Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда балағат сөз айтқан жасөспірімдерге 86 500 теңгеге дейін айыппұл салынады

Теңге
Фото: Stan.kz

Қазақстанда жасөспірімдерге балағат сөздер айтқаны үшін 86 500 теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Заңгер Бауыржан Азановтың айтуынша, елімізде балағат сөздер айтқаны үшін баланың жасына байланысты жасөспірімдердің өздеріне де, олардың ата-аналарына да айыппұл салынуы мүмкін. Заңгер бала балағат сөз айтқан немесе ұсақ бұзақылық жасаған жағдайда айыппұлды кім төлейтінін түсіндірді.

Егер баланың жасы 14 пен 16 аралығында болса, оның әрекеті үшін ата-анасы жауап береді. Балағат сөздер айтқаны және басқа да ұсақ бұзақылықтар жасағаны үшін оларға 30 275 теңге мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.

16 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер өз әрекеттері үшін өздері жауап береді. Қоғамдық орында балағат сөз айтқаны және қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін оларға 86 500 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Егер баланың жасы 14-тен кіші болса, ұсақ бұзақылық жүйелі түрде қайталанған жағдайда жауапкершілік ата-анасына жүктеледі. Бұл жағдайда айыппұл мөлшері 43 250 теңгені құрайды.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда балағат сөз айтқызатын әйелдер семинарының ұйымдастырушысына айыппұл салынғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 25 Мамыр, 2026 19:13