Енді әлеуметтік желіде балағат сөз жазғандар жазаланады: Үкімет заң жобасын әзірледі

Қазақстанда балағат сөздерге қатысты жауапкершілікті тек қоғамдық орындарда ғана емес, сонымен қатар интернетте де қатаңдату жоспарлануда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов азаматтардың сөйлеу мәдениеті мен мінез-құлық этикасына қатысты депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.
Олжас Бектенов Қазақстанда сөйлеу мәдениеті мен этикалық мінез-құлықты күшейтуге қатысты бастамаларға пікір білдірді. Премьер-министр депутаттық сауалға берген жауабында көпшілік іс-шараларда балағат сөз қолдану мәселесін, интернеттегі былапыт сөздер үшін жауапкершілікті, сондай-ақ коучинг саласын реттеу мәселелерін де қозғады.
Премьер-министр қазір қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандар ұсақ бұзақылық бабы бойынша жазаланатынын еске салды.
"Қоғамдық орындарда балағат сөздер айту, жеке тұлғаларға қорлайтындай түрде тиісу және айналадағы адамдарға құрметсіздік білдіретін, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын өзге де осындай әрекеттер ұсақ бұзақылық ретінде қарастырылады және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады", – делінген Бектеновтың жауабында.
Мұндай әрекеттер үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылған.
Сонымен қатар үкімет бұл жауапкершілікті онлайн кеңістікке де кеңейтуді жсопарлап отыр. Премьер-министрдің айтуынша, онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу жөнінде заң жобасы әзірленген.
"Заң жобасы онлайн-платформаларда балағат сөз қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеуді көздейді", – деді Бектенов.
Құжатты маусым айында парламентке енгізу жоспарланған.
ОқыңызСонымен қатар Бектенов көпшілік алдында өтетін тренингтер, семинарлар мен лекциялар тақырыбына жеке тоқталды. Мұндай іс-шараларда жиі агрессивті немесе этикаға сай келмейтін сөздер кездесетінін атап өтілген. Ол 2025 жылғы желтоқсаннан бастап елде коучтерге арналған кәсіби стандарт енгізілгенін еске салды. Бұл стандарт мамандардың біліктілігі мен этикалық қағидаттарына қойылатын талаптарды белгілейді.
Атап айтқанда, кәсіби коучтер жоғары білімі болуы және біліктілігін растайтын сертификаттарға, соның ішінде халықаралық ICF және ACU сертификаттарына ие болуы тиіс. Сондай-ақ біліктілікті сақтау үшін тұрақты түрде білімін жетілдіріп отыру талап етіледі.
"Коучтер әдеп кодексін сақтауға және адалдық, теңдік пен кемсітпеу қағидаттарына сәйкес қызмет көрсетуге жеке жауапты", – делінген премьер-министр жауабында.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда боқтау сөз айтқызатын әйелдер семинарының ұйымдастырушысына айыппұл салынғаны туралы жазған едік.
Қазақстандық түрмелерде енді сотталғандар отбасымен видеотаксофон арқылы сөйлесе алады
Оқыңыз