Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық 16 футбол клубы төрешілердің әділетсіздігіне шағым білдіріп, үндеу жасады

үндеу
Фото: Canva, футболшылар үндеуі

Премьер-лига мен бірінші лига клубтары Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровқа үндеу жолдады. Мәлімдемеде олар ұлттық чемпионаттағы төрешілерге сенім жоғалғанын айтқан. Оған қоса Төрешілік және инспекция департаментінің басшысы Нуну Каштруды қызметінен босатуды сұраған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Үндеу авторлары маусым бойы төрешілердің жиі қателік жібергенін айтқан. Олардың пікірінше, бұл қателіктер матч нәтижесіне, командалардың турнирлік кестедегі орнына және спорттағы әділ шешімге тікелей әсер етеді.

“Мәселе жекелеген даулы эпизодтарда ғана кездеспейді. Қазір төрешілерге деген сенім жоғалып барады”, – делінген үндеуде.

Үндеудегі мәліметке сәйкес, Нуну Каштрудың басшылыққа келуі алғашында төрешілік жүйесін жақсартуға бағытталған өзгеріс ретінде бағаланған. Клубтар Каштру төрешілік жүйеде тәртіп орнатып, жұмысты ашық жүргізіп, төрешілердің деңгейін көтереді деп күткен. Алайда олардың пікірінше, жағдай жақсарудың орнына кей тұстарда тіпті нашарлап кеткен.

Үндеуде клубтар мына мәселелерді ашып көрсеткен: 

  • төрешілердің жұмысы ашық әрі түсінікті бағаланбайтыны;
  • ойын нәтижесіне ықпал еткен қателіктерге тиісті баға берілмейтіні;
  • клубтар мен төрешілер арасында байланыс жоғы;
  • соның салдарынан төрешілерге сенім жоғалып бара жатқаны айтылған.

Үндеуде бес талап көрсетілген. Олар Нуну Каштрудың отставкасынан бөлек:

  • төрешілер корпусына тәуелсіз тексеріс жүргізуді;
  • арбитрлерді тағайындау мен олардың жұмысын бағалау процесін ашық етуді;
  • даулы эпизодтарды жария түрде талқылайтын әрі жауапкершілік қарастырылған жүйе енгізуді;
  • чемпионат қатысушылары ретінде клубтармен сындарлы диалог орнатуды ұсынды.

Құжатқа премьер-лига мен бірінші лигадағы бірқатар клуб өкілдері қол қойған. Олардың қатарында Астана, Атырау, Алтай, Елімай, Жетісу, Жеңіс, Каспий, Қайсар, Қызылжар, Ордабасы, Тобыл, Ұлытау, Тұран, Тараз және басқа клубтар бар. Ал Қайрат, Ақтөбе мен Оқжетпес клубтары үндеуге қол қойғандар қатарында жоқ. 

Үндеу авторлары бұл жағдайды елдегі футболды дамыту мәселесімен де байланыстырды. Олар биыл мемлекет клубтарды коммерцияландыруға және жаңа стадиондар салуға ерекше көңіл бөліп отырғанын айтты. Алайда төрешілік мәселесі шешілмесе, бұл  қазақстандық футболдың беделіне кері әсер ететінін жеткізді. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 13 Мамыр, 2026 14:29