Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақтөбе" мен "Ордабасы" матчында плакат ұстаған қыздар полицияға жеткізілді

плакат
Фото: Әлеуметтік желіден

Қазақстан Премьер-лигасының кезекті Ақтөбе мен Ордабасы арасындағы матчта плакат ұстаған қыздар жұрттың назарын аударды. Олар плакатқа “No Shymside”, “No Texas Fans” жазып, қасына Өзбекстан туын қойып қойған еді. Осы жағдайдан кейін әлеуметтік желіге көптеген наразылықтар пайда болды. Алайда Ақтөбе облыстық полиция департаменті оларға шара қолданғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Департаменттің Instagram-дағы ресми парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, полиция әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында кәмелетке толмаған қыздардың "Ақтөбе" мен "Ордабасы" командалары арасындағы футбол матчы кезінде жағымсыз мазмұндағы плакат көрсеткенін анықтады.

“Тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандардың жеке басын анықтады. Ата-аналарының қатысуымен олармен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандар өз іс-әрекеттерінің жол берілмейтінін түсінді," - деп атап өтті Ақтөбе облыстық полиция департаменті.

Полиция ата-аналарды бала тәрбиесіне ерекше назар аударуға, оларға қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау ережелерін және заңсыз әрекеттер үшін жауапкершілікті түсіндіруге шақырды.

 

Айта кетейік, Қазақстан Премьер-лигасының 23-тур аясында “Ақтөбе” футбол клубы шымкенттік “Ордабасыны” өз алаңында қабылдаған болатын. Ойын нәтижесінде 1:3 есеп айырмасымен шымкенттіктер жеңіске жеткен еді.

Еске сала кетейік, Семей соты "Елімай" – "Ордабасы" футбол матчының бас төрешісі Арман Исмұратовты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін бес тәулікке қамауға алды.

Ислам Әден
Дүйсенбі, 19 Қазан, 2026 19:00