе" мен "Ордабасы" арасындағы матчқа қатысты шешім шығарды. Оған ойын кезіндегі қауіпсіздік талаптарының бұзылуы, жанкүйерлердің әрекеті және клуб өкілдерінің тәртібі себеп болған.
Федерация мәліметінше, "Ақтөбе" клубы матчты тиісті деңгейде ұйымдастырмаған және ойынның ресми өкілдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген. Бұдан бөлек, клуб директоры Б. Түзелбаевтың төрешілердің киім ауыстыратын бөлмесіне рұқсатсыз кіргені анықталған. Осы әрекеті үшін клубқа 300 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1 миллион 297 мың 500 теңге айыппұл салынды.
Жанкүйерлердің әрекеті де назардан тыс қалмаған. Федерацияның хабарлауынша, ақтөбелік жанкүйерлер матчтың ресми өкілдеріне бейәдеп сөздер айтып, қарсылас командаға тіл тигізген. Осы үшін клуб тағы 865 мың теңге айыппұл төлейді. Осылайша, "Ақтөбе" футбол клубына салынған айыппұлдың жалпы сомасы 2 миллион 162 мың 500 теңгеге дейін жетті.
Сонымен қатар команданың бас бапкері Игорь Черевченко да жазадан құтылмады. Федерация оның беделге нұқсан келтіретін мәлімдемелері үшін 216 мың 250 теңге айыппұл салған.
Ал "Ордабасы" клубы матчтың басталуын кешіктіргені үшін жауапқа тартылды. Шымкенттік футболшылар киім ауыстыратын бөлмеден кеш шыққандықтан, ойын үш минутқа кеш басталған. Осыған байланысты клуб 259 мың 500 теңге төлеуге міндеттелді.
Барлық айыппұл 20 қарашаға дейін төленуі керек.
Айта кетейік, бұған дейін осы матчтағы жанкүйерлердің әрекеті Қазақстан мен Өзбекстанда қызу талқыланған еді. Әлеуметтік желіде "Ақтөбенің" кәмелетке толмаған бір топ жанкүйер қызы "NO SHYMSIDE, NO TEXAS FANS!" деген жазуы және Өзбекстан туына ұқсас бейнесі бар плакат ұстап тұрған видео тараған. Матчтан кейін кейбір жанкүйерлердің "Өзбектер!" деп айқайлағаны да хабарланған.
Осы оқиғаға байланысты полиция қыздардың кім екенін анықтап, ата-аналарының қатысуымен профилактикалық әңгіме жүргізген. Ал ата-аналары бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Кейін "Ақтөбе" футбол клубы айыппұл салынған алты қыздың шығынын өтейтінін мәлімдеді. Клуб өкілдері кемсітушіліктің кез келген түріне қарсы екенін, алайда қыздарды қолдаусыз қалдырмайтынын жеткізген.
Марқұмның бөлмесіне дән шашып, айнаны неге жабады? Қазақтың жерлеу рәсімдеріндегі ырымдардың мәні қандай
