"Ақтөбе" клубы дау туғызған плакат ұстап шыққан жанкүйер қыздардың айыппұлын төлеп бермек
"Ақтөбе" футбол клубы шымкенттік "Ордабасымен" өткен ойында жұрт наразылығын тудырған плакат көтерген жанкүйер қыздардың айыппұлын төлеп беретінін мәлімдеді. Клубтың хабарлауынша, алты қыздың шығыны толық өтеледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Клуб бұл шешімін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған.
“Ақтөбе” футбол клубы үшін әр жанкүйердің орны бөлек. Айыппұл алған алты аруымыздың да шығынын “Ақтөбе” футбол клубы толықтай өтеп береді"- деген хабарламада.
Сондай-ақ клуб қыздардың қателігін түсінгенін, алдағы уақытта команданы ереже сақтап қолдауға уәде бергенін жеткізді.
"Ақтөбе" клубы өзге жанкүйерлерді де стадионда әдеп сақтауға, бір-бірін құрметтеп, команданың абыройына нұқсан келтірмеуге шақырды. Сондай-ақ жекелеген адамдардың әрекеті клубтың ұстанымын білдірмейтінін атап өтті.

Еске салайық, 17 қазанда Ақтөбедегі орталық стадионда өткен кездесуде алаң иелері "Ордабасыдан" 1:3 есебімен жеңілді. Ойын кезінде трибунадағы екі қыз Өзбекстан туы бейнеленген, қорлайтын сөздер жазылған плакат көтерген. Кейін кәмелетке толмаған қыздардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Қазақстандық мұғалімдер жұмыстан тыс уақытта түнгі рейдке шығуға әлі де мәжбүр екенін айтты: Оқу-ағарту министрлігі не дейді