Балағат сөздер айтып, клубты талқандаймын деп қорқытқан: Қазақстан Премьер-лигасының төрешісіне қатысты дау полицияға дейін жетті (видео)

Қазақстан Премьер-лигасындағы “Елімай” – “Ордабасы” матчынан кейін төрешілікке қатысты дау туды. Семейлік клубтың бас бапкері Андрей Карпович пен команда ойыншылары бас төреші Арман Есмұратов өздеріне былапыт сөз айтып, қоқан-лоқы көрсеткенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
14 маусым күні Шымкенттің “Ордабасы” футбол клубы семейлік “Елімайды” 3:1 есебімен жеңді. Кездесу Семейдегі “Спартак” стадионында өтіп, алаң иелерінің жеңілісімен аяқталды.
Алайда матчтан кейін төрешілікке қатысты дау туды. Кейін желіде алаңда түсірілген видео тарады. Кадрдан жанкүйерлердің төрешіге қоқыс лақтырғанын көруге болады. Осыдан кейін төреші ішке кіріп ашумен орынсыз әрекет жасағанын көруге болады.
“Елімайдың” бас бапкері Андрей Карпович ойыннан кейін бас төреші Арман Есмұратовтың әрекетіне қатысты пікір білдіріп, матч барысында қабылданған көп шешімдермен келіспейтінін айтты.
“Бұл матчтағы басты тұлға – бас төрешінің өзі. Осы уақытқа дейін футболда жүріп, төрешінің бапкерлер мен ойыншыларға мұндай қарым-қатынас танытқанын көрген емеспін. Бас төреші Есмұратов былапыт сөз айтып, ашық түрде балағаттады. Мұны көрген де, естіген де адамдар бар. Оны төреші алаңнан қуып жіберген Әли Пайруз да растай алады”, – деді бапкер.
Бапкердің сөзінше, төреші тіпті жанкүйерлерге де балағат сөз айтқан.
“Біз артық ештеңе айтқан жоқпыз. Тек: ”Жанкүйерлердің не айтып жатқанын естіп тұрсыз ба?” деп сұрадық. Бүгін ол біздің облысты, стадионға келіп, командаға жанкүйер болғандарды балағат сөзбен қорлады. Оған қоса, чемпионаттың қалған бөлігінде “Елімайды” қыспаққа алатынын айтты. Сонымен қатар жеке кездескен жерде менімен “мәселені басқаша шешетінін” жеткізді. Бас төрешінің әңгімесінің мәні осындай болғанын түсінсеңіздер екен деймін. Бұл – барып тұрған сорақылық. Егер ол менімен “мәселені басқаша шешкісі” келсе, кез келген уақытта дайынмын. Бірақ ақыры өзі ұятқа қалуы мүмкін”, – деді бапкер.
Карповичтің айтуынша, бұл – футболда болмауға тиіс өрескел жағдай.
“Ол тағы да чемпионаттың қалған жарты жылында “Елімайды” қыспаққа алатынын айтты. Мұны бәрі біліп жүргенін қалаймын. Тиісті органдар бұған назар аударады деп үміттенемін. Мұндай адамдар еліміздің абыройына, спортымыздың беделіне нұқсан келтіреді”, – деді ол.
Басылым мәліметінше, бапкердің сөзін "Елімай" командасының жартылай қорғаушысы Жан Әли Пайруз да растаған.
“Футболшылар киім ауыстыратын бөлмеде аң-таң болып отыр. Төрешінің неге өзін олай ұстағанын түсіне алмай отырмыз. Мұны қалай түсіндіретінімді де білмеймін. Шынымды айтсам, қатты таңғалдым. 26 жыл өмірімде, оның 20 жылын футболға арнадым, бірақ бірде-бір төрешінің осындай әрекетке барғанын көрген емеспін. Ойын барысында Хрвое Илич сары қағаз алған сәтте төреші оған ағылшын тілінде: “Shut the f...ck up!” деп айтты. Бүгін оның төрелігіне баға бергім келмейді. Бірақ тағы да қайталаймын: футболдағы 20 жылдық тәжірибемде төрешінің ойыншыларды, матчтан кейін бас бапкерді балағаттап, карточкаларды оңды-солды, негізсіз таратып жүргенін алғаш рет көріп отырмын”, – деді футболшы Жан Әли Пайруз.
Әзірге Қазақстан футбол федерациясы бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасап, пікір білдірген жоқ.
Жанкүйерлер облыс әкіміне арызданды
Қазақстан футбол федерациясы әзірге пікір білдірмеді. Десе де жанкүйерлер мұны жайдан жай қалдыруды жөн көрмеген сияқты. “Елімай” футбол клубының жанкүйерлері төреші Арман Исмұратовтың орынсыз әрекетке жол бергенін айтып, Абай облысының әкімі Берік Уәлиге ашық үндеу жолдады.
Олар бас төрешінің бірқатар шешімі наразылық туғызғанын айтты. Матч бойы трибуналар Арман Исмұратов қабылдаған бірнеше шешіммен келіспейтінін ашық айтқан.
“Ойын аяқталған соң әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде төрешінің клуб өкілдеріне қатысты әдепке сай келмейтін сөздер айтып, қоқан-лоқы көрсеткені туралы ақпарат тарады. Бұл дерек расталған жағдайда, мұндай әрекет назардан тыс қалмауға тиіс”, – дейді олар.
Бұдан бөлек, үндеуде төреші Арман Исмұратовтың жанкүйерлерге былапыт сөздер қолданғаны айтылған.
“Біз үшін “Елімай” жай ғана футбол клубы емес. Бұл Абай облысының маңызды әлеуметтік жобасы, өңіріміздің символы. Клуб облыстың ондаған мың тұрғынын, балаларды, жастарды, спорт ардагерлерін және футболды шын сүйетін жандарды біріктіреді”, – делінген үндеуде.
Осыған байланысты жанкүйерлер Абай облысының әкімі Берік Уәлиден жағдайды жеке бақылауына алып, төрешілердің әрекетіне дұрыс баға беруді сұрады.
“Жанкүйерлер әділ футболды, барлық клубқа тең көзқарасты және отандық спорттың дамуына күш-жігері мен қаражатын салып жүрген адамдарға құрмет көрсетілуін қалайды. Біз “Елімай” клубына ерекше артықшылық беруді сұрамаймыз. Біз тек бір нәрсені қалаймыз – әділдік”, – деп жазды жанкүйерлер.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық 16 футбол клубы төрешілердің әділетсіздігіне шағым білдіріп, үндеу жасаған еді. Мәлімдемеде олар ұлттық чемпионаттағы төрешілерге сенім жоғалғанын айтқан. Оған қоса Төрешілік және инспекция департаментінің басшысы Нуну Каштруды қызметінен босатуды сұраған. Десе де бұл жағдайда да Қазақстан футбол федерациясы үнсіз қалған.
Қазақстандық түрмелерде сотталғандар енді отбасымен видеотаксофон арқылы сөйлесе алады
Оқыңыз