Футбол матчы кезінде балағат сөз айтқан қазақстандық төреші 5 тәулікке қамалды

Семей соты "Елімай" – "Ордабасы" футбол матчының бас төрешісі Арман Исмұратовты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін бес тәулікке қамауға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпаратты агенттігі хабарлайды.
Сот мәліметінше, 14 маусым күні Семей қаласындағы "Спартак" стадионында өткен матч кезінде төреші мен "Елімай" командасының бапкері Андрей Карпович арасында жанжал шыққан. Исмұратов қоғамдық орында, басқа азаматтардың көзінше жаттықтырушыға балағат сөздер айтып, әдепсіз қимылдар көрсеткен.
Айыпталушының кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама, жәбірленушінің және куәлардың айғақтары, оқиға сәтінің бейнежазбасы, полиция қызметкерінің рапорты және іс материалдарындағы өзге де құжаттармен дәлелденді.
Жазаны тағайындау кезінде сот жасалған құқықбұзушылықтың сипатын, сондай-ақ құқықбұзушының жеке басына қатысты деректерді ескерді. Сот күдікті Исмұратовтың соңғы бір жыл ішінде әкімшілік жауапкершілікке бірнеше рет тартылғанымен, тиісті қорытынды шығармағанын және қайтадан қасақана құқықбұзушылық жасағанын анықтаған.
"Оқиғаның қайталанбауының алдын алу мақсатында және футбол матчында орын алған жағдайға байланысты туындаған қоғамдық резонансты ескере отырып, сот азамат И-ге 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамау түріндегі жаза тағайындады", – делінген сот хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан премьер-лигасындағы “Елімай” – “Ордабасы” матчынан кейін төрешілікке қатысты дау туғаны туралы жазған едік. Семейлік клубтың бас бапкері Андрей Карпович пен команда ойыншылары бас төреші Арман Исмұратов өздеріне былапыт сөз айтып, қоқан-лоқы көрсеткенін мәлімдеді.
"Трендті ұстап тұрған әже": Желіде немересімен видео түсірген 86 жастағы кейуана қазақстандықтарды сүйсіндірді
Оқыңыз